Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына қоғам және саяси қайраткерлерден, қоғамдық ұйымдар, еңбек ұжымдары басшыларынан, Қазақстан азаматтарынан президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтаған хаттар ағымы жалғасуда.
Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев өз хатында Мемлекет басшысын сайлаудағы сенімді жеңісімен облыс тұрғындары атынан құттықтаған.
– Біздің облыстың тұрғындары бұл тарихи хабарды үлкен қуаныш және шабытты көңіл күймен қабылдады. Сайлау нәтижелері бұл – көп ұлтты Қазақстан халықтарының Сізге деген үлкен құрметі мен жоғары сенімі, мемлекет басындағы Сіздің қызметіңізге берген жоғары бағасы. Сіз жүргізіп келе жатқан мемлекеттік саясаттың стратегиялық курсы бұл – Қазақстанның табысты дамуы мен гүлденуінің басты кепілдігі. Біздің қоғамымызды демократиялық жаңғыртуды жүзеге асыру, еліміздің халықаралық беделін көтеру жолындағы Сіздің еңбегіңіз – Отанымызға деген шексіз сүйіспеншілігіңіздің жарқын мысалы мен ерекше өнегелі үлгісі болып табылады. Сіздің басшылығыңызбен біз Отанымыздың гүлденуі, мемлекетіміздің қуатының артып, одан әрі дамуы үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, – деп жазылған хатта.
Ақтөбе облысы этно-мәдени бірлестігінің басшылары да Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаудағы тамаша жеңісімен құттықтады.
– Этно-мәдени бірлестік Қазақстанның ұлы тарихына, мұндағы барлық халықтардың ұлттық дәстүрлеріне қатысты құрмет көзқарасының негізінде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпал етіп келеді. Сіздің қолдауыңыздың нәтижесінде бізге әрбір қазақстандықтың сана-сезімінде Отанымыздың үздіксіз тарихи даму идеясын бекітудің, елдің өткені мен болашағының арасындағы берік байланыс жібін сабақтастырудың сәті түсті, – деп атап көрсетілген хатта.
Ал «Барбанг» Қазақстан күрдтері ассоциациясының басшылары өздерінің жолдаған хаттарында Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы жеңісі – бұл бүкіл Қазақстан халқының жеңісі, Ұлт Көшбасшысына бүкілхалықтық жоғары сенімнің белгісі екендігін жазыпты.
– Ел экономикасын жаңғырту мен мемлекеттің саяси құрылысын нығайту, демократияны дамыту бағытындағы тұрақты және дана саясатыңыздың нәтижесінде Сіз елдің ішінде де, сондай-ақ халықаралық деңгейде де үлкен беделге ие болдыңыз. Өз тамырын өткен шақтардан алатын Қазақстан халықтарының достығы жыл өткен сайын нығайып келеді. Бұл оң өзгерістердің, жағымды жетістіктердің барлығы қазақстандықтардың өздерінің Ұлттық Көшбасшысы ретіндегі Сізге деген үлкен сенімінің жетегінде жүзеге асу үстінде. Тыныштық пен бейбіт өмірді сақтау мен өзара келісімді қуаттайтын бірыңғай ұлттық идеяның айналасына топтастырылған қазақстандықтар Сіздің дана басшылығыңызбен өз болашақтарын құру үстінде, – делінген хатта.
Мемлекет басшысын сайлаудағы сенімді жеңісімен «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының Ақтөбе филиалының, облыстағы кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер, кәсіпорындар одағының басшылары да құттықтаған.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретіндегі Сіздің қызметіңіз еліміздің тұрақтылық пен гүлдену жолына түсуін қамтамасыз етті. Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту, ондағы халықтардың бірлігін қамтамасыз ету, ел азаматтарының тұрмыс деңгейін жақсарту бағытындағы Сіздің берік те салиқалы саясатыңызды біз әрқашан қолдаймыз, – депті олар.
Мемлекет басшысын сайлаудағы жеңісімен осындай құттықтау хаты «Семей мәшине жасау зауыты» АҚ басшылығы мен ұжымынан да келіп түсті.
– Сайлаудағы Сіздің жеңісіңіз – бұл Қазақстан халқының қамы мен елдің халықаралық беделін көтеру жолындағы Сіздің қажымас қайраткерлік қызметіңіздің жарқын дәлелі. Бұл жеңіс Сіздің елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуындағы қалыптастырған бағытыңызды халықтың жұмылған жұдырықтай бірлікпен қолдайтындығын тағы бір рет көрсетіп берді, – деп атап көрсетілген жолданған хатта.
Осындай хаттар ағыны еліміздегі көптеген еңбек ұжымдарынан, қоғамдық ұйымдардан толассыз келіп түсу үстінде. Олардың барлығы бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы сенімді жеңісін қызу құттықтай отырып, өздерінің Елбасымен бірге екендіктерін баса көрсеткен. Хат жолдаушылардың арасында «Алматы ауыр мәшине жасау зауыты» АҚ ұжымы, «Богатырь Көмір» көміршілер ұжымы, Алматыдағы «Әріптес» үкіметтік емес ұйымдар конфедерациясының басшылығы мен мүшелері, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар ұжымы мен студенттері, Ақтөбе облыстық жастар ұйымдарының басшылары мен мүшелері, Орал және Гурьев архиепископы Антоний, Семей қаласының тұрғыны А.Құдайбергенова, Орал қаласының тұрғыны А.Касмаль, Алматы қаласының тұрғындары Х.Бақтыбаева, С.Ермекбаев, Ақмола облысы Аршалы ауданының тұрғыны Н.Еваковская, Арал қаласының тұрғыны Ж.Салмырзаева, Шымкент қаласының тұрғыны К.Доспанбетова, Көкшетау қаласының тұрғыны А.Хлыстун, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының тұрғыны, еңбек ардагері,А.Терещенко, Павлодар облысы Шарбақты ауданының тұрғыны А.Поляков, Екібастұз қаласының тұрғыны Л.Баталов және басқалар бар.
***
Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына еліміздің барлық өңірінен құттықтау хаттар мен жеделхаттар легі толассыз келіп түсуде.
Құттықтаушылардың ішінде еліміздің көрнекті ғалым-қайраткерлері бар. Солардың бірі академик Әбдуәли Қайдар: «Сіз осы 20 жыл ішінде талай белестерді бағындырдыңыз. Еліміздің абыройын асқақтатып, төрткүл дүниеге паш еттіңіз. Мемлекетімізді жаңа даму жолына түсірдіңіз. Осындай игі істеріңіздің бұдан әрі де өркендей беруіне шын жүректен тілектеспін», деп жазады жеделхатында.
Академик Төрегелді Шарманов өз хатында: «Президенттік сайлауда халқымыздың Елбасын қолдап, ақ ниетін білдіруі бейбіт ғұмыр мен жасампаздыққа апаратын жолды таңдағаны», дейді. Сондай-ақ, Рабиға Сыздықова, Өмірзақ Айтбайұлы, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Сейіт Қасқабасов сынды академиктер жолдаған жеделхатта: «Қазақстан халқы еліміздің соңғы жиырма жылдағы жоғары қарқында дамуы мен өсіп-өркендеуін Сіздің есіміңізбен байланыстырады. Сондықтан ел таңдауы тағы да Сізге түсіп, тағы да Сізге сенім артты», делінген. Ал, жазушы Сәбит Досанов өз тілегін: «Сіздің бұл тарихи ұлы жеңісіңіз – көл-көсір еңбегіңіз бен көрегендігіңіздің жемісі», деп жеткізеді.
Сонымен қатар, Семей қаласынан «Абай қорының» президенті Балтабек Ерсәлімов жеделхатында: «Сіз қазақ халқының бағына туған азаматсыз. Шынай құрмет пен шексіз ризашылыққа бөлене беріңіз», деп ағынан жарылады. Ал, «Абай» журналының директоры Ырысхан Мұсаұлы мен ақын Мұратбек Оспанов: «Атам қазақ отырған алтын айдарлы ұлына ақсарбас айтып, толайым көңілден ақ тілегін ақтарып жатады. Осы дәстүрді сақтай отырып, бүкіл әлемді таңдай қақтырарлық табысыңыз бен сайлаудағы ірі жеңісіңіз ұзағынан сүйіндірсін», дей келе, Елбасының алдағы өкілеттік кезеңіндегі еңбегіне тілектестік білдірген.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысын Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қапламбек гуманитарлық агроэкономикалық колледжінің директоры Еркімбек Қанжігітов, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Байназар, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Сұлушаш Қайранова қатарлы зиялы қауым өкілдері жеделхат арқылы құттықтаған.
