• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2011

«Байрағын ұлттың басына шыңның байлаған»

1556 рет
көрсетілді

Осы күндері дарынды бала Жамбылдың есімі қалың елге белгілі бола бастады. Әкесі Дүйсен Алматы облысы, Жамбыл ауданында, шешесі Кәмшат Қарасазда туып-өсіпті. Анасы Мұқағалимен аталас екен. Бала Жамбыл – ата-анасының зары­ғып күткен, көп қиындықпен дүниеге кел­ген жалғыз перзенті. Екі жасынан әріп таниды, төрт жасынан өлең жазады. Жеті жасында Бауыржан Мо­мышұлының 100 жылдығына, Мұқа­ғали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған мүшәй­ралар­дың бас жүлделеріне ие болады. Жас құдіреттің жырларынан қарт Жамбылдың ұлы эпикалық сарынын, Мұқағалидың отаншылдық асқақ үнін естисіз. Жер дүниенің астаң-кестеңі шы­ғып, бұлқан-талқан болып жатқан заманда осы баланы Алланың қазаққа берген сыйы ма деп қаласың. Көзден, тілден аман болса, жас пері қазақтың сөзін ұс­тағалы тұрғандай, осы баламен бірге Жамбыл да, Мұқағали да, олардың рухы да туған еліне қайтып оралғандай кө­рінеді. Алланың құдіретіне шек бар ма! Алтын құрсақ аналар бұрын да талай даналарды туған ғой, Жамбыл бала – сол ұлылардың заңды жалғасы болғай. Ілгеріде Алатаудың баурайындағы ағайын­ды аралап Бөлтірік шешен келген екен. Бір жас бала: – Ассалаумағалейкум! – деп Бөл­ті­рік­ке сәлем беріпті. Бөлтіріктің қартайған, көзден қала бастаған кезі болса керек: – Уағалейкумассалам! Атың кім, шырағым? – депті. – Атым – Жамбыл! – депті. Бөлтірік баланың қолын ұзақ ұстап тұрып: – Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар, шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі боларсың түбі! – деген екен. Қазақта сәуегейлер көп болған ғой, жа­рықтық, қалай болжаған десеңізші. Айтса айтқандай, Жамбылдың даңқы күллі әлемге жетті. 1972 жылы Жамбылдың 125 жылдығына арнап Ғабит Мүсірепов ағамыз «Феномен-Феникс» деген мақала жазды. Сол мақаласында: – Жамбыл дүниеге 2 рет келген ақын: бірі – 9 ай 9 күн толғатып ана құрсағынан ту­ылды, екінші рет – жасы тоқсанға келгенде замана құрсағынан туды, – деген еді. Бала Жамбылдың Отан, Ұлт, Тіл, Рух туралы өлеңдерін тыңдап отырып, Жам­был мен Мұқағали қайта тірілді ме деп қаласың. Ноғайбай би: – Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады, – дейді екен. Осыны маған Кенен Әзірбаев жиі ай­тушы еді. Бірақ оған мән бермеуші едім. Рас сөз екен. Бала Жамбылдың құлағы өзі­нен қырық жыл бұрын туған сияқты. Жамбылға да, Мұқағалиға да өлең қонған ғой. «Өлең кірген түсіне жөргегінде мен болам» деуші емес пе еді қарт Жамбыл. – Өлең құлағыма ұйқасымен келіп сыбырлайды, – дегенді айтады бала Жамбыл. – Халықтың баласы болуға ты­ры­са­мын. Арманым – дана Жамбылдай болу, – дейді ол. Тілден, көзден, сұқтан, пәледен, жаладан сақтасын. Алла ғұмырын ұзақ қылып, бақытын биік қылсын! Арманына жетсін! Газет оқырмандарына жасы бүгін сегізге толып отырған Бала Жамбылдың бірнеше өлеңдерін ұсынамыз. Айтқандай, Қазақстан Республикасы Пре­зиденттік мәдениет орталығының кон­церт залында бүгін, 5 сәуірде кешкі сағат 19.00-де Жамбыл Дүйсеновтің «Тәуел­сіз­дігім – тәңірден келген тәтті сый» деп ата­латын жыр кеші өткізіледі. Келіңіздер, бірге болыңыздар, ағайындар!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

