Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі болып өтті. Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қ.Бәйімбетов және де облыс аудандарынан келген әртүрлі ұйымдар мен бірлестіктердің алты жүзге тарта өкілі қатысқан жиында өткен жылдың нәтижелері мен алдағы міндеттер жайы кеңінен сөз болды.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында облыс жақсы нәтижелерге қол жеткізгендігіне ерекше тоқталған облыс әкімі оның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық, сыртқы және ішкі қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ, этносаралық және дінаралық бірлікті қамтамасыз ету арқасында мүмкін болғандығын айтты. Өңір экономикасына тартылған қаражат көлемі 220 млрд теңгеден асса, оның 66 пайызы жеке инвестициялар мен қарыз қаражаты есебінен жүзеге асқан. Нәтижесінде 12,5 мың жаңа жұмыс орны құрылып, орташа айлық жалақы 104 мың теңгеге өскен. Өңірлік жалпы өнім әрбір тұрғынға шаққанда 1,2 миллион теңгені құраған.
2016 жылы ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 347 млрд теңге болса, соның 240,7 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі. Ал мал өнімдері 105,1 млрд теңгені құраған. Өткен жылы бидай экспорты 1,8 млн тоннаға, ұн экспорты 152 мың тоннаға жеткен. Кен саласының кәсіпорындары жақсы көрсеткіштерімен ерекшеленген.
Өңірдің сыртқы сауда айналымы да ұлғайып келеді. Өткен жылдың 11 айына көз жүгіртсек, бұл көрсеткіш 703,2 млн АҚШ долларын құраған.
Сонымен бірге, өңірде тұрғын үй құрылысына қыруар қаржы бөлініп келеді. Бұл салаға 29,2 млрд теңге, ал «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде 4,6 млрд теңге бағытталғанын облыс әкімі ерекше атап кетті. Былтыр 364,8 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілсе, соның 192,4 мыңы жеке тұрғын үй құрылысы. Еңбекпен қамту орталықтарына жүгінген 18659 адамның 17082-сі жұмысқа орналастырылыпты. Ауылдағы жұмыссыздықты болдырмау мақсатында 1 млрд 51 млн теңгені құрайтын 427 микрокредит берілген. Ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау үшін 119 шақырым құбыр тартылып, 8 мыңнан астам адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліпті. Жалпы, бүгінгі күні облыс тұрғындарының 88 пайызы сапалы су ішіп отыр. Биыл 3 мың оқушылық орынды құрайтын 8 мектеп салу және қайта жөндеуден өткізуге қаржы бөлінсе, балабақшамен қамту 95,4 пайызға жеткен. Сонымен қатар, былтыр 8 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілсе, 28-іне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Өңірде әлі де мемлекеттік тілді меңгеруде селқостық барлығы байқалады. Ересек тұрғындар арасындағы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бар-жоғы 2 пайызға ғана артқан. Ал балабақшалар мен шағын орталықтардағы қазақ тілін оқыту деңгейі 70 пайыздан 82 пайызға дейін өссе де, мектептердегі тіл оқыту деңгейі 46-дан 47 пайызға, яғни 1 пайызға ғана алға жылжыпты.
Облыс әкімі Президент Жолдауындағы міндеттердің орындалуы барысына ерекше ден қойды. Әсіресе, ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесін өткізу ерекше мәнге ие. Өңірде кәсіпкерлікті қолдау картасына сәйкес құны 65,5 млрд теңге болатын 5 жобаны жүзеге асыру қолға алынады. Соның ішінде жылдық қуаты 2 млн тонна болатын цемент зауыты іске қосылады деп күтілуде. Оның өнімдері ішкі рынокқа ғана емес, сонымен қатар, сыртқа шығарылады деп күтілуде. Қуаты жылына 60 тонна ет беретін құны 50 млрд теңгеге бағаланып отырған Макинка құс фабрикасының құрылысы да іске асырылмақ. Әсіресе, Масалы темір кені орнында металлургиялық комбинат салу жөніндегі қазақ-қытай бірлескен жобасына үлкен үміт артылып отыр. Нысан пайдалануға берілсе 3 мың жұмыс орны құрылатын болады. Бұдан басқа, 2017 жылы өңірде барлық сала бойынша 3 мың жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беретін жалпы құны 141 млрд теңгеге бағаланып отырған 95 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде.
Есепті кездесуге жиналғандар алдында сөз сөйлеген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев саладағы айтулы өзгерістерді тілге тиек етті. Министрдің айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеуді оңтайландыру нәтижесінде жоғары білім алуға қосымша 17 мың бала мүмкіндік алған. Және де жоғары оқу орындары ректорларының сайлануы жалғасатынын да алға тартты. Өткен жылы 75 мың мұғалім біліктілігін арттыру үшін арнайы оқыса, биыл да осыншама ұстаз оқытылады деп күтілуде екен. Сонымен бірге, министр бес күндік сабақ кестесіне көшу, үй тапсырмасын азайту, электронды күнделік сияқты мәселелерге қатысты да түсінік бере кетті. Ұстаздар қауымына өздерінің құзыретіне жатпайтын міндеттерді орындауға тыйым салу қажеттігін алға тартқан Е.Сағадиев оларды тек білім беруге жұмылдыру қажеттігіне назар аудартты. Мектептердегі ақша жинауды тыю қажеттігін алға тартқан министр ең үлкен проблема орыстілді мектептерде оқыған балалардың қазақ тілін меңгермеуімен байланысты екендігін алға тартты.
Кездесу соңында тұрғындар көптеген өзекті деген мәселелерді көтеріп, өңір басшысының аузынан нақты жауаптар алды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы