• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2017

Аталы сөз – ақсақалдан

3073 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің 30 қаңтар күнгі №19 санында жа­рия­­ланған Жақсыбай Самрат­тың «Ақсақалдар әлеуеті: оны қайтсек тиімді пайдаланамыз?» деген арнайы бағандағы мақаласы маған үлкен ой салды. Мақаланың мән-мағынасы кең, жадында сақтай білген кісіге дара жол, сара бағыт, үлкен үлгі-өне­ге деуге әбден болады. Мақала кей­іп­кері, халық қалаулысы Бектас Бекназаров айтып отырған Құдайберген Оңғаров сынды қариялар ауылдарда жоқ емес, бар. Бірақ, өкінішке қарай, с­о­лар­дың айтар ойына құлақ тосып, сон­ша­лық қазыналығын мойын­дай алатындардың қатары аз. Демек, бұл жерде абыздық пен қазыналық қасиетке ие бола білу­­дің жолын анықтай алатын қариялар мен сол кісілердің айт­қан ақылы мен көрегендік сөз­де­рін санасына сіңіре білетін ба­с­шы­лардың әуселесі қандай, мә­се­ле осында. Ал Пайғамбар (с.ғ.с) жасы­на келгендердің бәрі қария, бә­рі ақсақал, бірақ солардың бә­рі бірдей қазыналы қария не бол­маса абыз ақсақал ма? Олар­дың айтып отырған сөзінің мән­ділігі мен құндылығы қай дә­р­е­жеде? Әңгімелері аталық сөз­ге тән айбынды, айбарлы, тың­дар­ман­да­рын еріксіз баурап алатындай ерек­ше әсерлі де құнарлы ма? Тәр­бие, үлгі-өнеге алатындай қа­сиеті мен қастерлігі қандай? Ойландыратын сұрақтар. Жалпы, жасы үлкен кісі­лер­дің сөзіне қарап, олардың қан­дай қария, қандай ақсақал екен­дік­терін жазбай тануға болады. Әри­не, құлаққа жағымдысын ұйып тыңдай бергің келеді, жа­лық­тырмайды. «Әй бәрекелді, өзі бір қазыналы қария екен?!» – деп көңілің тояттап, қызыға қарай­сың. Бірақ айтып, айтпай не керек, осындай ілуде бір кездесетін ақылман ақсақалдар мен қазыналы қариялардың басын қосып, оларды мұқият тыңдай білетін әкімқаралардың қатары тым азайып барады. Көпшілігінде өзімшілдік, өркөкіректік басым. Қариялардың әлгіндей көрегенділігін бағалай білетін кең өрістілік көбінде жетісе бермейді. Ақылына жүгініп, сол үлкеннің сөзіне құлақ тоса білудің өзі де білім­ділік пен тәрбие көрген тек­тіл­ікте жатса керек. Мен бұл сөзіммен тізгін ұста­ған жас басшылар, аудан, ауыл әкім­дерін жаппай кінәлаудан аулақ­пын және, сонымен бірге, сол жас мамандарға ағалық сөзін ай­тып, солардың өмір жолы мен қыз­меттік ісіне тура бағыт-бағдар бе­ріп, әділдік пен шындықтың, асығыстық пен албырттықтың ара жігін ашып айтып, керек кезінде ақыл-кеңе­сін бере алмайтын кей­бір қа­рия­ла­рымыздың да осал тұс­та­рын сөз еткім келеді. Бұдан қаншама жыл бұрын, ауданымызға арнайы іссапармен кел­ген сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық партия коми­те­тінің бірінші хатшысы, марқұм Асанбай Асқаровтың күллі аудан активі бас қосқан жиында «Мына бірін­ші хатшыларыңның үстінен арыз көбейіп кетті. Бұл арыздар оның қызметтік ісі­не байла­нысты емес, жеке мі­нез-құлқы мен ұстамсыздығы жө­­нінде жазылған. Өйт­кені, бұл хатшының іскерлігі мен кә­­сіпт­ік біліктілігі өте жо­ғары. Сон­дықтан да болар, аудан көр­сеткіші айтарлықтай дәре­же­де. Бірақ амал қанша, оның дө­ре­кілік мінезі таразыны басып кетіп отыр. Оның осындай ол­қы­лықтарын бұған дейін көріп-бі­ліп келген не бюро мүшелері, не осындағы жасы үлкен, көпті көр­ген қариялар бұл кісіге тоқтам айт­паған. Сонда шектен шығып бара жатқандарды тезге сала білер баяғының ақса­қал­дарының ізбасарлары қайда? Бұ­лай болмайды ғой», – деген реніш сөзін естігенім бар. Сөй­тіп, сол жиында ауданның әлгі бі­рінші хатшысын орнынан тү­сі­ріп кеткен еді. Содан соң әкімдік жүйе ор­нық­қ­ан кездегі мына бір оқи­ға да осы күнге дейін есімнен кет­пейді. Бір­де ауданға әкім болып өз жер­лесіміз тағайын­дал­ды. «Ел бас­қаратын адам өз арамыздан шық­ты» – деп бөр­кі­мізді аспанға ата қуандық. Бірақ көпке ұзамай әлгі мақ­та­нышымызға айналған жап-жас оғланымыз басқа ол­қы­лық­тарын айтпағанның өзін­де, аналардың әлеуметтік жәр­де­ма­қы­ларына байланысты келеңсіз жағдайларға жол берді. Әкімнің бұл өрескелдігіне төзе алмаған бір топ ана наразылық танытып, дүйім жұртты дүрліктірді. «Мұның қалай?» деп әділ сөзін айтқан бірқатар мекеме басшылары әкімнің қаһарына ұшырап, қызметтерінен кетті. Ал осындай аламан-тасыр оқиғалар бірінен соң бірі орын алып жатқан тұста ауыл ақсақалдары арасынан әлгі әкімге туралығын айтып, ақылға шақырар ешкім табылмады. Керісінше, әлгіндей әділдігін айтқан басшыларды: «Өз жөнін білмей ме?», деп кінәлап, ал әкім балаға: «Тізгін қолыңда, не істесең де ерік те, билік те өзіңде. Керек болса біз сені қолдап, қуаттап, қажет болса құтқарып та аламыз», дегендей қолпаш сөзбен әбден дандайсытып жіберді. Жоғарыда келтірілген «Ақса­қал­дар әлеуеті: оны қайтсек тиім­ді пайдаланамыз?» атты мақа­ла­ның авторы айтқандай, бірен-саран қариялардың әлгіндей жа­ғымпаздығы ақыр соңында сол маманның «тамырына балта шауып» тынды. Кейіннен қа­ладағы басқа бір лауазымды қыз­мет атқарып жүрген жерінен оның қолына кісен салынып, ана жақта отырып шықты. Менің ойымша, есіл азаматтың осындай ауыр жағдайға душар болуына дер кезінде қариялық ақылын ашық айтып, тура жол сілтей алмаған әлгіндей жағымпаз ақсақалдарымыздың кесірі тиді. Осыған қарап, шіркін ай, ата-бабаларымыздың «Құлды мақтау өлтіреді» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған ғой деген ой түйесің. Рас, қарияларымыздың арасында «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген аталы сөзіміздің қадір-қасиетін жете ұғына білушілік жетісе бермейді. Сондықтан да құрғақ мақтаулар мен жағымпаздықтың жағында жүретін қариялардың қатары баршылық. Бұл жерде жақ­тау мен құрғақ мақтаудың таразысын тең ұстай білмейміз. Екін­ші жағынан алып қарағанда, сынның шын болуынан гөрі, өз атына мақтаудың көп айтылғанын қалайтын басшылар да жоқ емес. Әлгі мақалада жазылғандай, мұн­­д­ай басшылар ардагерлер ке­ңе­сі мен билер алқасында өзіне қо­лайлы ақсақалдардың болуын қа­лайды. Жақын­да өткен ауыл әкім­дерінің ха­лық алдындағы есеп беру жиын­да­ры­ның бірін­де қашанда әділ­дік­тің сөзін ай­тып жүретін, көпті көр­ген, түрлі басылымдарды мұ­қият оқып, сол оқығанын зер­де­сіне кеңінен тоқып жү­ре­тін Ж.Сұлтанбеков деген ақса­қа­лы­мыз «Әкімдіктегілер соңғы кез­де Президенттің ауыл-ауылға ба­рып, ондағы халықтың жай күйі­мен көзбе-көз танысып қай­тың­дар деген арнайы тапсырма­сына орай жоғарыдан келген депутаттар мен түрлі ведомство басшыларымен өткізілетін кезде­су­­лерге өздерінің санаулы, бел­гі­ленген шешендерінен басқа біз сияқты айтары бар бірлі-жарым ақсақалды шақыр­май­тын, тіптен, бара қалсаң кір­гізбейтін тосын мі­нез таны­тып жүр», дегенді айт­ып қалды. Ойға қалдық. Неге? Ауылдың проблемасын ашып айтқанда тұрған не бар? Ке­рісінше, ауылдағылардың қо­­лынан келмейтін ортақ мә­се­­­лелерге жоғарыдан неге кө­мек сұрамасқа. Пікір айтып, ой са­л­масқа? Көптің пікірін тың­дау­дан неге қашамыз? Абыз ақ­сақалдардың құнды-құнды пі­кірлерін тыңдап, соның ішіндегі керекті деген, пікірлерін өз ісімізде неге кә­деге жаратпаймыз? Меніңше, абыз ақсақалдар, қазыналы қариялар, ауыл өмірін көріп өскен іскер азаматтар еш уақытта тырнақтың астынан кір із­демейді. Қандай да бір ұсақтық ты­нытатындай әл­сіздікке бармайды. Егер дәл осындай келеңсіз жағ­­дай орын алып жатқан болса, он­да қариялылығымызға сын. Қысқасы, достық рәуіште ай­тыл­­ған шынайы сын, адал ой, таза пі­кір­дің құндылығы қашанда биік еке­нін естен шығармағанымыз аб­зал. Серікбай ТҰРЖАН, еңбек ардагері Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы