Қазақстандық «Чернобыль Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Айбын» орденінің толық кавалері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері, полковник Халел ТӨРЕҒАЛИЕВПЕН сұхбат барысында Кеңес Одағы тұсында Чернобыль апатын жоюға қатысқан қазақстандық офицерлер мен жауынгерлер туралы әңгіме қозғалған еді.
– Халел Мұхитұлы, қазақстандық чернобыльдік жауынгерлер мен офицерлер құрамы жағынан қай санатқа кіреді, мемлекеттік жеңілдіктер мен жәрдемақыны қандай дәрежеде алады?
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Заңдық күші бар 1995 жылғы 28 сәуірдегі «Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері және оған теңестірілгендер» туралы №2247 Жарлығына сәйкес біздер, қазақстандық чернобыльдіктер, бұл тұрғыдан салмақтай келгенде екі санатқа бөлінеміз. Оның біріншісі,
яғни Чернобыль атом станциясы жарылған 1986 жыл мен одан кейінгі 1987 жылы апатты жоюға қатысушы жауынгерлер мен офицерлер Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілгендер болып саналады. Ал апатты аймақта дәл осындай химиялық қорғаныс әскерінің құрамында дезактивациялық қызметпен 1988-1989 жылдары айналысқан жауынгерлер Ұлы Отан соғысының тылда қызмет еткендер деген санатына теңестірілген. Ол рас, майдан мен тылдың айырмашылығы бар. Яғни, майдан – от пен оқтың ортасы, ал тыл – бейбіт өмір, бірақ майдан үшін атқарылған тынымсыз еңбек емес пе? Ендеше, біздің апат жоюшыларымызды жылдарына (1988-1989 ж.ж.) қарай бұлайша бөлу әділетті емес. Нағыз апат ошағында радиациялық қауіп бір жылдан соң азая қалды дегенге кім сенеді?
– Енді бұл түйткілді мәселенің аражігін осы күнге дейін ашып алмадыңыздар ма?
– Аша алмай келеміз... Одан бері де қаншама жылдар өтті. Бюджет тапшы дедік, басқа сылтаулар айтылды, әйтеуір. Қазіргі таңда бұл санаттағы әріптестерім Үкіметтің беріп отырған осы жеңілдіктеріне мойынсұнған да секілді. Бірақ, әділдік түбінде орнауы тиіс. Радиация аумағында шеп болмайды, бір-ақ – майдан.
– Қазақстаннан сонау алыстағы Украинаға атом апатының зардабын жоюға барғандар туралы мәліметтерде қандай өзгерістер бар?
– Ғаламдық мәні бар ядролық бұл апаттың зардабын жоюға Кеңес Одағы Қарулы Күштерінен 998 мыңнан астам адамы бар, яғни бір миллионға жуық әскери құрамалар қатысты деген нақты мәлімет қолымызда. Ал азаматтық қызметтегі әр салалық мамандықтар бойынша ЧАЭС-ке қолұшын берген еріктілер санын осы күнге дейін ешкім білмейді.
– Ал біздің қазақстандық еріктілер туралы не білесіз?
– Қазақстандық еріктілер туралы ештеңе айта алмаймын. Әйтсе де, бірлі-екілі ядролық физика саласының мамандарымен таныстығым болған. Сол секілді қайбір жылдары «Жер астында Чернобыль АЭС-нің табанына бетон құюға атсалысып едім» деп бір орыс шахтер жігіті «Бізге қандай жеңілдіктер қарастырылған?» деп келіп жүретін, кейін хабарсыз кетті. Біздің ұйым негізінен Чернобыльге Қазақстаннан мемлекеттік тапсырмамен барған запастағы әскерилердің басын құрайды. 1986 жылдан айналасы 4-5 жылдың ішінде ЧАЭС-тің апатты аумағында зардапты жоюға қатысқан олардың саны 72 мыңнан асады. Қатарларында саперлерден бастап танкистерге дейін, жаяу әскерден генералға дейін бар. Әйгілі армия генералы – Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстаның тұңғыш Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов ағамыз бен оның ұлы генерал-майор Талғат Нұрмағамбетов те қазақстандық чернобыльдіктердің сапында тұр. Көзге көрінбейтін жау қоймайды екен, қатарымыз сирей түсуде... 1986 жылы апатты аймаққа тек Алматыдан 19800 адам аттанса, бүгінде солардың Алматыда тірі жүргендерінің саны 300-дің шамасында ғана.
– Қазір сіздерге әскери киім үлгісін кигізіп, «мемлекеттік тапсырма орындайсың» деп бұйырып, апатты аймаққа аттандырған Кеңес Одағы жоқ. Алайда, бұрынғы одақтас республикалардағы мүдделес әріптестеріңізбен байланысып тұрасыздар ма?
– Мәскеуде жиі боламын. Әріптестермен әңгімелесеміз, тәжірибе бөлісеміз. Ал Минскіге жиі барып тұрамын. Екінші Дүниежүзілік соғыста халқының үштен екісіне айырылған беларустар Украина жерінде жарылған апаттың негізгі зардабын тартып отыр, оны көпшілігіміз біле де бермейміз. ЧАЭС апатынан кейінгі радиациялық кесапат тұманы сол елді жауып қалып, Батысқа жөңкілген ғой. Бүгінгі радиологиялық ең қуатты емханалар сондықтан да Минск мен Гомель қалаларында. Тіпті таяуда олардың бір топ дәрігерлері Алматыдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық госпиталінде болып, кезекті тәжірибе дәрістерін өткізіп кетті. Ортасында жүрдім. Күні кеше Гомельден (Белоруссия) қазақстандық дәрігерлермен бірге шақыру алдым. Биыл сәуір айының 21-22-сі күндері сол жерде «Қазіргі радиациялық медицинаның көкейкесті мәселелері: ғылым және тәжірибе» атты халықаралық конференция өтеді екен.
– Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп қалды. «ауғандықтар», «чернобыльдіктер», «семейліктер», «жергілікті соғыс ошақтарында болғандар» және басқа да атаудағы әскери қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің басын біріктіріп неге бір үлкен ұйым құрмасқа? Өйткені, бүгінгі таңда олардың барлығы да мемлекеттен тиісті жеңілдіктер алып отыр емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда сіз жоғарыда атын атап, түсін түстеп берген қазақстандық ардагерлер ұйымы «Халық патриоты» деген үлкен қоғамдық ұйымда бас қоспақпыз. «Саусақ біріксе, ине ілігеді» дегендей, жұдырықтай жұмылып бір шаңырақтың астында өз мүдделеріміз жолында қызмет етсек деген ойдамыз. Ұйым – жоғарғы кеңес, атқарушы аппарат, үйлестру кеңесі секілді басқару буындарынан тұрады. Қазір оның құжаттары Әділет министрлігінің қарауында жатыр. Мақсат-мүддеміз бір ұйымдардың бас қосуы – Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында қосар үлесі аз болмайды деп ойлаймын!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