Алматыда Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің залында Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек пен Артық Тоқсанбаевтың ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына арналған шығармашылық кеші үлкен табыспен өтті. Қазақстанның халық әртісі Гауһар Мырзабекова жетекшілік ететін Қазақстан камератасы мемлекеттік камералық ансамблінің сүйемелдеуімен өткен концертте негізінен егемендік алған жылдары жазылған шығармалар орындалды.
Кештің беташары композитор А.Тоқсанбаевтың камералық оркестрге арналған «Қазақстан» күйімен ашылып, ішекті аспаптың майда қоңыр әуезі тыңдаушысын бірден елітіп әкетті. Оның үстіне атағы шетелге танымал, негізінен еуропалық классикалық дүниелер орындап, олардың қыр-сырын кәсіби деңгейде меңгерген ұжымның жоғары орындаушылық шеберлігі де шығарманы байыта өз тыңдаушысына жеткізіп отырды. Бұл – концерттің өн бойында орындалған барлық шығармаларға қатысты десек болғандай.
Бір ескерерлігі, кеште екі авторға да ортақ дүние – орындалған шығармалар Отан, ел, жер тақырыбына арналды. Оған А.Тоқсанбаевтың «Сергек», «Дала нақыштары», «Елім менің» атты кесек еңбектері, «Бозторғай», «Қарлығашым келдің бе?» әндері дәлел бола алады.
Концерттің екінші бөлімі Балнұр Қыдырбектің екпіні басым, тыңдаушысын желпінтіп отыратын «Ақтау сарынымен» ашылды. Қазақстан бойынша 94-інші авторлық кешін өткізген композитордың бүгінгі есебінің ерекшелігі – бұл концерттің тәуелсіздік тойына арналғандығы.
– «Ақтау сарыны» 1984 жылы жазылғанмен, – деді Балнұр Балғабекқызы, – тәуелсіздікті аңсаған кез еді. Бірде Маңғыстауға концертпен барғанымда, жергілікті тұрғындардан: «Шевченко қаласының тарихи атауы бар ма?» деп сұрадым. Бірі білсе, бірі білмеді. Сосын біреуі «Ақтау ғой» деді. «Қайран Ақтау, сенің атың ең болмаса шығармамда айтылсын» деп осы дүниені жазған едім. Кейін өз атын қайтарып алғанда, бәрі өз орнына келгендей.
Сондай-ақ автордың шығарма аттарынан белгілі болғандай, «Ғасырлар үндесуі», скрипка мен күйсандыққа арналған «Өрлеу» пьесалары қазақ елінің болашағына сенімділік ұялатқандай көріністі көз алдыңызға әкеледі. Әсіресе, автордың Мұрат Өскенбаевтың күйі тақырыбына жазылған «Өрен» шығармасының премьерасы биік деңгейде орындалып, күйдің құдіретін ішекті аспаптың мүмкіндігін пайдалана отырып, әдемі бере алған. Ақын Т.Молдағалиевтың сөздеріне жазылған «Сенбейсің», «Алматы туралы гимн», халық жауы ретінде атылып кеткен айтыскер ақын Бейсебай Қаратаевтың «Қош аман болына», «Қалқаман-Мамыр» операсынан Мамырдың ариясына да өнерсүйер қауым ықыласпен қол соқты. Ал «Той көбейсін» әнінің өз тарихы бар көрінеді. 1993-1994 жылдары ата-бабалардың атын жаңғыртып, ас-той беріле бастағанда бір әріптесінің «аштан өлейік деп жатқанда қазақтардың тойы бітпеді-ау» деген сөзіне ашуланып келе жатқанда алдынан шыққан көрнекті ақынымыз Сағи Жиенбаевқа: «Аға, қазақтың тойы бітпесін, дарқан даласында тек қуаныш болсын» деген мәтін жазып беруін өтінген екен. Бұл тақырып та ақын көңілінен шыққан болуы керек, көп кешікпей сөз де дайын болады.
Бүгінде қазақстандық композиторлардың еңбектерін дәріптеуге бет бұрып, бастама көтерген ұжым жетекшісі Г.Мырзабекова мәдениет пен өнер де елдің айнасы екенін, қазір қазақ тілін үйрену керек деп жатырмыз, меніңше, қазақтың музыкасы да – тіл, соған музыканттар да атсалысып, қазақ өнерін көрсетуіміз керек дей келе: «Бүгінгі екі автор да талантты композиторлар. А.Тоқсанбаевтың шығармаларында ойнақылық, әзіл бар, көңілді, тіпті кейбірінде джаз жанрының элементтері байқалады. Ал Балнұр музыкасы күрделігімен ерекшеленеді. Ол тұтас бір дүниеге бірнеше образдарды кіріктіреді, ең бастысы әуездері ұлттық сарынға жақын», – деді.
Концертте халықаралық байқаудың жүлдегерлері Болат Жомартов, Алфия Каримова (Ресей), Қуат Бағысбек, Тахауи Рахметов, Рақым Тоқсанбаев (флейта) қос автордың шығармаларын асқан шеберлікпен орындады.
Кеш соңында белгілі композитор Дүнгенбай Ботбаев екі автордың музыка тойы өткенін, сазгерлік салада аға буын бастаған эстафетаны жалғастырған ұрпақтың барына қуанғанын айта келіп, оларға шығармашылық шабыт тіледі.
Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Балдырған Байқадамова жүргізіп, музыка зерттеуші ретінде әр шығарманың тарихына тоқтала келе, өз ой-пікірін де білдіріп отырды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.