Жазушы-драматург, филолог-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлымен сұхбат барысында алаш арыстары, қазіргі драматургия төңірегінде әңгіме қозғаған едік.
– Жолтай аға, биыл – Алашорда мемлекетінің 100 жылдық мерейтойы. ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов бастаған «Алаш» партиясы және құрамында Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов социал-демократтар партиясы айналысында топтасты. Арада бір ғасыр өткенде Тұрар, Нәзір тәрізді арыстарымыз алаштықтардың тасасында қалып қойған тәрізді...
– Алаш қайраткерлерінің арманы қазақты озық елдердің қатарына қосу болатын. Ұлы идея өз деңгейінде жүзеге аспады. Оған Алаш көсемдері кінәлі емес. Осы ретте Алаш қайраткерлерін жан-жақты зерттей алдық па? Алашты тану деңгейін ұлттық идеологиямыздың ұстынына айналдыра алдық па? Жоқ. Алаш тарихының ақтаңдақтары әлі толық ашылған жоқ. Алаш идеясының бастау бұлағында тұрған Әлихан Бөкейхановтан бастап бітімі бөлек тұлғаларымызға деген «қыли» көзқарастан әлі арылып біткеніміз жоқ. Заманның екпінімен көзқарастары екіге жарылған азаматтарымыздың арасын бөліп-жаруға, тіпті ұмыттырып жіберуге ниеттенген көзқарастарды жиі байқаймын. Тұрар Рысқұловтың бағы бар екен. Тұрар бейнесін Шерхан Мұртаза көркем тілмен кестелеп шықты. Тұрар атақты Мұхамеджан Тынышпаевқа Түрксіб темір жолының жауапты учаскесін сеніп тапсырған. Әлихан Бөкейхановқа барып, ақылдасып отырған. Тұрар Рысқұлов Жаһанша Досмұхамедовпен бажа болған. Егер, зерттей берсек, зерделей берсек, ХХ ғасыр басында өмір сүрген қазақтың озық ойлы азаматтарының басын қосатын деректер көп.
– Өзіңіз де алаш арыстары төңірегінде қалам тербеп жүрсіз гой?
Алаш арыстары дейтін алыптар тобынан осы Н.Төреқұловтан басқа Сұлтанбек Қожанов, Сыдықбек Сапарбеков секілді айтулы қайраткерлер өмірін де түбегейлі зерттеп-зерделеген екенмін. Тарихи зерттеумен қабат әңгіме, пьесалар да қаламыма ілікті. Айталық, Нәзір туралы пьесам «Сана дерті» деп аталады, ол Түркістан драма театрында 10 жылдан бері сахналануда. С.Қожанов туралы «Сталинмен бетпе-бет» деген драма жаздым. Ал, айтулы қайраткер С.Сапарбеков пен ақиық ақын С.Сейфуллин арасындағы пікір таласына құрылған пьесамды Қарағанды театрында 2015 жылы қаңтар айында қойды.
Жалпы, Алаш арыстары тақырыбына соңғы 20 жыл бойына бойлап еніп, әуелі тарихи очерктер, эсселер, содан соң барып көркем шығармалар жазуға отырғанымды айта кетуге болады. Бұл сала – өте жауапты, өте күрделі тақырып. Оған атүсті, дайындықсыз, аяқ астынан бара салуға болмайды. Кейінгі жас буын сол жағын есте ұстаса деймін.
- Сіздің қазақтан шыққан алғашқы дипломат Нәзір Төреқұловтың тағдырына бей-жай қарай алмайтыныңызды білемін. Ол туралы еңбегіңізді кезінде көпшілік жылы қабылдады. Алдағы уақытта Нәзірдей азаматтың толыққанды бейнесі сіздің шығармаңызда орын алуы мүмкін бе?
– Оныңыз рас, Нәзір Төреқұлов секілді көп тіл білген, ғалым-журналист, жан-жақты білімді алаш арысының мағыналы ғұмыры менің шығармашылығымның бір қырына айналғалы қашан. Мен бұл қайраткердің өмірін, қызметін шамам жеткенше жан-жақты зерделедім, зерттеулер, басқа да көркем шығармалар жаздым. Алғашқы еңбегім 1996 жылы жеке кітап болып басылған-ды. Ол туралы кейінгі кезде жаңа, соны деректер де жарық көріп жатыр. Сондықтан бұл тақырыпқа алдағы уақытта да талай рет қалам тартармын деп ойлаймын...
