• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Сәуір, 2011

«Алау» алаңындағы айшықтар

606 рет
көрсетілді

Астанадағы «Алау» коньки тебу стадионын ТМД елдерінде теңдесі жоқ, дүниежүзі бойынша саусақпен санарлықтай салынған спорт кешендерінің бірі деуге болады. Өйткені, ол алдыңғы қатар­лы технологияларды пайдалану ар­қылы бойына түрлі функ­ция­лық элементтерді біріктіре ал­ған алып кешен болып саналады. Спорт сарайының іргетасы 2007 жылғы қараша айында қа­лан­­ған болатын. Оның сәулет­ші­лері А.Лаптев пен А.Позников бол­са, жобаның бас мердігері түр­киялық «Sembol иншаат» ком­паниясы. Осы компания ке­шен­нің құрылысын сол кезден бастап, Қысқы Азиада қарса­ңын­да бітірді. Қазір кешенді ғимарат ортада орналасқан мұз айдынынан және оған біріктіріле салынған қосымша үш ғимараттан: қонақ үй, фитнес орталық және әкім­шілік бөлімнен тұрады. Жалпы, мұз айдынында өтетін шараларды бір кезде 7 620 көрер­мен көріп, қонақ үйде 100-ге жуық адам орналаса ала­ды. Ал фитнес орталықта түр­лі бағытта­ғы тренажерлар, йога мен пилатесса бөл­ме­сі, баскетбол мен гандбол ой­науға арнал­ған залдар, массаж, spa-салон, шаш­тараз, имитация­лық кабинет тағысын тағылар бар. Кешенде мейрамхана, кафе-барлар да жоқ емес. Онда сайыс кезінде бір кезде 400-ге шамалас адам та­мақтана алады. Сондай-ақ, спорт сарайы әкім­шілік кеңселерден, төреші алқасы залынан, баспасөз мәсли­хатын және басқа да түрлі мәжілістер өткізетін 103 орындық конгресс залдан, спортшылардың киім ауыс­тыруына арналған 160 орын­дық бөлмелерден тұрады. «Алау» коньки тебу стадионы­ның директоры Дархан Досма­ғам­­бетовтың айтуынша, оның жү­регі – 9500 шаршы метрлік мұз ай­ды­ны болып есептеледі. Онда­ғы жа­рыс жолы әлемдік талаптар­ға сай жа­са­лып, ұзындығы 400 метрді құрайды. Екі жол жарыс үшін, ал кө­гілдір түс­к­е боялған үшінші жол жат­тығу­ға арналған. Соны­мен бірге мұз құю үшін төрт са­ты­лы кезеңнен өткізіл­ген тазар­тыл­ған мөлдір су пайда­ла­ны­лады. Кешегі өткен Қысқы Ази­да­ға қа­тысқан спорт­шылар, тәуелсіз са­рап­шы ма­мандардың бағалауын­ша, спорт ке­шенінің салынуы мен ондағы мұз­дың деңгейі өте жо­ға­ры. Тіпті, бір­қатары «Алаудың» ай­дынын әлем­дік жабық мұз ай­дыны стадион­дары­мен тайталаса алады деген пікірлерін білдіріп кетті. Спорт сарайының құрал-жаб­дық­тарының бәрі соңғы технологиялармен жабдықталған. Мұнда су дайындау бойынша көптеген жыл­ғы тәжірибесі бар «Ewro­water» ком­паниясының құрылғы­лары ор­натылған. Ол біздегі су­дың сапа­сын ескере отырып, төрт сатылы тазартудан өткізеді. Со­ны­мен бірге стадион байланыс жүйесі және ақ­паратты тарату бо­йынша жақсы технологиялармен қамтамасыз етіл­ген. Соның ішінде секөнтіне 20 000 түсірілім жа­сайтын мәре құрылғы­сы бар. Ал мұз айдынының төрт бұрышын­дағы бейнекамера 360 гра­дусқа айналып, сандық үлгіде өте сапа­лы түсіре алады. Мұндай сапалы бейнекамера стадионның кон­гресс-залында да орналасқан. Ал енді спорт кешенінде ха­лық­тың спортпен айна­лысуы­на қандай мүмкіндіктер бар десек, спорт сарайы конькимен сырғанау, шорт-трек, лонг-трек, канадалық хоккей, керлинг және мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлерінен жарыс өт­кізу­ге арналғандықтан мұнда Азия ойындарынан кейін №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебімен бірлесіп, мәнерлеп сыр­ға­нау және коньки тебуден 5 пен 18 жас­тағы балалар мен жасөспірімдерге арналған үйір­ме­лер жұмыс істеуде. Мәнерлеп сырғанау бойынша аптаның алты күні сағат 10.00-нан 17.45-ке дейін, коньки тебуден аптаның бес күні сағат 10.30-дан 18.30-ға дейін жас ерекшелігіне және әртүрлі деңгейде мең­геруіне байланысты үйірмелер жұмыс істейді. Олардың бәрі тегін. Алдағы уақытта шорт-трек пен хоккей бойынша да үйір­ме­лердің жұмыс жасауы қарас­ты­рылуда. Сонымен бірге қара­па­йым халықтың коньки тебуі үшін конькидің жалға беру жағы да ойластырылып жатқан көрінеді. Сол сияқты фитнес орталықтағы тренажер залдарында кез-келген азамат арнайы жаттықтыру­шы­мен дене шынықтыра алады. Одан басқа әртүрлі би үйірмелері қызмет етіп, йога, каратэ, у-шу сияқты спорт түрлерімен айналы­суға да болады. Жалпы, «Алау» спорт сара­йы­ның кәсіп­қой спортшыларға да, сала­матты өмір салтын ұс­танушы азаматтардың бәріне де есігі ашық.