• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2011

Халықтың саяси мәдениетінің өскенін көрсетті

347 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт МЕЛДЕШОВПЕН сұхбат – Бақыт Сәрсенбайұлы, Қа­зақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сай­лауы мәресіне жетіп, қорытын­дысы да жария етілді. Сай­лаушылар дауыс беруде аса белсенділік танытқанына куә бол­дық. Мұны аса бір қуанышты жәйт деп бағаласақ керек. – Өзіңіз айтып өткендей, Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы  аяқталды. Республика бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың дауыс беруге келуі 89, 99 пайызды құрады. Бұл – аса жоғары көр­сеткіш. Осылайша сайлау­шы­лар дауыс беруге белсене қатысып, өз таңдауларын жасады. Электорат­тың аса белсенділік танытуы, менің ойымша, мына факторларға байланысты. Біріншіден, еліміз тә­уел­сіздік алғаннан бергі 20 жылға жуық уақыт ішінде біздің хал­қымыз сайлау институттары ар­қылы мемлекеттік билікті жүзеге асыруға қатысу барысында үлкен тәжірибелер жинақтады. Екіншіден, жыл өткен сайын тұрғын­дардың саяси сана-сезімі мен саяси мәдениетінің деңгейі өсе түсті. Үшіншіден, президенттікке кан­­ди­даттар және олардың сай­лауалды штабтары бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы өздерінің үгіт жұмыстарын өркениетті түрде жүргізді. Олар сондай-ақ сайлау­шылармен көптеген кездесулер өт­кізді. Міне, осы жайлар сайлау­шылардың дауыс беруге белсенді қатысуына оң әсер етті. Төртін­шіден, Орталық сайлау комис­сиясы озық ақпараттық техноло­гияларды пайдалана отырып, көп­шілік ақпараттық және жұмыл­дыру жұмыстарын ойдағыдай жү­зеге асырды. Бұл жерде біздің тарапымыздан жастарды сайлауға көптеп тартуға ерекше назар аударылғанын атап өтпекпін. Сонымен қатар, ұйымдастыру және жұмылдыру шаралары жергілікті жерлердегі аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларында да табысты жүргізілді. Бесіншіден, сайлаушылардың белсенділігінің жоғары деңгейде болуы тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдерде халқы­мыздың өз елінің болашақта өр­кен­деуіне деген шынайы сенімділігі берік орныққанында жатыр. Өйт­кені, ел Конституциясында атап көрсетілгеніндей, Президент – халық пен мемлекеттік билік бір­лігінің, азаматтар құқығы мен бос­тандығының кепілі және символы болып табылады. – Ал шет мемлекеттердегі Қазақстан азаматтарының да­уыс беруге келуі қандай деңгейде болды? – Шет елдердегі Қазақстан азаматтарының кезектен тыс президенттік сайлауға дауыс беру үде­рісі 35 шет елде жүзеге асырылды. Олардың да дауыс беруге келу нәтижесі жалпы республика­дағы­дай жоғары болды. – Сайлау күні дауыс беру үдерістерін бақылауға еліміздегі саяси партиялардың барлы­ғы­нан байқаушылар қатысты ма? – Сайлау учаскелерінде дауыс беру мен дауыстарды санау бары­сын байқауды жалпы саны 30 266 адам жүргізді. Оның ішінде канди­дат­тардың сенім білдірілген адам­дары – 9 417, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқау­шылары мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – 1 212 саяси партиялардың байқау­шылары – 12 828, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйым­дардың байқаушылары – 6 212, ал республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының 597 өкілі бар. Сайлауды байқауға еліміздегі саяси партиялардың байқаушы­лары да белсене қатысты. Мысалы, «Ақ жол» демократиялық партия­сының – 46, «Нұр Отан» ХДП-ның – 9 774, Қазақстан Коммунистік пар­тиясының – 291, Қазақстан Па­триоттары партиясының – 1 073, «Ауыл» партиясының – 224, «Руханият» партиясының – 168, Қазақ­стан Коммунистік халық партия­сының – 372, «Әділет» демо­кра­тия­лық партиясының – 60, «Азат» демократиялық партиясының – 168 және Жалпыұлттық социал-демо­кратиялық партиясының – 652 байқаушысы еліміздің барлық ай­мақтарында сайлау күнгі үдеріс­терді бақылап отырды. – Бақыт Сәрсенбайұлы, да­уыс берген күн – 3 сәуірде сай­лау­шылардан бірқатар шағым түскенінен хабардармыз. Бұл шағымдар не жайында болды? – Орталық сайлау комиссиясы, сондай-ақ облыстық, Астана мен Алматы қалалық сайлау комис­сиялары кезектен тыс президент сайлауын «Қазақстан Республи­ка­сындағы сайлау туралы» Конститу­циялық заң нормаларына сәйкес өткізуді қамтамасыз ету үшін бар­лық қажетті шараларды қабыл­дады. Орталық сайлау комиссия­сына 3 сәуір күні жеке және заңды тұлғалардан шағым түскен жоқ. Ал облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына дауыс беру рәсімдерін байқауды ұйымдастыруға қатысты 8 шағым түскен еді. Олардың барлығы да жедел түрде және қолданыстағы заңнамалар аясында қаралды. – ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның бай­қау­шылары кейбір кемшілік­тер­дің орын алғанын айтып қалды. – ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Қазақ­станда бұған дейін өткізілген, яғни 1999 және 2005 жылдардағы президенттік сайлауларды, сондай-ақ 1999, 2004 және 2007 жылдардағы парламенттік сайлауларды байқау қорытындылары бойынша 6 түпкілікті есебі бар. Бұл құжаттар 161 ұсынымнан тұрады. Олардың 54-і бірін-бірі қайталаған. Қалған 107 ұсынымның 68-і жүзеге асы­рылды. Қазақстан тарабы бүгінде 19 құжатты жүзеге асырудың мүм­кіндіктерін талқылауда. Ал 20 ұсынымның қабылдануы мүмкін емес. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның осы сайлау бойынша да бірқатар ескертпелері мен ұсыныстары болары хақ. Сайлау өткізу – өте күрделі жұмыс. Сондықтан ішінара кемшіліктер болуы мүмкін. Алайда, олар жалпы сайлауды өткізу деңгейіне және оның қорытындыларына кері әсер ете алмайды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.