Аталмыш оқу орнының ректоры Айман Мұсақожаева Елбасының жуырда ғана Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басымдықтарын студенттер қауымына кеңінен түсіндіріп, негізгі басымдықтарды қайтадан ой елегінен өткізді. Биылғы Жолдаудағы негізгі алты басымдықтың бірі – адами капитал сапасын жақсарту екені белгілі. Мұнда, ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс екендігі айтылған. Осыған байланысты оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттігі көрсетілген. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша Үкіметке ұсыныстар әзірлеу қажеттігі баяндалған. «2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет» – делінген Жолдауда.
Айман Мұсақожаева осы мәселелерге қатысты өз көзқарасын төмендегіше білдірді:
– Елбасы Жолдауында үш тілді меңгеру туралы айтылған. Әрине, біз, ең алдымен, өз ана тілімізге басымдық беруіміз қажет. Ал, ағылшын тілін үйрену – қазіргі уақыттың талабы. Әсіресе, біз, шет елдерде өтетін байқауларға, фестивальдарға қатысып жатамыз. Сол елдердегі музыка мамандарымен қарым-қатынас жасау үшін, сұхбат беру үшін біз ағылшын тілін үйренуіміз керек. Қарапайым ғана бір мысал, көптеген байқаулардың жеңімпазы атанған небір талантты балалардың өзі ағылшын тілін білмегені себепті магистратураға да түсе алмай қалып жатады. Сол үшін біз бұл мәселеге жай қарамауымыз керек.
Келесі кезекте сөз алған Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, университеттегі Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры Мырзатай Жолдасбеков еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда жасалған Жолдаулар жайлы айта келіп, бұл жолғы құжаттың ерекшелігі – Үшінші жаңғыруды мақсат етуінде деді. Алдыңғы екі жаңғыруға да тоқталып өтті. Белгілі ғалым еліміздің бірінші жаңғыруы әлем картасында болмаған жаңа мемлекеттің құрылуымен байланысты деген Елбасы сөзін келтірді. Сондай-ақ, екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен, Астананың салынуымен басталғанын айтты. «Еліміз Үшінші жаңғыруға қадам басып отыр. Үшінші жаңғыру қалай іске асырылады. Конституцияға реформа жасау арқылы біз көп нәрсені өзгертеміз. Қарап отырсам, 1995 жылы Ата Заңымыз қабылданғалы бері осы уақытқа дейін оған 59 рет өзгеріс енгізілді. Осы жолы Конституцияға 18 өзгеріс енгізілмек. Сондай-ақ, Елбасы 40-қа жуық өкілеттігін өкілетті атқарушы органдарға бермек. Бұл арқылы оларға үлкен жауапкершілік жүктеледі» – деді М.Жолдасбеков.
Жалпы, университеттегі Жолдауды талқылауға арналған жиын өз деңгейінде өтті. Талқылау, пікір айтудан университет оқытушылары мен студенттер де сырт қалмады. Олар да Жолдаудағы нақты білім-ғылымға қатысты төртінші басымдықтың ерекшеліктері, мән-маңызы туралы өз ойларын ортаға салды.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»