Ақпарат және коммуникациялар министрлігі шетелдік авторлардың журналистика мен PR саласындағы іргелі еңбектерін түпнұсқадан қазақ тіліне аудару жобасын бастады. Бұл туралы аталған ведомство басшысы Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды.
"Жалпы, елімізде мұндай жинақтарға сұраныс үлкен болғанымен, көпшілігі орыс тілінде екені жасырын емес. Ал, қазақ тіліндегі оқулық аз.
Міне, сондықтан біз осы істі қолға алдық. Әрине, бұл біршама уақыт пен еңбекті талап етеді. Біріншіден, ол сұранысқа ие, уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпайтын кітап болуы шарт. Екіншіден, авторлық құқық иесінен рұқсат алу, сапалы аудару ісі де оңай емес. Дегенмен біз алғашқы жинақты қыркүйектің 1-де студенттердің қолына тигізуді жоспарлап отырмыз.
Осы мақсатта біз алдымен университеттер оқытушыларының кеңесімен кітаптар тізімін жасадық. Бүгін міне, солардың ішінен қазақшаға аударылатын бірінші кітап та анықталды.
Сонымен, алғашқысы осы саланың білікті мамандары - Ли Энн Пек пен Гай С. Рилдің қызмет барысындағы БАҚ этикасына арналған «Media Ethics at Work» жинағы болмақ. Бұл – шетелдерде студенттердің үлкен сұранысына ие іргелі еңбек. Айта кету керек, бұл жинақ орыс тілінде жарық көрмеген, яғни қазақшаға тікелей түпнұсқадан аударылады.
Алдағы уақытта оны 3000 данамен шығарып, еліміздегі барлық кітапхана мен оқу орындарына таратуды көздеп отырмыз", деді министр.
Оның айтуынша, болашақта осы істі демеушілер арқылы жүйелі түрде жалғастырып, жыл сайын бірнеше кітапты аударып отыру жоспарда бар. "Бұл өз кезегінде, жас журналистерімізге ақпарат саласындағы әлемдік даму тенденцияларымен кеңінен танысуға мүмкіндік беріп, отандық журналистикаға оң өзгерістер алып келеді деп ойлаймыз.
Сонымен қатар, бұл жобаны мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге бағытталған нақты шаралардың бірі деп айтуға болады", деді Абаев.