Қаршыға дегенде елең етпейтін қазақ сірә, жоқ шығар. Иә, Қаршыға десе Құрманғазы, Дина бастаған дүлдүл күйшілер тізбектеліп көз алдыңда өтіп жатқандай болады.
Өйткені, Қаршыға өткен ғасырдың қазаққа берген баға жетпес сыйы, өнер иесі, киелісі еді ғой. Бала кезімізде еліне қадірлі, өнегелі ісімен өзгені де, өзін де сыйлай да, сыйлата да білетін азамат өмірден өткенде “Маңдайымызға сыймай кетті ғой” деуші еді қариялар. Осы теңеу Қаршығаға тән.
Қаршыға өмірден өтерден бұрын елге келгенде кездестік. Қасында жүріп, біраз әңгімелестік. Сол жүздесулерде жазушы-киногер Латифолла Қапашев екеуміз Батыс Қазақстан облысының бұрынғы Жаңақала, Фурманов, Казталов, Ақжайық аудандарының елді мекендерін аралап, сол жақта Құрманғазының бәйбішесі Әуес анамыздың зираты жатқан Көктерек елді мекеніне барғанымызды, Құрманғазы, Дина, Аманғали, Ерғали жүрген жерлерді көргенімізді, сол жақтан күйші Жаңбырбай туралы естіп-білгенімді оған айтқан болатынмын. “Иә, Латифолла Қапашев маған бәрін де айтты” деп елең ете түскен ол енді сол жөнінде білуге құштарлық білдірген еді.
Ақжайық ауданы, Есенсай елді мекенінде Аманғалимен қуғында бірге болған әйелі Мұқсинаның жақын апасы, Балқан апайдың баласы Ғилыммен кездесіп, апайдың зиратын суретке түсіріп алғанымды айттым. Мұқсина апамыздың 1938-40 жылдардағы түскен фотосуреті және Балқан апайдың 1957-60 жылдар шамасындағы түскен, кейіннен екеуінің біріктіріліп үлкейтілген суретін Ғилым үйінен тауып алғанымызды жеткіздім.
Сол ауылдың әкімі Әбухан Молдабаевтың да көмегі мол болды. Осы жолы Жаңақала ауданының бұрынғы Жаңаталап совхозында Дина Нүрпейісованың Бақтылы деген қызынан туған Ұлмекен апаймен кездесіп (1924 жылы туған), әңгімелестік. Кіші қызы Нұрғанымның қолында тұрады екен. Жаңбырбайдың “Қоштасу” деген күйін диктофонға жазып алған едік. Соны Қаршыға екі көзін жұмып алып, бар ынтасымен тыңдады.
– Бұл күйді орындап, бізге жеткізіп отырған кім? – деді сосын. Күйді орындаушы Исатай ауданындағы “Саз” мектебінің директоры Сырым Бердібеков екенін айттым.
Біз тыңдатқан күйге риза болғаны сонша, “Мына күйді орындап отырған күйші дұрыс күйші, мен неғып бұрын естіп-білмегенмін” деп өкінішін білдірген ол іле ойын жалғап, реті келсе, осы кісіні алдырып, тағы бір тарттырып қарасақ” деді. Қолма-қол Сырымға телефон шалып, Қаршығаның көргісі келетінін айтып, тездетіп келуін сұрадық. Сырым келгенде, ол балаша қуанды. Күйді кімнен, қашан үйренгенін сұрап жатты. “Күйдің саға жағында, сосын аяқталар жағында мұңды саздар жетіспей тұрғандай, – деді. – Бірақ нотаға түсірерде Кәрима екеуіміз сол жетпестігін табамыз деп ойлаймыз” – деп тағы да қосып қойды. Ал, Сырым болса 1974 жылы 10-сыныпты бітірген кезде “Забурын” совхозында жылқы баққан Құрман Ілиясов деген кісіден үйренгенін айтты.
Қаршығаның өнерге деген қызығушылығы қайран қалдырған. “Мыңтөбеге машина тап, күйдің дүниеге келген жерін көрейік. Күй өздігінен тумайды, оны қасіреті мол озбырлық пен өшпенділік, жетімдік пен жоқтықтың алмасуынан туатын әсерлер ғана туғызады. Ол жерде ел бар ма екен? Сол жерге барып, бір аунап қайтайық” деді. Күн өте ыстық болатын, бәріміз үгіттеп, күзге қалдырдық.
– Күзде аман болса, Орда арқылы Құрманғазыға, Махамбетке дұға бағыштау ойым бар. Жолай Мыңтөбеге де соғатын болармын, – деп те қойды.
– Осы ауданда 500 кісілік, әлде 300 кісілік бола ма, домбыра оркестрін ұйымдастырыңдар. Мен күзде келіп, көмектесемін. Барымызды ардақтап, жоғымызға белгі тауып қоймасақ, кеш қаламыз – деген ол енді бір сәт туған жер құдіреті жайлы әңімелеп кеткен. – Талай жерді араладым, қанша елде болдым. Сол елдердің сахнасында қаншама күйлер тарттым, туған елім Қазақстанды танытуда домбырамен аянбай тер төктім. Әйтсе де, туған жердей, өз ауылыңдай жерұйық, ыстық жерді көрмедім. Күні кеше құрдастармен бірге жүрген кездерім ойыңа түсіп, көзіңе оттай басылады, – деп, әңгімесін жалғай түскен еді...
Бұл алты алаштың ардақтысы Қаршығаның елге келген соңғы сапары екенін білген жоқ едік сол кезде. Сөйтсек, бой жазып жүргені екен ғой.
Мұрат БЕКТЕНҰЛЫ.
Атырау облысы,
Исатай ауданы,
Тұщықұдық ауылы.