Аударманы осы іспен кәсіби түрде айналысқан, білікті ағамыз Ісләм Жарылғапов «Туындама өнері» деп атаған еді. Шынында, аударма – қайта тудыратын өнер. Кейбір аудармалардың мағынасы мен мазмұны түпнұсқадан әлдеқайда асып кететіні белгілі. Абайдың Лермонтов арқылы Гетеден аударған «Қараңғы түнде тау қалғыбын...» айтпағанның өзінде, оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Туындама өнерін көркем әдебиетте ғана емес, кез келген аудармада да тиімділікпен қолдануға болады, сонда аударылған мәтіннің жүзі жайнап, бетіне қан жүгіріп тұрады. Шебер аудармашының қолынан шыққан ресми құжаттар мен жат мәтіндердің өгейсімей, жүрекке жата кететіні содан. Аударманың бәсі бізде қазір асып тұр. Барлық құжат орыс тілінде әзірленіп, мемлекеттік тілге аудармалар арқылы келеді. Бірақ бүгінгі аударманың көбі туындама өнеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, түпнұсқаның мазмұнын толық ашпайтын, сөзбе-сөз қотарылған қарабайыр дүние. Ондайдың бәрін мемлекеттік органдарда аудармашы болып қызмет істейтін мамандар жасайды. Өкінішке қарай, олардың жұмысын қарап, тезге салатын жан табыла бермейді. Сондықтан олар өз қадери-халінше мәтінді сөзбе-сөз қиюластырып, кілт сөздерді көрсете алмай, мағынасына терең бойлай алмай, әйтеуір аударып шыққан болады. Мұндайлардың мазмұнын тану үшін көп жағдайда түпнұсқаны көтеруге тура келіп жатады. Қазақша сөйлей алмайтын, орысша оқыған үлкенді-кішілі шенеуніктеріміздің «ана тілін шығарып жатқан» осындай аудармалар. Осындай жолмен жасалған мәтіндер мен құжаттарды Парламентте, я басқа жерде оқып берген шенеунік қатты қиналып, онсыз да шала білетін тілі тұтқырланып, әбден сасады. Кейбір аудармалар орыс тіліндегі мағынасын жоймау үшін сөз қайталауларына ұрынып, сөйлемі шұбар ала болып та жатады. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір мысал келтірейік. Жуырда Парламентте мынадай мәтіндегі заң қабылданды: «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы Тараптың қолдау көрсетуі туралы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы». Бұл сөйлемде 30 сөз бар, соның ішінде «туралы» мен «республика» сөздері үш реттен қайталанған. Заң жобасын «Қазақстан Республикасының заң жобасы» деген тіркес те артық, өйткені, Қазақстанда туған заң жобалары Қазақстан Республикасыныкі екені онсыз да белгілі емес пе? Оны әрбір заң үшін қайталай берудің қажеті қанша? Осы мәтіндегі кілт сөз: «Меморандум о взаимопонимании», яғни «өзара түсіністік меморандумы». Басқа сөздің бәрі соның әрекетін ашып тұрғандар. Сондықтан заңды: «Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізгенде қабылдаушы тараптың қолдау көрсетуі жөнінде Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасында жасалған Өзара түсіністік меморандумын ратификациялау туралы заң жобасы» деп аударылған болса әлдеқайда жеңіл әрі түсініктірек болмас па еді? Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әрине, заң жобасының аудармасын қараған жетік мамандар мұны көрген болуы мүмкін, бірақ қайсыбірін түзете берсін... Салдарынан, осындай қиын да күрделі атаулар қала береді. Жоғарыда шенеуніктеріміздің «қазақша тілін шығарып жатқан» осындай аудармалар екенін айттық. Бұл сөздің еш артықшылығы жоқ. Барлық мемлекеттік органдардағы қазақ тіліне жауаптылар – тек аудармашылар. Шенеуніктер мемлекеттік тілде сөйлеу қажет болғанда солардың жасаған мәтіндеріне жабысып, солардың тілімен сөйлеп жатады. Көптеген баяндамалар аудармашының қарымын айна-қатесіз танытып тұрады... Әрине, ешкім де аудармашы болып тумайды. Бұл мектеп біздің елімізде, әлі де толық қалыптасып болған жоқ. Бұрын тек баспасөз ғана аудармамен айналысып, бұл бағытта әбден машықтанып, шеберліктің жоғары шыңына жеткен мамандар қалыптасқан еді. Олар барлық саланың мәтіндерін еркін аударатын. Алайда, олардың тәжірибесін басқаларға көрсетіп, шеберлігін үйрететін ешбір мектеп қалыптаспады. Бүгінгі таңда аудармаға мемлекеттік деңгейде назар аударатын сәт келді. Аудармашыларға осы іспен айналысқан білікті ағаларымыздың ақыл-кеңесі мен әдістерін үйрететін арнаулы орталық ашылуы керек. Сонда туындама өнері жанданатын болады, ал тіліміз жұтаңдануын қояды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»