Елбасына ақ пейілдерін білдіргендердің арасында ардагерлер де аз емес. Павлодар облысынан жеделхат жолдаған Ұлы Отан соғысының ардагері Қабдеш Нұркин: «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы ретінде толағай табыстар мен биік белестерден көріне беріңіз», деп ыстық ықыласын жеткізген. Осы облысқа қарасты Май ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Әлмырза Ахметов Елбасын құттықтап, ақ тілегін білдірген. «Қазақстанның жағдайын жөндеп, жер жүзіндегі үлкен мемлекеттердің қатарына қостыңыз. Енді бұдан да былай елімізді көркейте беруіңізге тілектеспіз», деп жазады Жамбыл облысы Мойынқұм ауданынан хат жолдаған еңбек ардагері З.Қамшыбаев.
Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы тұрғындары атынан жеделхат жолдаған аудан әкімі Т.Жексембаев Мемлекет басшысының алдағы атқарар ісіне толайым табыстар тілейді. Осы өңірдегі Абай ауданының тұрғындары игі тілектерін жеделхат арқылы білдірген. Президентті сайлаудағы үлкен жеңісімен құттықтап, шынайы лебіздерін білдіріп жатқандардың ішінде Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Қазфосфат» АҚ-тың мыңдаған жұмысшыдан тұратын үлкен ұжымы да бар. «Сайлаудағы бұл жеңісіңізді біз елді көркейтудегі, тыныштықты сақтап, халықтың әл-ауқатын арттырудағы атқарған ерен еңбегіңізге отандастарымыздың берген жоғары бағасы деп білеміз», делінген басқарма төрағасы М.Есенов пен бас директор М.Искандировтың атынан келген жеделхатта. Сонымен қатар, Мемлекет басшысын Қазақстан Кәсіпкерлері ассоциациясы атынан басқарма кеңесінің төрағасы Ж.Жанқұлов құттықтапты. «Сіздің орасан зор саяси тәжірибеңіз, өмірлік даналығыңыз бен сарқылмас күш-қуатыңыз әлі ұзақ жылдар бойы Қазақстан халқының мүддесі жолында қызмет ететініне сенім білдіреміз», деп жазады ол өзінің хатында.
Елбасын сайлаудағы жеңісімен құттықтап, ізгі тілектерін білдіргендер арасында Қостанай облысы, Жангелдин аудандық мәслихатының депутаты К.Карбозов, Қазақстан жастары Конгресі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жастары, Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары атынан: Кеңес Одағының Батыры Т.Қауымбаев, Социалистік Еңбек Ері Б.Шүкірбеков, жазушы Е.Тұрысов, халық ақыны Ә.Қалыбекова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ вице-президенті Ж.Айменов, т.б. бар.
«Бүгін Қазақстан мен Сіздің есіміңіз қатар айтылады. Өйткені, еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылында Сіздің бастауыңызбен Қазақ елі төрткүл дүниеге әйгілі, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылуға толық мүмкіндігі бар іргелі де экономикасы қуатты елге айналды», делінген Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының жанындағы штаб мүшелері Б.Нұрасыл, Қ.Абжанов, Е.Келгенбаев, А.Дудник жолдаған жеделхатта. Мұндай мазмұндағы құттықтаулар сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал аудандық қоғамдық штаб мүшелері О.Аяшев, И.Үмбетаев, Қызылорда облысы, Арал ауданының тұрғыны Ж.Салмырзаева, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының әкімі Т.Қасымжанов, «Нұр Отан» ХДП Жарма аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, Жарма аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы С.Жылқыбаев және Жарма аудандық қоғамдық штаб мүшелерінен, ойылдық Қ.Нұрымгерейұлынан, С.Әубәкірұлынан, еңбек ардагері Ә.Қасымбекқызынан келіп түсті.