Түрікменстанда өткен президенттік сайлау жаңа даму сатысына аяқ басқан Орталық Азия республикаларындағы бірқатар саяси маңызы бар оқиғалармен тұспа-тұс келді.
Сайлау нәтижесінде Түрікменстанның қазіргі басшысы Гурбангулы Бердымұхамедов 97,7 пайыз дауыс жинап, үшінші мерзімге ел президенті болып қайта сайланды. ТМД, ШЫҰ, ИЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар сайлаудың ойдағыдай, ашық, ұйымдасқан түрде өткенін мәлімдеді. Сайлаудан кейін Түрікменстанның жаңадан сайланған президентін Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түркия, Ауғанстанның мемлекет басшылары құттықтады.
Бейтарап саясат ұстанатын Түрікменстандағы президенттік сайлау көршілес елдердегі түбегейлі өзгерістермен бір уақытта өткендіктен, соңғы сайлаудың мәні мен сипатын өзгешелеп тұрды. Өйткені, бір аймақта орналасқан туыс әрі көрші елдердің тағдыры мен даму жолдары ұқсас келеді.
Түрікменстанның саяси-экономикалық жағдайы әлемдік экономикалық дағдарыс, халықаралық тұрақсыздық, көмірсутегі бағасының төмендеуі сияқты объективтік себептердің ықпалымен дамыды. Сондықтан, осы жолғы сайлау 2007 және 2012 жылдарда елдегі тым-тырыс жағдайда өткен сайлаулардан ерекшелігімен есте қалды.
Біріншіден, ел тарихында алғаш рет президенттік сайлауға биліктегі партия, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы салалары атынан үш саяси партия қатысты. Жапонияның «The Diplomat» басылымы бұл қадамның тактикалық сипатына назар аударып, Бердымұхамедовтің Ресейдегідей жаңашыл кәсіпкерлер және ескішіл аграрлық буынның ортасында прагматикалық орын алғанын жазды. Сайлауға саясаткерлер мен өнеркәсіп саласындағы ықпалды тұлғалардың қатысуы биліктің оларға арқа сүйейтінін білдіруі де әбден мүмкін.
Мамандардың көбісі сайлауда Бердымұхамедовтің жеңіске жететінін болжады. Былтырғы күзде ел конституциясына президенттік басқару мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзарту, ал президент болу үшін адамның жасы бойынша шектеуді алып тастау туралы тиісті өзгерістер енгізілді.
Әдетте Таяу Шығыс елдерінде президенттік билікті күшейту қауіпсіздік саласымен байланысты. «Al-Masry аl-Youm» газеті Ауғанстан сияқты күрделі елдермен көршілес жатқан Түрікменстанда ішкі ынтымақ сақталып, Ашғабаттың бейтарап сыртқы саясаты арқасында жағдайдың салыстырмалы түрде тұрақты екенін жазды. Францияның «Le Monde» газеті аталған елде негізгі қорлардың мемлекеттік-элиталық жүйені нығайту және қауіпсіздікті сақтау мақсатында жұмсалып отырғанын жария етті.
Соңғы кезеңдерде Ашғабат өз саясатында елдің экономикалық ахуалын есепке ала бастады. Түрікменстан экономикасы 2000-2015 жылдар аралығында жоғары өсім (8-10%) көрсеткен елдер қатарында болды. Шикізат бағасы төмендегенімен, елдің Резервтік қоры мен Тұрақтандыру қорында жинақталған қаражат дағдарысты еңсеруге, ІЖӨ көлемін сақтауға көмектесіп отыр. Елдің экономикалық өсімі 2016 жылдың алғашқы жартысында 6,1% деңгейінде болса, 2016-2017 жылдарда, тұтастай алғанда, 5,5% көлемінде сақталады деп күтілуде. Үкімет экономиканы әртараптандыру үшін жеке сектор, импорт алмастыру сияқты шараларды атқаруға тырысуда. Десек те, Түрікменстан үкіметі таратқан ресми статистикалық ақпараттар мен тәуелсіз дерек көздері арасында кейбір айырмашылықтар болуы мүмкін.
