• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2017

Әлиханның аманаты

965 рет
көрсетілді

Бүгін Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында "Әлиханның аманаты" пьесасының премьерасы өтеді. Қойылымның режиссері - Гүлсина Мерғалиева. Көрнекті мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан туралы жазылған зерттеу еңбектер баршылық. Солардың қатарында арнайы пьеса жазылып, енді, міне, театр төрінде сахналанғалы отыр. Осыған байланысты біз осы пьесаның авторы Нартай Сауданбекұлымен әңгімелескен едік. – Нартай Сауданбекұлы, былтыр елімізде ұлт көсемі атанған Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы аталып өтті. Биыл Алашорда үкіметінің құ­рылғанына 100 жыл толуына байла­ныс­ты көптеген іс-шаралар қолға алы­нуда. Әрине, «Әлиханның амана­ты» пьесасының дүниеге келуіне осы­нау дүбірлі мерейтойлардың да әсе­рі тигені анық. Дегенмен де өмірде бол­ған тарихи тұлғалар туралы жазуға қа­лай тәуекел еттіңіз? – Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов театрында жұмыс істеп жүргенімде Шоқан Уәлиханов туралы көп естідім. Шынын айту керек, Шоқан туралы елдің пікірі екі түр­лі. «Орыстың жансызы» деп қара­ла­й­тындар да бар. Тіпті, Шоқан деген есімінің өзі шоқынды болғаннан кей­ін өзгерткен деген мүлдем қисынға кел­мейтін әңгіме айтады. Қазақтың маң­дай­ына біткен жарық жұлдызы туралы жазылған С.Мұқановтың «Аққан жұл­дыз» романын да оқып шықтым. Қысқасы Шоқанды біраз зерттедім. Со­дан әлгі қаралаушыларға жауап ретінде алғаш рет «Шемен» деген пьеса жаздым. Әріптестерім, обалы не ке­рек, жақсы баға берді. Көп ұзамай ақ­таулық Гүлсина Мерғалиева деген режиссер «Пьеса жазудағы тілің жатық екен, оқиғалар да жақсы өрбиді», деп қазақтың бес арысы туралы бір жақсы дүние жазып беруді өтінді. Әрине, бұл мені жігерлендіріп, қатты қуантқанымен, тарихи тұлғалар туралы пьеса жазудан бас тарттым. Себебі, қазақтың маңдайына біткен бес тұлғаны бір пьесаға сыйдыру мүмкін емес болып көрінді. Шынымды айтайын, оған бірден тәуекел де ете алма­дым. Содан бір әріптесім Әлихан Бөкейхан туралы жаз деген ой тастап, осы тұлғаның өмірі ту­ралы зерттеуді бас­­тадым. Бұл бағытта ақылшы, ке­ңес­ші керек болғандықтан, тарихшы Сұлтан-Хан Аққұлұлымен сөйлесіп, ол кісі Әлихан туралы жазған 6 томдық кітабын берді. Сонымен, бұл іске құл­шына кірістім. Әйтсе де, пьесаны жа­зуға отырғанда алғашында дерек­тер­дің легінен шыға алмай қалған кез­­дерім де болды. Бөкейхан туралы жи­­наған ақпараттарым өте көп болды. Іші­нен шер­тіп жүріп таңдаулысын ғана шы­ғар­мама пайдаландым. – Өзіңіздің негізгі мамандығыңыз ак­тер екен. Әрине, сахна төрінде жү­ріп, сол саланың қыр-сырын біл­ге­ніңізбен, пьеса, драма жазу мүлдем бас­қа дүние емес пе? – Айтайын деп тұрған ойыңызды түсіндім... Иә, мен Т.Жүргенов атын­да­ғы өнер академиясын бітірдім. Ма­ман­дығым – театр және кино актері. Театр­да 20 жылдан астам уақыт жұмыс іс­тедім. Арасында киноларға да түстім. Әрине, «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген, әр саланың қыр-сырын өз маманы ғана жақсы түсініп, білсе керек. Әйтсе де тарихта актер болып жүріп, пьеса жазумен айналысқандар өте көп. Әйгілі Шекспирдің өзі актер болған. Мольердің де мамандығы актерлыққа жақын. Шекспирдің шығармалары әлі күнге сахна төрінен түспей келе жатқанының бір сыры сол актерлық тәжірибесінің молдығынан деп те ойлаймын. Мұхтар Әуезовтің өзі «Еңлік-Кебекті» жазып әрі сол спектакльде бір рөлді ойнап, кем-кетігін түзеді емес пе? Сондықтан пьесаны сахнаны түсінетін, білетін адам жазса, анағұрлым жақсы дүние шығар еді. – Соңғы жылдары Әміре Қашау­баев, Мұстафа Шоқай және басқа да тарихи тұлғаларымыз туралы көп­те­ген фильмдер түсіріліп, драмалар жа­зылуда. Жасыратыны жоқ, жұрт әлі де бұл тұлғалардың тағдыры туралы те­реңірек білмейді... – Дұрыс айтасыз. Шынында қазір Бөкейханды көшеде өтіп бара жатқан біреуден тосыннан сұрап қалсаң, білмей жатса оған таңғалудың қажеті жоқ. Білетіндердің өзі алашордашы деп айтуы мүмкін. Әрі қарай тереңірек еш­теңе дей алмайды. Міне, осыдан кейін театр­лардың қызмет ету функциясы өз­геріп бара жатыр деп айтуға болады. Қазір бұл қасиетті шаңырақ тек өнер ордасы ғана емес, білім ор­да­сының да міндетін атқаратын сияқ­­ты. Мысалы, Қ.Қуанышбаев теат­ры «Сәкен сұңқар» деген спекта­кль қойды. Сол қойылымнан кейін С.Сей­фу­л­линді енді танып-біліп жат­қан мек­теп оқушыларын көрдім. Бала­лар­­дың «Сей­фуллин көшесі осы кісінің аты­на қойылыпты, ол осындай күшті кі­сі болған екен ғой» деп әңгімелесіп ба­­ра жат­қанын естіп, өзім де айран-асыр болдым. Міне, жыл бойы кітап бер­меген нәрсені бір жарым сағатта театр берді. Осы­дан кейін тарихи тұлғаларымыз ту­ралы жазылған дүниелердің көбей­ге­ніне тек қуануымыз керек. Әрине, оның сапасы, мазмұны, шындығы, ол басқа әңгіме. Ең бастысы, ел осындай дүниелер арқылы танымал тұлғалар туралы тереңірек біле бастады. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асса да Әлихан туралы көркем шығармалар өте аз жазылыпты. Былтыр 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Ерсайын Төлеубай деген режиссер Әлихан Бөкейханға арнап пьеса жазды. Оны сынағандар да көп болды. Тіпті қатты-қатты айтқандар да кездесті. Өз басым бұл тақырыпқа да біреу жол салды-ау деп қуандым. Ме­нің­ше, пьесалардың көп болғанынан ұтыл­май­мыз. Режиссерлер солардың жақ­сы­сын таңдап алып, сахнаға шығарар еді. Сондықтан да Әлихан Бөкейхан ту­ралы әлі де жаза түсу керек. – «Әлиханның аманаты» пьеса­сын жазу сізге қаншалықты қиын­ға түс­­ті? Бұл шығармада Бөкейханның өмірін, күрес жолын, ел үшін сі­ңір­­ген еңбегін көрсете отырып, қан­дай ой түйдіңіз? – Әрине, бір шығармада Әлиханның келбетін, тұлғасын толық ашып тастадым деп айта алмаймын. Қаншама жыл­дан бері осы тақырыпты тереңі­рек зерт­теп жүрген мықты әли­хан­тану­шы­лардың өзі оны толық таны­дым деп айта алмаса керек. Бұл көркем шығарма ғой. Сондықтан кейде қаптаған деректерден бойды алып қашып, қиялға да ерік беру керек болды. Әлихан өмір бойы ұлтының көзі ашық, сауатты болуын аңсап өтті. Ел мен елді тек білім ғана теңестіретінін түсінді. «Қазақтың хан баласында хақысы бар еді, сол хақысын беруім керек, өлгенше халқыма қызмет етемін» деген Әлихан шынында ұлы тұлға. Сол замандағы Алаш қайраткерлерінің барлығы Әлиханды ұлт көсемі деп санады. «Әр ұрпақ өзіне тиесілі аманатты жетер жеріне дейін жеткізіп ке­туі керек. Жеткізе алмасақ, келер ұр­­паққа көтере алмайтын үлкен жүк тас­тап кетеміз», деген Әлихан. Бұл шы­ғармам Алаш қайраткерлерінің аман­атын жеткізу, ел үшін жанын пи­да еткен осынау тұлғаларды бүгінгі ұрпақ жақынырақ тани түссе, ел үшін еткен еңбегін, күрес жолын білсе, құрметтесе, жүрегінде сақтаса деген ниетпен жазылды. – Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»