«Әу» демейтін қазақ жоқ». Сайын сахараға тарыдай шашыла қалған бірнеше миллион ғана болсақ та, дарынсызымыз кемде-кем. Екеуміздің біріміз өнерліміз. Десе де, саф алтындай хас таланттылардың тасада қалып жатқандары көп-ақ. Бойындағы ғажайыптың булығып, барын бере алмағанына ішің ашиды, көңілің құлазиды. Құдайдың осы әділетсіздігіне қайран қаласың да. Көпте жоқ қасиетті үйіп-төгіп береді де, тағдыр жазуымен көлегейлей салады.
Әр тұсынан сетінеген қамыс қалпағын баса киіп қора жағында ұзын сап айырымен малына шөп салып, әлдебір әуенді ыңылдап жүретін көрші Кәрібекті ес білгеннен танимын. Көктем шыға таң атар-атпастан күрең атын ерттеп мініп, бір отар қойын алдына салып қыр асып бара жататын. Күн ұясына батып, іргені іңір басқан шақта отардың шаңы көмген қарасы көрінеді. «Әйт-шу, қайт, әй!» деп айқайлай мал қайырған үні ауыл іргесіндегі төбеден аспай жатып естіледі де, артынша әлдебір әнді жалғай жөнеледі.
«Күміс құмған-ай,
Отта тұрған-ай...
Әйт-шу, кебенек келгір!»
Кейінірек сұр есегін тақымдап үлкен ұлы ілесетін болған. Малдарын ауылдың кезегіне қоспайтын Кәрібектің қысы-жазғы жұмысы осы. Ірі қарасы да аз емес. Жыл сайын бес биеден кем саумайды. Күнімен қойын өргізсе, түнімен жылқысын жаяды. «Қай уақытта ұйықтап үлгереді? Осы төрт түліктің жайынан басқа түк те білмейтін шығар» деп ойлайтынымыз да рас-ты. Тағы әндететінін қайтерсіз?!
***
...Кәрібектің шын өнерін наурызда көрдік. Біздің ауылда ұлыстың ұлы күні бөлекше тойланатын. Ұлттық мейрамға мұқым ауыл атсалысады. Әр көшенің тұрғындары төрт-беске бөлініп, бір-бір киіз үй тігеді. Үш көшеден он-он беске жуық шаңырақ бой көтеріп, кереге керіледі. Дастарқанын жаяды. Бір-бірінің отауына бас сұғып, қастерлі дәмнен ауыз тиеді. Содан кейін бәсеке басталатын. Әр киіз үйдің иелері араларынан палуанын, әншісін, күйшісін, өнердің әр түрінен дүлдүлін әзірлеп, додаға қосады. Дәстүрлі әндердің бәйгесінде біздің ортамыздан қара домбырасын құшақтап Кәрібек шықты ортаға. Халық әндерін орындады. Қоңыр даусы микрофонсыз-ақ көкке әуелеп, көпті елітті. Аңызақ желі әсте тоқтамайтын жазық даланың жотасына қона салған ауыл аспанына шарықтай көтерілген үні дала атаулыны тамылжытқандай-ақ еді.
«Керім-ау айдай,
Кермиық-ау жұртың қайда-ай...», деп шырқағанда құлақ құрышын қандырды.
«Алма ағаштың гүліндей-ау,
Текеметтің түріндей-ау...» деп көсілгенде жан-кеудеге шуақ құяды. Кеу-кеулеген жұрт Кәрібекті кішігірім сәкі-сахнадан қос әнмен жібере қойған жоқ. «Әп, бәрекелді! Осындай даусыңды сағындық, сілтей түс!» десті. «Домбыра ұстамай кетіп едің, шырқа, қарағым» деп демеді.
***
Үйге келген соң апамнан естідім, Кәрібекті жас кезінде Алматыдағы консерваторияға емтихансыз қабылдамақ болған екен. Сондағы ағалар айрықша даусына тәнті болса керек. Асылды қадірлей алмайтын қазақылығымыз тұсау салған ғой. Әкесі марқұм бір аяғын соғыс даласына тастап келген майдангер еді. «Қайда барасың? Мал-жанға кім ие болады? отыр жайыңа» деген. Амал нешік, домбыраның ішегін қағуға арналған саусақтар қойшының таяғын ұстап қала берген.
Бұрнағы жылы «Кәрібектің үлкен ұлы Орынбасар консерваторияға түсіпті» деп естідім ел жақтағы ұзынқұлақтан. Қуандым. Сонау кездегі Наурыз мерекесі есіме түсті. Кәрібектің домбыра үнімен астасып, көкке әуелеген қоңыр даусы құлағыма келді. Ал жақында әлеуметтік желіден көршімнің ұлының өзі шығарған күйін орындаған бейнетаспасын көзім шалып қалды. Әдейі көріп, көңілім марқайды.
«Ат тұяғын тай басқаны» жақсы ғой. Әкесі Кәрібекті Алматыға жібергенде ше?.. Қазақ өнерінің қара нары атанар ма еді... Жә, Орынбасардың айы оңынан тусын! Әкесінің арманын орындады ғой.
Асан ӘМЗЕБЕК
АСТАНА