Өзім жайлы 2003-тің сәуірінде ашқан өмір есігін, Сарқытымын Жамбыл қарттың – Жамбыл менің есімім. Іште жатып ғашық болдым бабалардың жырына, Өлең-жырмен әлдиледі туған жерім –  бесігім.   Екі жаста әріп жаттап ата-анама жағыппын. Төрт жасымда алыс-жақын, жақсы-жаман таныппын. Алты жаста бір мен екі сыныпты, Жеті жаста сан жүлдені иеленіп алыппын.   Мектеп барып сыңғырлатып қоңырауды қаққанмын, Мектебімнің намысы үшін талай жұмыс атқардым. Есіміме лайық бір елдің жүгін арқалар, Ұлы болып, азаматтық борышымды ақтармын.   Деген сенім жетелейді мені алға ой-санам, Арманым көп алға қойған, асулар көп аңсаған, Мен халқымның қара нары қазақ үшін туғанмын, Елім, жерім, тілім үшін өлгенімше шаршаман.   Күресемін адалдық пен ақиқаттың  жолында, Мен тұлпардың тұяғымын шаң соңында. Қазағымның қазақ болып жер бетінде қалуы, Ұлт тізгінін ұстап жүрген ұлдарының қолында.   Рас солай, мен елімнің ертеңіне жауапты, Тәуелсіз ел тарландары болу керек талантты. Еркіндіктің қыраны – мен, елім үшін туғанмын. Жырлап өтем тал-жырыммен қайсар ұлтым қазақты.   Нұр атам Нұр атам менің намысын отқа қайраған, Күндіз де түнде халқының қамын ойлаған, Қазақтың атын танытып әлем жұртына, Байрағын ұлттың басына шыңның байлаған. Нұр атам менің, маңдайдан бағы таймаған.   Алладан тілеп атаң мен анаң жылаған, Райымбек бабам басына түнеп сұраған. Ұл едің, ата, ұлтыңның туған бағы үшін, Болсам да сәби сеземін бәрін, қуанам. Сен пәксің, ата, кіршіксіз жансың күнәдан.   Өмірің үлгі, білімде, спорт, өнерде Ұмтылып алға түспеді еңсең төменге. Өзімді – шыбық, ал сізді, ата, ұқсатам Ақылдың кені алып бір үлкен еменге, Өзіңді қосып өсиет еттім өлеңге.   Өлгенше жүрген Жамбыл бабамды жағалап, Қызыл жолбарыс Үшқоңырды кеткен аралап. Дейді ғой, ата, қолыңды сенің иіскепті, Басыңа қонған сол шығар, бәлкім, дара бақ, Иесін тапты іздеген барыс аралап.   Кемеңгер – атам, данышпан – атам, Нұр атам. Асқар тауымыз боп, аман да есен жүр, атам! Қазақтың бағын өзіңнен артық асырар, Болған да емес, болмайды ешкім – біл, атам. Қарт Жамбылдайын бір ғасыр өмір сүр, атам!   Бабамның атын өшірмей ізін жалғаған, Мен – бала Жамбыл жырымды Сізге арнаған. Тәуелсіздігім – тәңірден келген тәтті сый. Алаулап жансын, сөнбесін оты маздаған, Нұрлы жолыңыз мәңгілік болсын, Әз-бабам!   Нұрсұлтан атам, қазақтың тұңғыш Елбасы, Астана – жұмақ, ұлтымның ұлы ордасы. Мейірі түсіп, пейілі түсіп әрдайым, Алланың нұры, атаның рухы қорғасын! Алланың нұры, атаның рухы қолдасын!   Мен қазақпын Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген, Мақтанамын анам туған тіліммен. Дүниеге жар саламын айқайлап, Сәби жүрек, пәк періште үніммен.   Мен – қазақпын, ұлылардың көзімін, Абай, Мұхтар, Баукеңдердің сөзімін. Жеткіземін жауқазындай жырыммен, Жұбан, Мағжан, Сәкендердің сезімін.   Мен – қазақпын, мен – ұлтымның ұлымын, Мұқағали, Мұхтарлардың жырымын. Басқа жанға бас имейтін Тәңірден, Мен азатпын, бір Алланың құлымын.   Мен – қазақпын, жатты бауыр көремін. Қолда барды қонағыма беремін. Пенделікті пейіліме жеңдіріп, Ертеңіме еш алаңсыз сенемін.   Мен – қазақпын, алдаспандай өткірмін, Елім десем, келмес қарап тек тұрғым. Өкінемін өгейсітіп өз тілін, Өзге тілде шүлдірлесе көп құрбым.   Мен – қазақпын, шындық менің ұраным, Шындықты мен алашым деп ұғамын. Тілім, жерім, елім дейтін еңіреп, Ертең мен де ата жолын қуамын.   Қазақпын мен, пір тұтамын тілімді, Қара нар боп көтеремін жүгіңді. Қазағым деп қарс айырылған жүрегі, Бала Жамбыл – мен боламын бүгінгі!   Тілім – тағдырым Тілім менің – арманым, болашағым, Сені үйреніп, өмірге жол ашамын. Сен – анасың, біз – сенің ұрпағыңбыз, Кім ұмытар анасын, бала шағын.   Тілім менің – байлығым құны биік, Өлгенімше өтермін сені сүйіп. Ғұлама да, ақын да, ғалымдар да, Өз тіліне өтіпті басын иіп.   Тілім менің – тағдырым, жан дауысым, Кеудемдегі өрлігім, ар-намысым. Шыбын жанды қиямын өз жолыңа, Кіршік түспей сан ғасыр самғау үшін.   Тәуелсіздігім – тәңірден келген тәтті сый Жиырма жасқа толасың тәуелсіз елім, нұр елім, Кеудемде сен деп соғады бейкүнә сәби жүрегім. Гүлденіп, жайнап, көркейіп өссе деп жүрген өз елін, Мен, мен едім, мен едім, егемен елдің ұлы едім.   Мен, мен едім, мен едім, тәуелсіз елдің таңы едім. Кіршіксіз көңіл ақ қардай халқымның аппақ ары едім. Көмейден шығып көкке өрлеп, даламды кезіп жырлаған, Аталар салған, апалар салған ән едім.   Мен, мен едім, мен едім, бабалар ізін жалғаған, Халқымның бала қыраны көгінде еркін самғаған. Күндіз де түнде тәңірден тілерім менің бір тілек, Бейбіт күн болсын жерімде, болмасын соғыс, зар-заман.   Көк туым шалқып төрімде, елімнің бағы таймасын, Жас болып ару – Астанам, құлпырып күндей жайнасын. Тәуелсіздігім – тәтті сый тәңірден келген,ағайын, Бар қазағым бақыттың жиырмасыншы жылын тойласын.