• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2017

Шаруаға икемді инвесторды қалай шақырамыз?

234 рет
көрсетілді

Қазақстан экономикасының әлем экономикасына интеграциялануын ескерсек, сындарлы жағдайлар елі­мізге әсерін тигізбей қоймайтыны анық. ЕАЭО шеңберінде Қазақ­стан­ның сауда тепе-теңдігі біздің пайда­мызға шешіліп тұрмағандығы да ай­қын. Тауар экспортынан импорт басым. Бұл еліміз тауарларының бәсекеге әлі де дайын еместігін көр­сетеді. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көрсетілгендей, Үшінші жаңғыру кезеңінде басты бағыт – тауар­ларды экспортқа бағыттау. Ауыл экономикасы ел экономикасының драйвері болуы үшін көптеген бәсекеге қабілетті тауар шығару керек, ол үшін қаражат қажет, ал несие алуға көп кәсіпкердің мүмкіндігі жоқ, суб­сидия бәріне жете бермейді. Осы тұста шет елдерден тікелей инвестиция тарту өте маңызды. Экономика теориясында инвестор­лардың өздері ғана шешетін мәселелер бар, ол – қаражатын қайда салу, қандай мөлшерде салу және тәуекелшілік дең­гейін бағалау және оған жауапкершілік. Қазақстанда инвестициялық климат жақсы деңгейде. Елдегі тұрақтылық, инвестиция тартудың заңнамалық негіз­дері, жеткілікті еңбек ресурстары оған кепіл. Әрине, ауыл экономикасына инвестициялар тартылып жатыр, бірақ ол барлық портфельдің қазір 5 пайыз шамасын құрайды. Елімізде 2015 жылы ауыл шаруашылығына келген инвестиция көлемі өнеркәсіпке келген инвестициядан 23 есе кем екен. Өткен жылы ауылшаруашылық өнім­дерінің экспорты жалпы экспорт көлемінің 4,5 пайызын құраса, импорт көлемі 11,3 пайызды құрады, яғни екі еседен көп деген сөз. Дегенмен, ауыл шаруашылығының шет елден қаржы тарту мен өз өнімдерін экспорттау мүмкін­діктері мол. Бір мысал, жақында Оңтүстік Қазақстанда Иранмен құны 1 миллиард теңгеге жақын инвестициялық жоба іске асырылды. Салынған ет комбинатының өнімділігі күніне 3 мың қой мен 300 ірі қара малды қамтиды . Олар­­дың барлығы Иран мемлекетіне экспортталатын көрінеді. Ал осы жер­де инвесторға өзінің алып келген германиялық құрал-жабдықтарының өз меншігінде болып, ол Конституция бабымен қорғалуы өте маңызды. Ол Қазақстан азаматы емес, ол әркім са­натына жатады. Оның меншігі Қазақ­станда, ол өнім шығарады, халыққа жұ­мыс, елге сапалы да қолжетімді азық береді. Бұл жерде пайда біз жақта. Ал инвестордың артық ақшасын өндіріске са­лып пайда тапқаннан ұтылмайтыны сөзсіз. Керегі – өз меншігінің қорғалуы. Осы ретте Конституцияға өзгеріс енгізу туралы 26-бапта жазылған «Қазақстан Республикасының азамат­тары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деген сөздердің «Қазақстан Республикасының азаматтары» деген сөздің орнына «әр­кім» сөзінің жазылуын ұсыну көпшілік арасында қызу пікірталас туғызуда. Мен де алдымен бұл сөзге күдікпен қарап едім. Сараптай отырып, бұл бапқа экономикалық тұрғыдан қайта үңілгенімде, шет ел инвестициясын тартып, бизнестің дамуына жол ашуға болатын сияқты. Енді басқа мысал. Ресей, Қытай, Моңғолия секілді үш бірдей мемле­кетпен шектесіп жатқан Шығыс Қазақ­стан облысының Катонқарағай ауда­нында шешімін таппаған мәселелер аз емес екен. Бұл жерде бұрынғы 28 мың халық 12 мыңға дейін кеміп, шека­раға жақын Талды, Қарайрық, Маралды ауылдарының үңірейген орны ғана қалыпты, Ақшарбақ, Шұбарағаш, Бекалқа, Мойылды, Сөгір, Қайыңды, Ақмарал ауылдары да құрудың аз-ақ алдында тұрған көрінеді. Сол жерден қыр ассаң, Марқакөл көлі бар, суы қандай, табиғаты қандай тамаша десеңші. Ертеректе сәуір айының аяғында, Марқа­­көлде болғаным бар, жігіттер мұз асты балық аулауды ұйымдастырған болатын. Хариус деген балық бар екен, дорба толтырып балық алдық, мұз үстінде демалыс жасадық. 1 Мамыр мерекесі қарсаңында Алматыға ұшып келіп, мерекелік дастарқанымызда Марқакөлдің патша балығынан жасал­ған дәм әлі есімнен кетпейді. Егер сол жерлерде туризм жолға қойылса, Катонқарағайдың марал мүйізінің емін алып, Марқакөл жағасында демалуға әлбетте болар еді. Енді осындай табиғаты тамаша жерлерді ел ішіндегі мәселелерге бей­жай қарамайтын сол өңірдің қалталы кәсіпкерлері неге игермейді, ішкі инвес­торлар қайда, жергілікті билік неге дабыл қақпайды деген сұрақ туады. Ал сол жерлерге шетелдік инвесторлар келіп, марал өсіруді қолға алып, оның пантасымен әртүрлі ем жасап жатса, шипажайлар ашса, туризмді дамытып жүздеген адамға жұмыс берсе, сол жердің халқы үшін игілікті іс емес пе?

Атамұрат Шәменов,

экономика ғылымдарының докторы