• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2017

Келіссөздердің үшінші кезеңі

899 рет
көрсетілді

Астана процесінің бітімгерлік бағыттағы сындарлы сипатын тағы да танытты Елордада Сирия мәселелерін реттеуге арналған халық­аралық келіссөздердің үшін­ші кезеңі өтті. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Шам еліндегі шиеленісті бейбіт жолмен шешуге бағытталған жиынға басты тараптардың өкілдері белсене қатысты. "Жабық есік" жағдайында өткен жиын барысында атысты тоқтату режіміне Сириядағы елді мекендерді көптеп қосу мәселелері қызу талқыланды. Тараптар қақтығыс өрті шарпыған аумақта қалған бейбіт халыққа гуманитарлық көмек жеткізу ісін сөз етті. Сонымен қатар, бірлескен шұғыл топ Женева келіссөздерінің табысты өтуіне алғышарт болатын басқа да бірқатар мәселелерді талқыға салды. Бітімгерлік алаң ұсынған Ас­тана төрінде Ресейдің, Түр­кия­ның, Сирия үкіметінің, сонымен қатар, Сириядағы қарулы оппо­зи­ци­я­лық топтардың жетекшілері бас қосты. Кездесудің үшінші раун­ды­ның нәтижелі өрбуіне Иор­да­ния Корольдігінің өкілдері де атса­лысқанын айта кету керек. Келіссөз аясында өткен жалпы отырыстың ашылуында еліміз Сырт­қы істер министрінің орынба­сары Ақылбек Қамалдинов сөз сөй­­леп, бұл жиынның қаншалықты зор маңызға ие екендігіне тоқ­тал­ды. – Қазақстан үшін Сирия мәсе­ле­лері бойынша келіссөздерді өткізу үлкен мәртебе. Өткен айдағы алғашқы келіссөздер Женева процесінің қар­саңында Сирия дағдарысын реттеу бойынша қабылдануға тиіс шешім­дерге қуатты серпін берді. Соның нәтижесінде атыс режімін тоқта­ту жөніндегі үшжақты тетік қалып­тастырылды. Алдыңғы отырыс­тар сындарлы атмосферада өрбіді, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған Астана платформасының орнық­тылығын қамтамасыз етті. Пре­зидент Н.Назарбаевтың бітімгер­лік бастамалары, сонымен қатар, дүние жүзі бойынша қақты­ғыстар мен бірқатар елдер арасындағы шиеленістерді бейбіт жолмен шешуге қосқан сүбелі үлестері мойындалған. Қазақстан бүгінгі шараның нәтижелі болатынына шынайы үміт білдіреді. Біз Женева келіссөздерінің қарсаңында ілгерілеу болып, атысты тоқтату режімі арқылы аймақта тұрақтылық орнауына сүбелі үлес қосылады деген үміттеміз,– деді А.Қамалдинов. Сыртқы істер министрінің орынбасары айтып өткендей, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде аймақтық, халықаралық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу үшін барлық күш-жігерін салатын болады. Сириядағы ахуалды бейбіт жолмен реттеуге де өз үлесін қосуға қашанда әзір. Осы орайда, ресми Астана ұсынған халықаралық келіссөз алаңы сындарлы бітімгерлік мақсаттарға оң ықпалын тигізіп, бейбіт келісімге қол жеткізуге игі әсер етуге тиіс. Сирияның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Башар әл-Жафари айтып өткендей, ақпан айының соңына қарай өтетін Женева конференциясында Астана қарары назарға алынып, алқалы жиын жұмысының негізі болуға тиіс. – Біз Астанаға атысты тоқтату режімін бекіту мақсатында келдік. Женева конференциясы Астана про­цестерінің нәтижелері мен қарарын назарға алуы тиіс, сондай-ақ, ол алдағы кездесу жұмысының негізі болуы керек. Біз әрбір кездесуді нөлден бастап, бұған дейінгі кездесулерде жасалған қадамдардың барлығын ұмытып кете алмаймыз, – деді ол. Башар әл-Жафаридің айтуынша, Сирия қантөгісті болдырмау үшін атысты тоқтату режімі бойынша барлық шараны қабылдауды өз мін­детіне алады. Келіссөздер жұмысының үшінші раундына ресейлік делегацияны Ресей президентінің Сирия бо­йын­ша арнаулы өкілі Александр Лав­рентьев бастап келген болатын. А.Лаврентьевтің пайымдауын­ша, елордадағы кездесулердің нәти­жесінде Сирия үкіметі мен қару­ланған оппозиция арасындағы көз­қарас алшақтығы күн санап азайып келе жатыр деуге болады. Бұл орайда, Астана процесі бірегей келіссөз алаңы болып табылады. – Біз текетірестерге орын қал­дыр­мау үшін біртіндеп алға жылжи беруіміз керек. Менің ойымша, тарап­тардың арасындағы пікір қай­шы­лық­тарының азаюына қазірдің өзін­де негіз қаланып келе жатыр. Екі­жақ­ты, үшжақты деңгейде, жоға­ры өкіл­дер деңгейінде, сарапшы­лар дең­гейінде қарқынды кеңестер өт­кіздік. Осының бәрі Сирияда бо­лып жатқан ахуал­ға егжей-тег­жейлі үңілуге, кей­бір көзқарас қай­шы­л­ықтарын жою үшін оңтайлы шешімдерді әзір­леуге мүмкіндік туғызып отыр. Өз­деріңіз білесіздер, Астана алаңы бірегей­лігімен ерекшеленеді және оның қажет екені дәлелденді. Бұл жерде атысты тоқтату режімін сақтау бойынша төтенше маңызға ие мәселелер шешімін табуда,– деді А.Лаврентьев. Биылғы жылғы 23-24 қаңтар күндері өткен Астана процесінің арқасында атыс режімін тоқтату, арандатушылыққа жол бермеу бойынша құрылған үшжақты тетікке кепіл мемлекеттер ақпан айының басында техникалық жиын өткізіп, оған БҰҰ өкілдері, Иордания Король­дігінің делегациясы қатысқан болатын. Ресей делегациясының же­тек­шісі В.Лаврентьевтің айтуынша, Сирияның оңтүстік өңірінің бір бөлігін бақылауда ұстайтын оппо­зициялық топтардың бірқатар бітім­герлік құжаттарға қол қоюына иор­даниялық делегация өкілдері ық­пал ете алады. Яғни, келіссөздерге иорданиялық делегацияның қаты­суын Сирия дағдарысы бойынша бітім­герлік бағытта қадам жасауға оң ықпал етті деп бағалауға болады. Оқ пен оттың ортасында қалған Сирия зобалаңының толастамай жатқанына алты жылға жуықтап қал­ғаны белгілі. Алғаш қарулы қақ­тығыс тұтанған сәттен бастап өзінің бейтарап ұстанымын білдіріп, баршаны бітімге келуге шақырған Қазақ­стан бас­ты тараптарға өзінің араағайын болуға әзір екенін айқын аңғартқан болатын. Шешімін табудың орнына, жыл санап күрде­леніп бара жатқан мәселенің түйінін тарқату үшін маңызды қадам Астана­да жасалып, биылғы жылғы 23-24 қаңтар күндері тараптар елорда төрінде бас қосқан-ды. Осы келіс­сөздер нәтижесінде құрылған бір­лес­кен топ Ресей, Түркия және Иран делегацияларының, сондай-ақ БҰҰ өкілдерінің қатысуымен Астана қаласында алғашқы отырысын өткізді. Отырыста тараптар өзара сенім шараларын пысықтап, гуманитарлық көмектердің кедергі­сіз жеткізілуі мәселесін талқылады. Делегациялар Сирияда әскери іс-қимылды толығымен тоқтатуға мүдделі екендерін жеткізді. Жалпы, Сирия мәселесін реттеу бойынша Астанада өтіп жатқан ал­қа­лы жиындар Ресей және Түр­кия пре­зи­денттерінің бастамасы­мен, Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаевтың бұл ұсы­нысты қуаттауы­ның арқа­сын­­да өткенін айта кету керек. Қазақ­­стан келіссөздер проце­сіне ара­­лас­­қан жоқ. Біздің еліміз­дің мис­сия­­сы тараптардың келіссөз жүр­гі­з­уі­­не тиісті алаң ұсынумен, олар­ға ың­ғай­лы ахуал жасаумен ғана шектеледі. Отандық және шетелдік белді сарапшылар айтқандай, Астанадағы халықаралық келіссөздер Шам еліндегі күрмеуі қиын түйінді бірден тарқатады, шиеленісті оңай шеше салады деп айтуға әсте болмайды. Бұл – бітімгерлікке бастайтын жолды іздеуді, осы бағытта маңызды қадам жасауды көздейтін бастама. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Астанадағы келіссөздер барысында атысты тоқтату режімін сақтау, оны қадағалайтын жедел топ құру мәселесі талқыланды. Соғыс өрті шарпыған бірқатар елді мекендерді атыстан ада аймақтардың қатарына қосу барысы да айтылды. Бейбіт ха­лық­қа гуманитарлық көмек жет­кізу де келіссөздегі күйіп тұрған тақы­рып­тард­ың бірі болды. Осындай игі мақсаттағы қадамдар нәтиже беріп, Астанадағы келіссөздер қақтығыстардың бәсеңдеуіне ықпал етеді деп үміттенейік. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»