– Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 25 жылында халықаралық аренада үлкен беделге ие болды және әлеуметтік-экономикалық салада маңызды табыстарға қол жеткізді.
Мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу тұрғысындағы бастамасын оң бағалаймын. Өйткені, бұл қадам елдің саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, бұл реформа индустрияландыру, технологиялық жаңғыру, ауыл шаруашылығын дамыту, білім және денсаулық сақтау бағыттарын жетілдіру мәселелерінде үлкен маңызға ие. Нақтылай айтқанда, аталған шешім Қазақстанның дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына жол ашады.
Маджед АБДЕЛАЗИЗ,
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттікті қайта бөлу жөніндегі Үндеуін алысты болжай білер тұлғаға тән тарихи шешім деп білемін. Президент өз елін дамыта түсу мақсатында билік өкілеттіктерін заман талабына сай қайта бөліп, демократия үрдістерін нығайтуды көздеп отыр.
Президент сыртқы саясат, қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік салаларын өз бақылауында ұстамақ. Сондай-ақ, Президент билік тармақтары арасында «жоғарғы арбитр» рөліне ие болады. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысының Ұлт көшбасшысы ретіндегі беделін одан сайын орнықтыра түседі.
Бұл реформа Парламенттің рөлін күшейтуге негізделген. Ол өзіне берілген заңдық мүмкіндіктер арқылы Үкіметті жасақтай алады. Сонымен бірге, Парламент атқарушы билікке сенімсіздік те көрсете алады.
Осы реформа бойынша мемлекеттік бағдарламаларды бекіту Үкіметке жүктеледі. Бұл өз кезегінде министрлердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өкілеттігін кеңейтіп әрі жауапкершілігін де күшейтеді.
Бұдан бөлек, елдегі бұл өзгерістер Конституциялық Кеңес, сот жүйесі мен прокуратура салаларын да жетілдіре түспек. Мұның барлығы елде «Ашық үкімет» жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қысқасы, бұл реформа Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігі мен рөлін арттырады. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатады. Ал бәсекеге қабілетті болу – елдің экономикалық дамуына тың серпін береді.
Датук Иосуф ХАШИМ,
«The Globalist» халықаралық қатынастар журналының бас редакторы (Малайзия)