Абзал ағамен алғаш кездесудің сәті 1975 жылдың жазында түсіпті. Солтүстік өңірлердің әдебиетке бейімі бар жас талаптарын іздеуге арнап шыққан сапарында келе қалыпты біздің Зерендіге. Аудандық газетте аудармашы-тілшімін. Редакторымыз Баймұрат Азнабаев кабинетінде таныстырды. Менің мән-жайымды айтқаннан кейін:
– Нұрғожа Оразов деген үлкен ақын ағаң. Целиноградтан арнайы келіп отыр. Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінің бастығы. Демек, әдебиет жағынан біздің де бастығымыз, – деп Бәйекең қуақылана жымиып қойды.
Жас талап екенімді білген соң Нұрғожа аға жылыұшырап сала берді. Сыпайы да сыпа, мұнтаздай ұқыпты, аққұба келген, ашық жүзді кісі екен. Сондай ұстамды сөйлейді. Әңгіме әдебиет, өлең жағына ойыса берді. Сол күннен бастап Целиноградта тағы бір қамқор аға пайда болды. Келесі жылы Нұрғожа ағаның құрастыруымен «Жалын» баспасынан «Тың тынысы» атты ұжымдық жыр жинағы жарық көрді. Оған солтүстік өңірдегі бес облыстың жас ақындарының өлеңдері кірді. Солардың арасынан өз өлеңдерім де көзіме оттай басылып, Нұрекеңе де алғыс сезімім ішімде атой салғанын несін жасырайын.
Нұрғожа Ораз ағамыз сол жылдарда солтүстік өңірдің ақын-жазушыларын, солардың ішінде, әсіресе, жас дарындарды әдеби өмірге, әдебиет ортасына дендеп тартты. Соның бір мысалын айтсам, 1975 жылдың желтоқсаны, сенбі күні аупартком кезекшісіне түскен телефонограмма арқылы жедел, яғни алдағы дүйсенбінің таңында, Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағына жетсін деген хабар алдым. Хабар-сәлем Нұрғожа ағадан екенін біліп, жүрегім лүпілдеп кетті. Көп ойланбастан Алматыға асығыс аттандым. Республика жас ақын-жазушыларының кеңесіне жетіп үлгергеніме ағаның сондағы қуанғаны-ай! Жалғыз мен емес, Қостанайдан Ақылбек Шаяхметовті, Целиноградтан Жұмагүл Саухатова, басқа да солтүстік өңірдің бірнеше жас ақын-жазушысын осы кеңеске жетелеп бастап әкеліпті. Сол арада Нұрғожа аға ұйымдастырып, естелік болсын деп ардақты Тұрсынбек Кәкішев ағаны ортаға алып, целиноградтық ақын Владимир Гундарев, Жұмагүл әпкеміз бар, бәріміз Жазушылар үйінің алдында суретке түскеніміз де, бүгін қарап тұрсам, ғанибет болған екен-ау. Сол қымбатты жәдігер суретке ара-тұра аңсар-сағынышпен қарап қоямын.
Ал кеңестің біздей жас талаптарға бергені көп еді. Атақты ақын-жазушыларды көрдік. Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаевтай ақтангерлердің батасын алдық. Бұрын қол жетпестей көрінген «Жұлдызға» жарияландық. Қаламгерлер үйіндегі поэзия кешінде өлең оқып қанаттандық. Осы күндерде мұзбалақ Мұқағалиді соңғы рет көріп, жаңағы кеште ақынның өз аузынан өлеңін тыңдау бақытына ие болдық. Бауыржан Момышұлы, Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Мұхамеджан Қаратаев... ағалар бәрі қаз-қатар тізіліп отырды. Әдебиеттің жас толқынына ақ жол тіледі. Біз сол бақытқа ие болдық. Басқасын қайдам, дәл мен үшін осының бәрі Нұрғожа ағаның арқасында басыма қонған бақ-талайым болатын. Ал енді көкшетаулық ақын Төлеген Қажыбаевтың айтуынша, республикалық жас ақындар слетін Ақмолада Нұрекең осыдан төрт жыл бұрын, сонау 1971 жылы-ақ ұйымдастырған екен. Оған Алматыдан атақты ақын Тұманбай Молдағалиев келіп қатысыпты.
