• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2017

Сарапшылық ұйымдар сапалы қызметке баулиды

386 рет
көрсетілді

Аккредиттелген сараптама ұйымдарынан құралған «Сараптама ұйымдарының палатасы» кәсіптік бірлестігі өткен жылдың ақпан айында елдегі үш бірдей сараптама ұйымының негізінде құрылған. Бұл Қазақстандағы құрылыс объектілерін жобалау саласында мемлекеттік сараптама ұйымдарын қоспағанда, осы қызметті жүзеге асыратын үш адамнан кем емес заңды тұлғалармен құрылатын бірыңғай, коммерциялық емес, өздігінен реттелмелі ұйым ретінде тіркелген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруды мақсат еткен бірлестік бүгінгі таңда құрылыс объектілерін жобалау саласындағы сараптама қызметін нығайту мен оны дамытуды, құрылысқа арналған жобалардың ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізуді және серіктес ұйымдардың кәсіби дамуын арттыра отырып, институционалдық базаны қалыптастыруды көздейді. Сондықтан да «Сараптама ұйымдарының палатасы» кәсіптік бірлестігі  қызметінің ұйымдастырылуына Елбасы жариялаған Ұлт жоспарының 47-ші қадамы тікелей түрткі болғанын тілге тиек ете кеткен жөн. Яғни, сараптамалық қызметті бәсекелестік ортаға беру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында 2020 жылға дейін сараптама қызметінің 90 пайызын кезең-кезеңмен жеке нарыққа беру жоспарланған. Осы жоспардың орындалу барысын егжей-тегжейлі баян еткен елордадағы Палата жиынында бірлестіктің бір жылдық жұмысы қорытындыланып, ертеңгі күннің еншісіне тиесілі шаруалар пысықталды. Бүгінде алпысқа жуық сарапшылық кәсіпорынды қанатының астына алған «Сараптама ұйымдарының палатасы» кәсіптік бірлестігі елдегі жалпы нарықтың 39 пайызын құрап отыр. Негізінен, жоспар бойынша бұл көрсеткіш жеке компаниялар арқылы 50 пайызға тең түсуі тиіс еді. Республиканың әр өңірінен келген сарапшылық ұйым өкілдерінің алдында баяндама жасаған басқарма төрағасы Бірлік Ережепов ұйымның алғашқы жылы жалпы қызметті ұйымдастыру үдерісіне арналғанын айтып өтіп, біржылдық жұмысты қорытындылады. «Себебі, бірқатар кәсіпорындар мемлекет меншігінен шығып, бәсекелестік нарыққа шыққанымен, олардың көпшілігі сарапшылық қызметтің түп-төркінін түсініп, біле қоймады. Сондықтан да бұл жерде бизнес пен орасан мол кіріс көзінің жоқтығын дұрыс түсіндіре отырып, сарапшылық ұйымның басты мақсаты – жобаларды тексеру мен ғимараттардың және  құрылыс нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігіне баса көңіл бөлуімізге тура келді», – деді Б.Ережепов. Ал енді бүгінгі таңда Палата олардың нормативтік-құқықтық актілері жобаларын жасаумен қатар, мемлекеттік органдардың мүддесіне қызмет етеді. Сондай-ақ, мамандарды әдістемелік оқытумен де айналысады. Сонымен қатар, ұйымның кәсіби сарапшылары сан түрлі жобаларды жоғары деңгейде тексеруін үйлестіреді. Қызметке кіріскен алғашқы жылдың өзінде Палата құрамына 60 ұйым тіркеліп, оның ішінде 9 мекеме тізімнен шығарылған болса, оның екеуі сарапшылық кеңестің сапасыз шешімін тұрақты түрде шығарып келгені анықталған. Сондықтан да, олардың мәселесі ұйымның тәртіптік кеңесінде бірнеше рет қаралған. Солай бола тұра, кәсіпорын басшылығы жағдайға жіті көңіл бөлмеген. Осыған орай, Палата төралқасы оларды санаттан шығаруға шешім қабылдаған. Себебі, кәсіпорындағы бір ғана сарапшы бірнеше жобаға сарапшылық қызмет көрсеткен. «Бұл барып тұрған жөнсіздік. Өйткені, бұл компанияның бір маманы электрик, сәулетші, жобалаушы секілді бес бірдей кәсіптен жинақталған сарапшылық аттестатқа иелік еткен. Осы ретте жергілікті органдар тарапынан бір адамға бірнеше аттестаттың берілгендігін де жоққа шығаруға болмайды.  Мәселен, маман иесі кәсіби тұрғыда құрылымдаушы (конструктор) болса, ол сәулетші немесе жобалаушы мамандығының сарапшысы емес, бір ғана құрылыс саласының білікті сарапшысы болады емес пе?!. Міне, осындай мәселелердің мәнісін баяндап Тұрғын үй құрылысы коммуналдық шаруашылығы комитетіне мұндай кәсіпорынды аттестациясынан айырып, жұмысын тоқтатуды сұрап хат жаздық. Өйткені, аккредиттелген сарапшылық ұйым ретінде біз мұндай шағым айтуға құқылымыз. Оған қоса, осындай ұйымдардың қызметін бақылап, реттеп заңсыз жұмыс істейтіндердің жұмысын шектеуіміз қажет. Алайда, Құрылыс жөніндегі комитетке заң талаптарының бұзылғандығы жөнінде баяндағанымызбен, жүгенсіз кәсіпорында біріңғай порталдағы тізімнен шығарып тастамады әрі қызметін тоқтатпады. Сондықтан да енді Бас прокуратураға шағымдануға мәжбүрміз. Бұл мәселеде бізді «Атамекен» ҰКП қолдап отырғандығын ескере кеткеніміз жөн», – дейді басқарма төрағасы  Бірлік Бекмырзаұлы. Жалпы, сарапшылық ұйымдар құзыретін нарықтық бәсеке ортасына берудің заңнамалық талаптарында көптеген мәселелер бар екендігін байқауға болады. Мұндай түсінбеушіліктер мемлекеттік органдар арасында да жоқ емес. Мамандар пікірінше, әсіресе, сарапшылық ұйымдарды нарықтық бәсекеге беруде мемлекеттік органдардың немқұрайлы қарауы істің ілгерілеуіне кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді. Сондықтан да осы күнге дейін жоспарға сай ұйымдардың 50 пайызы жеке компаниялар арқылы нарыққа жіберілудің орнына, қазіргі күнгі көрсеткіш жоғарыда атап өткеніміздей 39 пайызды ғана құрап отыр. Негізінен, мемлекет сарапшылық ұйымдардың кәсіби нарығын құрудың жағдайын жасап беріп отырғанда, кәсіпорын, мекемелер мүмкіндікті сәтті пайдалануы қажет. Өйткені, Елбасының Бес институционалдық реформасында көрсетіліп, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жыл соңына дейін сарапшылық ұйымдардың 70 пайызы, 2018-19 жылдарда 80 пайызы және 2020 жылға қарай 90 пайызы жеке нарық арқылы бәсекелестік ортаға берілуі нақтыланған. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»