– «Мұңмен алысқан адам» атты пьесаңыздың ағылшын тіліндегі нұсқасымен таныса отырып, алдағы уақытта жазылатын үлкен шығарманың дайындығы тәрізді әсерде болдым. Тақырыпты көлемді көркем шығарма деңгейінде жалғастыру ойыңызда бар ма?
– «Дайындықпен келгеніңіз байқалады» деп өзің айтып отырғандай, осындай ұлт басына түскен ауыр халді елдегі үлкен қариялардан, қасіретті жылдарды басынан кешкен адамдардың аузынан бала күнімнен естіп-білген едім. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қуғын-сүргін заманда кім қайда босып жан сақтамады? Бұл өзі, маңыз беріп қарасақ, өте ауыр трагедия. Ұлттың трагедиясы! Өз елінен, өз жерінен пана таба алмай, жат жұртқа жамырай көшу һәм ол жақта адам төзгісіз ауыр жағдайда тіршілік кешу – трагедия емей немене. Біз бұл тақырыпты, ашығын айту керек, әлі өз деңгейінде жазып, жан-жақты көрсете алмай келеміз. Бірлі-жарым қалам тартқандар болғанымен, осы оқиғаның ақ-қарасы әлі толық ашылған жоқ, ұлтты аса ауыр халге душар еткен сол «үдере көшу» әлі де талай көркем туындыларға негіз болады деп ойлаймыз.
Өзімді де балаң жігіт кезден ойландырып-толғандырған, ойға дамыл бермеген осы тақырып болатын. «Осыны жеріне жеткізе жазсам-ау» деген қиялдан бір сәт те ажырап көрген емеспін. Содан да болар, халықтың осынау мұң-наласын көрсету үшін драмадан бұрын, әуелі прозалық шығармаға барып, оқырманға ой салар дүниелер жазбаққа бекіндім. Аталған проблема «Күлкі мен көз жасы» деп аталатын роман-диологиямда жан-жақты көтеріледі. Бірақ сол шығармамды, ішім сезеді, көптеген әріптестерім көңіл қойып оқымады-ау деймін. Қысқасы даярлану кезеңі ұзаққа созылды. Өзің айтып отырған «Мұңмен алысқан адам» (екінші аты «Шетелде қартайған қазақ») драмасының көрерменнің кәдімгідей көңілінен шығып жатуы, жан-жүрегін тебірентуі бәлкім, содан шығар. Сосын да жоғарыдағыдай баға беріліп жатқан шығар деп шамалаймын.
– Спектакльден соң «бұл қойылымның алдағы уақытта Астанадағы барша шетелдік елшілердің қатысуымен сахналанғанын қалаймыз, оны болашақта шетелдерге ұялмай алып баруға болатынын да байқадық» деген пікірлер айтылды емес пе?
– Алдымен айтарымыз – бұл өзі бүгінгі заманамызға сай, бұрын-соңды қазақ мәдени өмірінде болмаған тың жаңалық деуге келеді. Аталған шығарманың ағылшын тілінде сахналануы бәрімізге де таңсық дүние. Әрине, өткенде ғана үлкен драматург Дулат Исабеков ағамыздың тамаша туындысын шетелдік өнерпаздардың сахналауымен астаналықтар ағылшын тілінде тамашалады. Бұл да өнердегі бір бетбұрыс. Ал, менің шығармамды Еуразия университетінің өнерпаз жастары қалап алып, шетел тіліне аударып, содан соң өздері сахналап, (режиссері жас талант – Жамбыл Тілепов) рөлдерде өздері ойнап, көпшілік назарына ұсынды. Яғни, қазақ пьесасын қазақ өнерпаздары өз күшімен сахнаға шығарып отыр.
Рас, оны шетелге шығару, сондағы көрермендерге апарып көрсету туралы пікірлер мерзімдік баспасөз беттерінде қайта-қайта айтылды. Алайда, ол менің ғана қолымнан келе ме? Бұл, әрине, алдымен Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет министрлігінің еншісіндегі мәселе. Ол тараптан да ықылас бар сияқты, ал енді оның әрі қарай өріс алуын уақыт көрсетеді.
– Қазіргі драматургияда жаңа заманның лебін сезу тым қиын. Әкемтеатрда қойылып келе жатқан спектакльдердің алды 50 жыл, соңы 10 жылдан асып кетіпті.
– Заманауи тақырыпты талай жазушыларымыз бен драматургтеріміз бір кісідей көтеріп-ақ жүр. Бірақ олардың театрлардағы ғұмыры ұзаққа бармай, уақытша ғана көрініс тауып жатуы әбден мүмкін. Біздіңше, сахнадан тез түсіп қалуының басты себебі – драманың солғындығы, тартыстың аздығы, образдардың дараланбауы. Бұл, әсіресе, аяқ астынан жарқ ете қалған «тосын» драматургтерге тән нәрсе. Басқа авторларды сынап-мінеп жатпай-ақ, өз басымнан ғана айтсам, бүгінгі заман жайлы әлденеше туындыларым жарық көрді, облыстық театрларда сан рет сахналанды да. Мысалы, «Бәйтерек басындағы кездесу», «Тірі жан», «Ай астындағы алтын шаһар» және басқаларын айта алам. Бұлардың тақырыптық тұрғыда бүгінгі заман мәселелерін қозғайтын, көрерменге ой салатын туындылар екені анық, ал енді көркемдік деңгейін әлі де көрермендер бағалай жатар.
- Сіз «Өнер мен мәдениетке деген салқындық өзімізден бастау алып жатыр» дедіңіз Дулат Исабековке жазған хатыңызда. Бұл салқындықтың тоңы жібитін сыңай бар ма?
– Жалпы, қазіргі кезде драматургияның дәуірі туды деуге толық негіз бар. Өйткені, пьесаны сахналауға кино түсіруге кететін уақыттың үштен бірі де жетіп жатыр. Сонымен бірге, спектакль бары-жоғы 1-2 сағат ішінде көл-көсір өмір шындығын алдыңызға тоса алады. Бұл деген адам жанын тазартуға, сезімді оятуға һәм жас ұрпақты ізгі ойларға тәрбиелеуге деген ең төте жол емес пе! Қаламгер Д.Исабековке арнайы хат жолдауымызға да осындай ойлар алдымен себеп болған-ды. Өз саламызға өзіміз салқын, тым селқос екенімізді ашық айтқанымыз да рас.Ашығын айтқанда, бізде әлі де бұл бағытта атқарылар іс, жүзеге асуға тиіс шаралар шаш етектен. Шеберлік турасында айтар болсақ – осы күні романист «әлсіз Әуезовтер» мен әңгіме жазғыш «менмен Майлиндер» көбейіп барады. Драма саласында «Қасаң Қалтайлар» қаптады.
– Сіз бір жағынан мемлекеттік қызметте жүрген адамсыз...
– Иә, қалаған уақытыңда жазу-сызуға отыра қалуға мүмкіндік жоқ. Демалысты пайдаланып, қолға қалам алып, ойдағы дүниелерді қағазға түсіруге тырысамын. Жазылып жатқан бірді-екілі көркем дүниелерім бар.
Соңғы жаңалығым екеу: біріншісі – өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың ең үздік драматургі» деген марапатқа ие болдым, екіншісі – 60 жасқа толуыма орай Мәдениет және спорт министрлігі арнайы тапсырыспен үш томдық «Тар дүние» деген роман-трилогиямды («Күлкі мен көз жасы», «Оянған ұрпақ» және «Ұмытылған ұрпақ») басып шығарды. Соңғы 25 жылдық еңбегім бұл.
Қазір көлемі өте қысқа романдардан (әлемдегі қазіргі үрдіс) және әңгімелерден тұратын «Қорғансыздың түні » атты жаңа жинақ әзірлеу үстіндемін. Келер жылы баспаға ұсынамын.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист