• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2011

Аға ұрпақ алғысы

459 рет
көрсетілді

Қазақстан ардагерлерінің орталық кеңесі өзінің 1 млн. 700 мыңнан астам мүшесінің атынан Елбасы Н.Назарбаевтың кезектен тыс Қазақстан Республикасы президенттігіне сайлауында жеңіске жетуіне қолдау білдіретіні туралы мәлімдеме жасады. Осы мәселеге байланысты Қа­зақстан ардагерлері кеңесінің төр­ағасы Қайырбек Сүлейменов, оның орынбасары Бекболат Мұ­қышев, ұйымның жауапты хат­шысы Михаил Харжевский мен 1974-1987 жылдары Қазақ КСР Оқу министрі болған Қажыахмет Балахметов еліміздің барлық ардагерлерінің атынан Елбасы­ның сайлаудағы жеңісімен құт­тықтап, өз ойларымен бөлісті. Кездесуде Қ.Сүлейменов Қа­зақ­­стан халқының соңғы 20 жыл­дағы өмірі Н.Назарбаевтың есі­мі­мен байланыстырылатынын, осы уақыт ішінде ол батылдық таны­тып, сын сағатта халықтың бола­шағы үшін ең дұрыс шешім қа­былдай алғанын айтты. «1991 жы­лы Кеңес Одағы ыдыраған кезде елде азық-түлік тапшылығы се­зіліп, жаппай жарық болмай, көп­теген өндіріс орындары жабылып, халықтың есеңгіре­ге­нін білесіздер, – деді ол. – Республикаларда ұлтаралық қақтығыс­тар бо­лып жатты. Осы кезде Нұр­сұлтан Әбішұлы не істеу керектігін білді. Қазақстан халқының қолдауымен оның ұстанған бағы­ты, жүргізген саясаты елді қиын жағдайдан ғана шығарып қоймай, реформалардың іргетасын қалап берді». Осылай дей келіп ол Елба­сының басшылы­ғы­мен елімізде нарықтық экономика таңдалып, Конституцияның негізі қаланға­нын, Қарулы күштердің құ­рылып, құқықтық реформалар­дың сәтті жүргізіле бастағанын айтты. Пар­ламентаризмнің дамуы мен жер­гілікті атқарушы органдардың ны­ғаюы да Президенттің жүргізген саясатының арқасы екенін, ал аға ұрпақтың оның елдегі бейбітшілік пен келісімнің орнатудағы сіңір­ген еңбегіне әрқашан алғыс білдіретінін мәлімдеді. Осыдан кейін еңбек ардагері Қ.Балахметов сөз алып, ол кезінде өзі қызмет еткен білім және ғылым саласына кеңірек тоқ­тал­ды. 1993 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастары­мыз­дың шетелдің атақты университеттеріне білім алуға мүмкіндік жасалғанын, қазір оқуын бітіріп, мамандық алған солардың көбі елімізге оралып, әр салада қызмет атқарып жүргенін айтты. Соны­мен бірге, бүгінде жас ұрпақты жақсы дайындықтан өткізу үшін Көкшетау, Семей, Астана қалала­рында Президенттің интел­лек­ту­алды мектептері жұмыс істеп жат­қанын, келесі жылы олардың саны жиырмаға жететінін, барлық мектептерде қазіргі заманғы технологиялармен жабдықталған ка­би­неттердің ашылғанын, ал оқы­тушыларға көрсетіліп жатқан кө­мектің арқасында олар тұрмыс­тық жағдайын жақсартып, шет елде білімін жетілдіруге жағдай жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол «Балапан» бағдарламасының, жыл сайын жаңадан ашылып жат­қан балабақша мен мектептердің, несиелік жобаға көшкен жоғары оқу орындарында маман дайын­дау, істелініп жатқан ғылыми зерт­теу жұмыстарының маңыз­дылығына ерекше тоқталып өтті. Кездесу соңында Қазақстан ардагерлері кеңесінің төрағасы Қ.Сүлейменов бастаған азаматтар еліміздің Тұңғыш Президентінің алға қойған міндеттерінің орын­далатынына сенетіндерін айтып, Н.Назарбаевқа Президент болып қайта сайлануымен құттықтау жолдап, оның елімізді өркендету және Отанымыздың халықаралық аренадағы беделінің өсуіне қызмет етуіне табыс тіледі. Дастан КЕНЖАЛИН.