• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2011

Өз көзіммен немесе мен білетін Нұрсұлтан

333 рет
көрсетілді

Жасым біразға келсе де, ел өміріндегі оқиға­ларға құлақ түріп отыратын адаммын. Елмен бірге жаса­сып келеміз. Жақсылықты да, қиындықты да сол халықпен бірге көрдік. Азын-аулақ еңбегімді де сол халыққа, еліме арнағанымды мақтан да етемін. Бұл әр пенденің басындағы жай. Адам өз өмі­ріне алды­мен өзі баға береді. Өмірі халыққа қыз­мет етуге ар­налған адам өкінбейді. Сол халықтың жағдайы жақ­сара түссе, өзінің мақсат-мүддесі жалғасқандай, қуа­нышқа бөленеді. Шүкіршілік дейік, менің қуанатын сәттерім де аз емес. Елімізде болып жатқан игілікті істер қуантады. Кеше өткен сайлау маған сондай қуаныш сый­лады. Әрине, мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың жеңіске жететініне бір сәт те күмән келтірген емеспін. Біреулер қаласын-қаламасын, халықтың қалайтыны – қазіргі Президент. Оның жеңетіні негізді шындық еді. Бұл шындық – Президенттің бүгінге дейінгі қызметі, еліміздің жүрген жолы. Халық оның бәрін көріп отыр. Содан да халықтың кімді таңдайтыны алдын ала айқын еді. Тағы да айтатын бір жай бар. Көпшілік халық Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты білгір басшы, үлкен қайраткер ретінде міне, ширек ғасырдан бері біледі. Ал мен оны одан бұрынырақтан білемін. Сол басшылыққа келер жолын да көрген адаммын. Нұ­ре­кең басшылыққа кездейсоқ келген адам емес, өзінің үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен, туа бітті ұй­ымдастырушылық талантымен, басшылық қызметке өзінің лайықты екенін дәлелдеп келген адам. Мен Нұрсұлтан Әбішұлын 60-шы жылдардың аяғында ол Теміртауда қалалық партия комитетінің хатшысы кезінде көрдім. Сауда министрі қызме­тінде жүрген кезімде сол қалаға іссапармен барып, сон­да­ғы жағдаймен танысқан соң, қалалық комитет хат­шы­сымен пікір алмастық. Ол сонда маған өзінің алғыр­лығымен, білгірлігімен айрықша әсер қал­дырды. Сонда-ақ оның ел басшысы боларын білдім десем, асыра айтқандық көрінер, бірақ оның қалайда «жарып шығатынына» сенімді бол­дым. Көп кешікпей ол облыстық партия коми­те­тінің хатшылығына сайланды. Сонда жүріп өзін көрсеткенінен кейін, Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитетіне хат­шы­лыққа сайланды. Бұл оның республикалық деңгейдегі басшы­лыққа көтерілген кезі еді. Мен сонда Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары ретінде Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлымен қоянқолтық араласып жұмыс істедім. Біраз уақыт өткен соң ол Министрлер Ке­ңесінің Төрағасы болып тағайындалды. Бұл қыз­метте ол өзінің бас­шылық кемеңгерлігін айқын көр­сетті. Содан кейін он­ың ел билігінің бас тізгінін ұстауы заңдылықтай еді. Өткен жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың 70 жасқа толу қарсаңында «Егемен Қазақ­стан» газетінде «Самғау» деген менімен сұхбат-мақала жария­ланды. Сонда Президентіміздің бас­шылығымен осы­нау кезеңде еліміздің қолы жеткен табыстарға тоқ­тал­ғаным бар. Басқасын айт­пағанда, тікелей Назар­баевтың етене араласуымен жүзеге асқан, оның атын халқымыздың тарихында мәңгілікке жазатын үш мәселені атап көрсеткен едім. Олар – біріншіден, Сарыарқаның төрінен Астана дейтін әсем қала салдырғаны, екіншіден, кезінде тарихтың тәлкегімен жер шарына тарыдай шашыраған қандаста­ры­мыз­дың атамекенге ора­луына барлық жағдай жасағаны, сондай-ақ, ата-бабаларымыздан аман жеткен мемлекеттік шек­арамызды барлық халықаралық талапқа сай етіп бекітіп бергені. Әрине, Назарбаевтың атына қатыстыра айта­тын басқа да табыстар баршылық қой, бірақ бәріне тоқ­та­лып жатуды жөн көрмеп едік. Міне, содан бері жылға жуық уақыт өтті. Ал осынау қысқа мерзімде елімізде қаншама айтулы оқиғалар болды. Тағы да қысқартып, соның екеуіне ғана тоқталғым келіп отыр. Біріншіден, былтыр еліміз Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына төра­ға­лық етті және осы кезеңде он бір жылдан бері өтпей келе жат­қан ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізді. Өткізгенде, жо­ғары деңгейде, жұртты таңдан­дырып өткізді. Мұндай үлкен жауапкершілікті істі жүзеге асыру қай елдің болсын арманы, аңсағаны. Көп­шілігінің қолы оған жете бермейді. Осынау істі жүзеге асыру да тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың іскерлігіне, әлемдік беделіне қатысты болды деуіміз керек. Екінші оқиға – ол елімізде ойдағыдай өткізілген Қысқы Азиада ойындары. Біз оны ұйымдастыру деңгейі жағынан жоғары дәрежеде өткізіп қана қойғанымыз жоқ, ондағы жарыстарда спортшыларымыз үздік нә­ти­желерге жетіп, еліміз­дің беделін аспанға көтердік. Тағы да осынау табыста ел билігі тізгінін ұстап от­ырған адамның іскерлігі мен беделі алға тосылады. Кешегі өткен сайлауды айтқанда, көңілге ос­ын­дай жайлар оралады. Жұрттың Нұрсұлтан Назар­баевты таңдауы – заңдылық. Әлемдік деңгейдегі қайраткердің қажырлы еңбегіне берілген баға, елдің абыройын көтерген азаматқа құрмет. Енді сол сайлаудың қалай өткеніне де аз-кем тоқтала кеткен жөн сияқты. Күреске төрт үміткер қо­сылды. Баса айтатын нәрсе, олардың барлығына бірдей жағдай жасалды. Ақпарат құралдары олар­ды насихаттауда ешкімді алалаған жоқ. Мен өзім біраз газеттерді алып, оқып отырамын. Бәлкім, сон­дай нұсқау да берілген шығар, сол газеттердің бәрінде үміткерлердің барлығына бірдей орын беріліп от­ырды. Тіпті кейде олардың атын атауға тура келгенде, алфавитке сүйеніп, Назарбаевтың аты соңынан аталғанына қарап та біраз жайды аңға­ра­сын. Сайлау әділ өтті деп толық сеніммен айта аламыз. Сондай әділ сайлауда еліміздің көшбасшысына халықтың сенімі мен сүйіспеншілігі айрықша кө­рінді. Халық өзінің қамқоршысына дауыс берді. Оның жақсы істерге, елдің бірлігіне, тұрақ­ты­лық­қа бастайтынына сенім білдірді. Сұлтан ЖИЕНБАЕВ, Алматы қаласының құрметті азаматы. Алматы.