Халықаралық Абай клубы «Жидебай» жылнамасының тұсауын кесті
Абайға жүгіну – әрқашан жақсылықтың нышаны. Осыдан 10 жылдың арасында арда азамат, ақберен жазушы Роллан Сейсенбаевтың мұрындық болуымен сонау тұманды Альбионда ашылған халықаралық Абай клубы қалың қазақтың көңіліне сондай бір сүйініш сүйіншілеткені есімізде. Сол клубтың «АMANAT» журналы әлем әдебиетінің жоралғысындай етіп шығарып келе жатқан 200 томдық кітапханасы да жол ортасынан асыпты. Енді, міне, тағы бір тынысы кең, ойы биік жаңа жоба – «Жидебай» жылнамасы дүниеге келіп, халыққа өз сүрлеу-соқпағын тартты.
«Жидебай» да Абай атамыздың аманатына адалдықтан, Абай үлгісі мен хакімдік өсиеттерін жан-жақты жалғастыру ниетінен туындаған. Қасым ақын: «Қарайсың Қарауылдан Жидебайға, Бергендей күнде сәлем ұлы Абайға» десе дегендей-ақ, жылына бір рет шығып, қазақ әдебиетіндегі озық шығармаларды топтастыратын бұл альманах-жылнаманың «Жидебай» аталуынан да біраз сыр түюге болатындай. Кезінде асылтек Асқар Сүлейменов: «Жидебай деген қазақ әдебиетінің Меккесі ғой» деп баз-базында айтып қоюды ұнатады екен. Жаңа жылнаманың Жазушылар одағындағы тұсаукесерінде Одақ төрағасының бірінші орынбасары, айтулы ақын Ғалым Жайлыбай сол ойды жалғастырғандай: «Жидебай қазақ баласы үшін өте қасиетті жер, киелі мекен, қастерлі атау. Абай мен Шәкәрім туған, ұлылық бесігін тербеткен, тәу ететін рухани Меккеміз сияқты жер. Демек, мына жылнаманың «Жидебай» деп аталуы тегін емес. Мұндай жылнама шығуы қазақ халқының рухани, әдеби-мәдени өміріндегі өрелі оқиға. Ол екі жылдағы жарияға шыққан елеулі туындылардың басын қосуымен, қазақ оқырманына озық мәдениет үлгілерін жаңаша жеткізіп тұрған тосын жаңалық болуымен де құнды» дей келе, баршаны осындай көзайыммен құттықтап, басылымның өркениетке жақындығын баса айтты. Осы реттегі құрастырушы, ақын Әбубәкір Қайранның таланты мен талғамын салған еңбегін де атап өтті.
Жоба авторы Роллан Сейсенбаевтың сөзіне жүгінсек, «АMANAT»-тың жанынан таза қазақ тілінде, қоғамдық ойдың көрігінде шыңдалып шыныққан әдеби, саяси, пәлсафалық жылнама шығару көптен көкейінде жүрген арманы екен. Гетенің Веймары, Толстойдың Ясная Полянасы сияқты, Абайдың Жидебайы да әлемдік өнер мен руханияттың асыл мекені. Осылай деп мақтан тұтуымыз керек. Абай бабамыздың Жидебайы сонау ХІХ ғасырдан бері әлем ойшылдарының ойларын тоғыстырған құтты орда болғаны жалпы алаш жұртына кеңінен мәлім. Олай болса, қазақ рухының осындай құтты ұйығынан бастау алған жаңа да жас «Жидебайдың» ой әлемі, рухани биігі, мұрат-мақсат аясы, зерде парасаты алда айқындала түсеріне үміт те мол.
Қолымызда «Жидебайдың» бірінші кітабы. Оның әр тарап арнасы асыл сырларды, өлмес өнегені түзілдіргендей. Әр айдарда астарлы ойлар бар. Айталық, «Сарын» – VІІ ғасырдағы көк түріктің ұшқыр жебедей заулаған сыры, Күлтегіннің тасқа қашалған жыры. «Алаш» – ел дербестігін аңсаған аталар жолын пайымдаған толғамдарды ұсыныпты. «Арзу» мен «Тағзымда» қазақ әдебиетіндегі қимас тұлғалар Баубек Бұлқышев, Қасым Аманжолов, Төлеужан Ысмайылов, Артығали Ыбыраевтар орын алған.
Прозадан қазіргі кемел қаламгерлер Мұхтар Мағауин, Тұрысбек Сәукетай, поэзиядан Иран-Ғайып, Ұлықбек Есдәулет, Жәркен Бөдешұлы, Баянғали Әлімжанов сияқты жүйріктер көрініс тапқан. «Тұлғада» Абай, Олжас Сүлейменов (Олжекең жайындағы Мырзатай Жолдасбековтің «Елінің елшісі, ұлтының ұяты» атты тамаша эссе-мақаласы алғаш біздің «Егеменде» жарияланғанын айта кеткеніміз артық болмас), Иштван Қоңыр тұрпаттары бедерлене сұлбаланса, «Ой керуенде» Тұрсынжан Шапай, Амангелді Айталылар қазақ ойының бүгінгі бұлқынысын танытады. «Шығыстан» Омар Хайамның «Наурыз-намесін», «Батыстан» мадияр бауырымыз Шандор Петефидің жақында ғана келместің кемесіне мінген ұлы ақынымыз Қадыр Мырза-Әлі тәржімесіндегі отаншыл жырлары берілгенін де бір ұлағат тұмарындай қабылдадық. Сонымен бірге «Жидебай» жас ақын-жазушылар шығармашылығына көңіл бөлуді, оларды шетке қақпай, орын беруді ұмыт қалдырмапты.
«Жидебай» туралы кеңінен толғап айта келе, Роллан ағамыз қазіргі қазақ әдебиетінің хал-жайы, жазушылық қарыз бен парыз, әдебиетті өрге сүйрер қара нар іспеттес прозаның миссиясы, өмір шындығын шынайы көрсету, халықтың мұң-мұқтажынан алшақтамау сияқты азаматтық ойларын баян етті. Мыңбай Рәш, Әбубәкір Қайран, Бауыржан Жақып, Бауыржан Қарабек, Кәмила Құдабаева, Алмат Исаділ, Әбділдабек Салықбай, Жәркен Бөдеш сияқты танымал ақын-жазушылар жылнамаға жылы ілтипаттарын жасырмады.
«Жидебайдың» келесі кітабын жас дарындар құрастырмақ. Оның көлемі үлкейе түспек, айбыны кеңейе бермек, келешекте өзінің арнайы сыйлығын тағайындамақ. Атауы қасиетті басылым әдебиетіміздің алтын тәжіне айналуына, қадамы құтты болуына біз де тілектеспіз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.