М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде профессор-оқытушылар мен студенттердің қатысуымен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық
бәсекеге қабілеттілік» тақырыбы бойынша ғылыми-теориялық конференция өтті.
Алқалы жиынды еңселі оқу ордасының ректоры Серік Өмірбаев кіріспе сөзбен ашып, алдымен Президенттің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуге байланысты жалпыхалықтық талқылаудың кең қанат жайғанын, осылайша әлеуметтік-экономикалық сипаттағы маңызды шешімдер қабылдау арқылы демократиялық үрдістерге кең жол ашылатынын атап көрсетті. Реформалар мен мемлекеттік бағдарламалардың тиімді түрде жүзеге асырылуына Үкімет те, Парламент те мүдделі болуға тиіс. Жауапкершілік нығайған жерде тәртіп те, талап та болады. Ең бастысы, әркімнің өз жұмыс учаскесіне деген тегеурінді көзқарасы, берік байламы қалыптасады. Елбасы ұсынған кең ауқымды ұсыныстар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірумен қатар, жергілікті атқарушы органдардың да дербестігін нығайтады.
Конференцияда сөз алған «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Жанбай Қадыров, «Ақпараттық жүйе» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Наталья Копьева, «Энергетика және радиотехника» кафедрасының доценті Юлия Герасимова, «География және экология» кафедрасының меңгерушісі Павел Дмитриев биыл халыққа жария етілген «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан туындайтын міндеттерді саралап, негізгі басымдықтар аясында атқарылатын шараларды сөз етті.
Бүгінде оқу орнының ғалымдары 14 ғылыми жоба аясында ізденістерін жалғастыра түскен. Олар ауыл шаруашылығы, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар, экологиялық таза азық-түліктер шығару, энергетика және машина жасау, тағы басқа салаларды қамтиды. Университет басшылығы өзін өзі жұмыспен қамту жөніндегі студенттер бастамаларына үлкен қолдау көрсетіп келеді. Жаңа оқу жылынан бастап барлық мамандықтар бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» атты пән енгізілген. Кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры осы тақырып шеңберінде бірнеше оқу семинарын ұйымдастырған. Алда бірқатар шараларды жүзеге асыру белгіленген. Олардың бірі – білім бағдарламаларын мамандандырылған аккредиттеуден өткізу, Wi-Fi-ға сымсыз қосылу жүйесін кеңейту, электронды оқу залдарындағы компьютерлерді жаңарту, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына қаржыгерлер іздестіру.
Жиынға қатысушылар Үндеу мен Жолдау талаптарын басшылыққа ала отырып, өз жұмыстарын одан әрі ширата түсуге уағдаласты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы