Орталық мемлекеттік музейде жас суретшілер Данияр және Асылгүл Байдаралиндердің отбасылық көрмесі ашылды. Америкаға қоныс аударған Қазақстанның белгілі балетмейстері Жанат Байдаралиннің баласы Данияр ұзақ жылдар Америкада тұрғандықтан, қазақ тарихы мен мәдениетін таныстыратын алғашқы көрмесін ілгеріректе америкалықтарға арнап ұйымдастырса, бұл – олардың Қазақстанда өткізіп отырған тұңғыш үлкен көрмесі. Көрме аясында Д.Байдаралиннің «Садақшылық – искусство изготовления и стрельбы из казахского конного лука» атты кітабының тұсаукесері болды. Сондай-ақ, Даниярдың сурет өнеріндегі тақырыбы көшпелілер мәдениеті және қазақ қару-жарағының тарихы болғандықтан, көрмеге келгендерге ат үстінде атылатын садақты пайдалану тәсілін көрсетті.
Суретшілер қазақ ұлттық мәдениеті мен тарихына қатысты туындыларында үнемі ерекше композициялық шешімдерді іздестіреді. Д.Байдаралиннің жұмыстары бабаларымыз қалдырған бай мұраға негізделген және ол суретшінің өз ойымен шебер ұштастырылған. Картиналар, негізінен, түрлі-түсті және ақ-қара гаммада салынған. Көрмеге қойылған жұмыстарда халық тұрмыс-тіршілігінің ұлттық нақыштары, жерін, елін қорғаған батырлардың қайсарлығы мен патриоттық рухы сипатталады.
Ал Асылгүл Байдаралинаның жұмыстары кескіндеме және графика техникасында орындалған: әйел мен ана тақырыбына арналған «Әйелді кейіптеу» фантастикалық портреттер сериясы, «Қыз ұзату» триптихы ұлттық бояуының қанықтығымен терең мазмұнға ие болған.
Суретші Байдаралиндер жазу өнерін де серік еткен. Данияр Байдаралиннің «Садақшылық – искусство изготовления и стрельбы из казахского конного лука» кітабы көшпелілердің бас қаруы – қазақтың ат үстінде садақ ату өнеріне арналған алғашқы ғылыми еңбектердің бірі. Суретші осы өнерді зерттеген маман ретінде ғылыми ізденісін тоқтатпай, жалғастыра беретінін айтады. Кітап автордың өз аудармасымен орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген. Асылгүл Байдаралина «Біздің Сара апай», «Сиқырлы балта» және «Тауық арманы» сынды балаларға арналған бірнеше кітаптың авторы және иллюстраторы болды. Түрлі-түсті және ақ-қара түсті графикада орындалған кітаптар автордың ішкі әлемінің кеңдігі мен қиялының ұшқырлығын паш еткен.
Бүгінде суретшілер «Байдаралы Студио» шығармашылық шеберханаларында бейнелеу өнерімен айналысады. Көрмеге Байдаралының балалары Күнікей мен Таймастың жұмыстарын қоса алғанда, 80-нен астам картина тамашалаушы жұрттың назарына ұсынылған. Көрме 28 ақпанға дейін жалғасады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