«Novastan» порталы әлемдік нарықтағы оқиғалар Түрікменстандағы халықтың өмір сүру деңгейіне әсер еткенін жазды. Кейбір шетелдік басылымдар аталған елде шикізат бағасы мен экспорт көлемінің төмендеуіне байланысты 2015-2016 жылдарда экономикалық өсімнің баяулап, үнемдеу саясаты жүргізіліп, субсидиялар қысқартылып, темекі тапшылығы, бензин, пәтер ақысы, азық-түліктің қымбаттағаны туралы ақпарат таратты. Ұлттық манат 20%-ға құнсызданып, жалақылар кешіктірілген көрінеді. Бір ескеретін жайт, Түрікменстан тәуелсіздік алғалы бері 2015-2016 жылдарға дейін халықтың белгілі бір бөлігіне қажетті тауарларды ақысыз таратып, қолайлы жеңілдіктер жасап келді. Ел үкіметі араб социализмін еске түсіретін сол субсидиялардың біразынан бас тартпақшы. Бұған қарамастан, сайлау науқаны кезінде Г.Бердымұхамедов президент болып қайта сайланған жағдайда халыққа әлеуметтік көмек көрсету саясатын жақсартатынын мәлімдеген.
«The Economist» журналы 2017 жылы түрікмен манатының девальвациясы жасалып, Ресей мен Иранға газ экспортының тоқтатылуының әсерінен 2017-2018 жылдарда шынайы ІЖӨ көлемі 2% деңгейінде болатынын болжайды.
Түрікменстан экономикасының негізін энергетика саласы құрайды. Аталған ел табиғи газ қоры жөнінен әлемде төртінші немесе алтыншы орынды иеленеді. Бұл ел Каспий мен Орталық Азия газ нарығындағы ықпалды ойыншы болуға талпынады. Аймақтың энергетикалық орталығына, Каспий аймағындағы көлік-транзиттік дәлізге айналу мақсатын көздеп отырған Түрікменстан экономикасының 70-80%-ын, яғни мемлекеттік кірістердің басым бөлігін табиғи газды сатудан түскен кірістер құрайды. Энергетика бағасының төмендеп, жаңа өткізу нарықтарының аздығынан бүгінде Түрікменстан бюджетіне түсетін кірістер азайып, әлеуметтік жағдайға салқынын тигізе бастағаны байқалады.
Ашғабат соңғы жылдарда бейтарап ұстанымының шеңберінде энергетика, көлік-коммуникация, транзит және тасымал салаларында біршама белсенді саясат жүргізіп келгені мәлім. Мысалы, халықаралық жолдар желісіне ену және сыртқы нарықтарға шығу үшін Түрікменстан «Жібек жолы», «Батыс – Шығыс», «Еуропа – Кавказ – Азия» жобалары, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран», «Түрікменстан – Ауғанстан – Тәжікстан», «Қытай – Қырғызстан – Түрікменстан – Иран – Оман» темір жолдары, «Қазақстан – Өзбекстан – Түрікменстан – Иран – Оман» сияқты халықаралық көліктік дәліздер жүйесінің дамуына жұмыс істеуде. Осы мақсатта Ашғабат 2014-2016 жылдарда БҰҰ-ның қолдауымен көлік тақырыбына арналған екі ірі халықаралық жиын өткізді. Түрікменстанның көлік-коммуникациялық стратегиясында халықаралық жолдар желісіне интеграциялану міндеті негізге алынған.