Міне, осы арада Нұрғожа мен Тұманбай ақындардың 1951 жылы оқуға түскенде басталып, 60 жылға созылған, соңғы демдеріне дейін солғын тартпаған, ал өздері өмірден өткеннен кейін кейінгіге өнеге-ғибрат болып қалған ғажайып достықтары туралы әңгіме тиегі ағытылмауы да мүмкін емес-ау. Осы достықтың бір мысалын жыр тұмасы Тұмағаңнан сұхбат алғанда өз аузынан естіп едік. Бұл кісілердің студенттік кезінде әдеби кештер жиі болып тұрады. Сондай бір үлкен поэзия кешінде баяндама жасалып, Еркеш Ибраһим, Жәрдем Тоғашев, Нұрғожа Оразов қатарлы біраз студент өлең оқиды. Жас Тұманбай кешке қатысса да өлең оқуға батпайды. Сөйтіп, жиын тарар кезде қасында отырған досы Нұрғожа қол көтеріп: «Мына Тұманбай Молдағалиев деген жігіт те өлең жазады және өлеңдері жақсы, оқысыншы», дейді. «Оқысын, оқысын» деп жұрт та қоштайды. Енді жалтаратын жол қалмай, шығып өлеңдерін оқиды. Сол кеште Тұманбайдың жұлдызы жанады. «Бізге жаңа ақын келді» деп Еркештен бастап барлығы қуана сөйлеп мақтайды. Нұрекең солай тартыншақтаған Тұмашын үлкен әдебиетке қосыпты. Осыдан бастап Тұмағаңның әдемі лирикасы газет-журналдарда да жиі көріне бастайды.
Екі достың өмір бойы бір-біріне айтар сөзі: «Менің Нұрғожам», «Менің Тұмашым» дегеннен жазбады. Мінезі жібектей жұмсақ, кез келген жаннан әйтеуір бір жақсылық табатын, патша көңілді Нұрғожасына деген Тұмағаң жүрегінің де елбіреуі ерекше. «Ағамдай бірде көремін, атадан бірге туысқан, Панамдай бірде көремін, арманды бірге қуысқан» деп толғады Нұрғожа досына қазақ жырының толағай Тұманбайы. Осынау асыл досқа арналған ақжолтай жырлар саны 50-ден асып жығылыпты. Алты алаштың ардағы Тұманбай ақын осыншалықты құрмет тұтқан Нұрағамыз да тәңірдің тегін жаратқан пендесі болмағандығы осыдан-ақ білінбей ме?!
Нұрғожа ағаның аяулы жары Айман жеңгей айтады... 2011 жылдың шілдесінде достықтың 60 жылдығын атап өтеміз, тез Алматыға жетіңдер деп Тұмағаң шақырады. Алакөлде демалуға жолдама алып қойыпты. Сөйтіп, Тұмағаң Күлтайымен, Нұрағаң Айманымен Алакөлді екі апта жайлап жатады. Сырласа шуақтап, суға шомылып, күнге қыздырынып, бір ғанибет күндер өткізеді. Алматыға қайтқасын да жібермей, үйде, саяжайда сауық құрып, күнде қонақ, күнде думан жасап, жатқызып қояды. Әкім Тарази, Роза Мұқанова, Жүрсін Ерман, тағы басқа ақын-жазушылар. Өлең оқылады, ән айтылады. Композитор күйеу баласы Ержан Белғозиевті шақырып, Тұмағаң өлеңдеріне жазылған әндер шырқалады. Сөйтіп, саяжайда күнде-күнде әдеби-музыкалық кеш. Ондағы бас қаһармандар Тұманбай мен Нұрғожа достар.
Алакөл сапарынан екі ақын да топтама жырлар тудырады. Соның ішінде екеуінің де «Біз төртеуміз» деген өлеңдері бар. Достардың соңғы кездесуі осы болды. Бой жазғаны болған шығар, екі жарым айдан соң Тұмағаң өтті өзі сүйген өмірден.
...Ағалығы ақжайлау, достыққа дарқан Нұрғожа Ораздың азаматтығы асқақ, қайраткерлігі қарымды, шығармашылығы қазыналы болыпты. Поэзия, проза мен публицистикада қат-қабат қарымын танытқан қаламгердің 50-ден астам кітабы жарық көріпті. Екі томдық өлеңдер жинағы, шығармаларының 7 томы, «Қаракүйік» романы, қазақ тарихына байланысты зерттеулері, жиырма жыл бойы шығып тұрған «Сарыарқа» журналының жәдігер тігінділері, сонау кеңес заманынан бастап Арқа төсінде ол ұйымдастырған айтыстар, бұрынғы Ақмоланың қазақтануына, бүгінгі Астананың ұлттық мәдениетінің ұлағатына атсалысуы – осынау айкөл азаматтың өмірдегі өшпес ізі, жақсының қалдырған аты, ғалымның қалдырған хаты десек те болар.
Иә, «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы» деп Қасым ақынға айтылған тоқтамды сөзді біз де қайталаймыз. Жақсы ағадан көз жазғалы бір жылдың жүзі болып қалыпты. Арқа төсіндегі шырақты қалаға адал берілген әзиз бейне көзден кетсе де, көңілден өшкен жоқ. Қайтарының алдында тарих тақырыбына 20 баспа табақ етіп дайындап үлгерген кітабы бар екен. Өзі жоқ болса да, ағаның көзіндей болатын сөзімен жақын арада қауышып қалармыз деген үмітімізді әсте үзбейміз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»
АСТАНА