Түрікменстанда да Қазақстандағыдай солтүстік – оңтүстік және шығыс – батыс бағыттарында халықаралық және ішкі құбырлар жүйесі, электр қуаты желілері, темір жолдар, автожолдар, жаңа әуежай, ірі теңіз айлағы сияқты ірі халықаралық және аймақтық маңызы зор жобалар іске асырылды. Ал 2017 жылы Түрікменстан мен Өзбекстанның темір жолдары мен автожолдарын байланыс-
тыру мақсатында Әмудария өзенінің үстінен көпір салу жоспарлануда. Осындай ортақ жобалардың көбейгені аймағымызға тиімді.
Жалпы, Түрікменстанның көлік-тасымал саясаты Қазақстан көтерген бастамалар мен жүзеге асырған ірі жобалардан шабыт алғандай әсер қалдырады. Ашғабаттың энергетикалық стратегиясын және көпбағытты көліктік дәліздер құру жобаларын жүзеге асыруға саяси жігері жеткілікті болғанымен, энергетикалық дипломатиясының бағыттарын әртараптандыру тұрғысынан мүмкіндіктері біршама шектеулі болып тұр.
АҚШ-тың «Stratfor» зерттеу-барлау компаниясы жақында жариялаған сараптамада түрікмен экономикасының жағдайы туралы кейбір нақты ақпараттар қамтылған. Онда түрікмен газының көп бөлігін Қытай ғана сатып алып отырғандығы, сол себепті 2016 жылы газдың бір текше метрінің құны 160 АҚШ долларынан 100 АҚШ долларына арзандағаны айтылады. Түрікменстанның Қытайға шығаратын газ экспорты көлемін арттыруы салдарынан кіріс көлемі 30 пайызға, яғни 4,7 млрд АҚШ долларына төмендеген.
2014 жылғы ақпарат бойынша, түрікмен газының жартысы Қытайға, қалған бөлігі Иран мен Ресейге тең дәрежеде тасымалданыпты. 2016-2017 жылдарда бұл елдің Ресей мен Иранға шығарылатын газ экспорты белгілі себептерге байланысты тоқтатылған. Жағдайы біршама қиындаған Ашғабат қазір газ экспорты саласында тек Қытаймен ғана жұмыс істеуге мәжбүр.
Ашғабат үміт артқан ірі энергетикалық жобалардың бірі – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан (TAPI) газ құбырының құрылысы аймақтағы қауіпсіздік және қаржылық себептермен кейінге шегерілуі мүмкін. Өзбек сарапшысы Аваз Тахировтың сөзіне жүгінсек, TAPI жобасын жүзеге асыру үшін алдымен Ауғанстан мәселесін түбегейлі шешіп алу қажет. Себебі, Ауғанстанда әлі де болса сақталып отырған күрделі жағдай ортақ жобалардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін.
Ал Каспий теңізі арқылы Батысқа түрікмен газын жеткізу жобасы аталған теңіздің құқықтық мәртебесінің шешілуіне байланысты болып тұр. Сондықтан болар, түрікмен билігі «Каспий экономикалық форумы» тұрақты алаңын құру туралы ұсыныс жасады. Ашғабаттың сыртқы саясаты, экономикасы, көлік-транзиттік мүмкіндіктері тұрғысынан Транс-Каспий жобасы үлкен маңызға ие. Каспийдің құқықтық мәртебесі мәселесі жақында өтетін Каспий елдері мемлекет басшыларының саммиті қарсаңында қайтадан күн тәртібіне еніп отыр.
Алдағы жылдарда да энергетика – табиғи газ саласы Түрікменстан экономикасы мен саясатының басым бағыты болып қала бермек. елдің келешегі Түрікменстанның энергетикалық ресурстары мен транзиттік әлеуетін дұрыс пайдаланып, халықаралық саясаттағы және нарықтардағы жағдайды қаншалықты ескеретініне тікелей байланысты болмақ. Бұл мақсатты орындау үшін сындарлы дипломатиямен бірге, саяси тұрақтылықты сақтау да аса өзекті мәселе болып табылады.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
саясаттанушы