• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2011

Жаһан мойындаған жасампаздық

597 рет
көрсетілді

Табаны күректей жиырма жыл бо­йы­на, Президент Әкімшілігі құрыл­ған ал­ғашқы күннен бастап, ежелден еркіндігін аңсаумен келе жатқан, небір жау­гер­шіліктің жұтын, отаршылықтың озбыр­лы­ғын көре жүріп, «мың өліп, мың тіріле» жүріп, тәуелсіздігіне әзер жеткен қазақ елінің Тұңғыш Прези­денті­нің қол астында қызмет атқарып ке­леміз. Лауа­зым­дық міндеттеріме орай сарапталатын заңдар, жарлықтар, өкім­дер, Мемлекет басшысы қатысқан ірілі-ұсақты мәжіліс­тер мен кеңестердің ілес­пе аудармалары, олардың шешімдерін са­ралайтын хатта­ма­лары, шұғыл жедел­хат­тары мен қай­тар­ған жауаптары, ха­лықаралық және мемлекетаралық уағ­да­ластықтарға бай­ла­нысты келісімшарттар, награда тап­сыру, азаматтыққа қабылдау мен одан шы­ғару, саяси баспана беру, соттал­ған­дарға кешірім жасау сияқты күнделікті жұмыстың сыр­тында ондаған кітабын құрастыру мен шығаруға атсалыс­қаны­мыз, тікелей бас­шылығымен егемен елі­міз­дің Ата Заңын аударуға қатысуымыз, тәуелсіз мемлекетіміздің нормативтік-құ­қықтық актілерінің атауларын қалып­тас­тыру­шы­лардың арасынан табылып Президент Кең­се­­сі­нің бастығы Махмұд Қа­сым­бековпен бірлікте, өзінің батасын ала отырып «Нұр­­сұлтан деп ат қойдым...» деген кі­тапты жазуымыз – мақтаныш сезімімен ауыз толтырып айтуға аздық ете қой­маса керек деп ойлаймын. Енді осы кітаптың жазылу барысы жа­йында әңгімелесем деймін. Әлі есім­де, бізге балалары мен немерелеріне Президентіміздің атын қойған­дар­дан көптеп хат келе бастаған. Алғаш­қы­да жай баяндап, өзінің келісімімен алғыс білдіріп, бүлдіршін аттас­та­рына тілектестігін хабарлап, жылы рәуіште жауап қайтарып жүрдік. Келе-келе ондай хаттар тым көбейе түсті. Қазақстанның бар өңірі қам­тыл­ғаны былай тұрсын, бауырлас қырғыз, өзбек, татар азаматтарынан асып, тү­рік, чешен, дағыстан, башқұрт аға­йын­дардың артын ала орыс, украиндарға ұласты. Алғашқы емен-жарқын әңгі­ме­лесуіміздің сәті де сонда түскен еді. Кітаптың жазылуы барысында, аптал азамат Махмұд Қасымбековпен аты әңгіме арқауына айналып отырған адам­ға – Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнайы жолыққан едік. Кі­тап­тың құрылымы, онда көтерілген мә­се­лелер туралы ой-пікірлерімізді ортаға сала келіп, осыған орай Елбасының тікелей өзіне бірнеше сұрақ қоюды жөн көретіндігімізді алға тарттық. Осы сұхбат негізінде жазылатын арнайы та­рауға үлкен үміт артатынымызды, оның жалпы кітаптың ауыр жүгін арқалауға тиіс екендігі жөніндегі пайымдауы­мыз­ды да жасырған жоқпыз. Мемлекет басшысы жоспарланып отыр­­ған әңгімеге деген көзқарасын біл­діргеннен кейін, өтінішімізді қана­ғат­ты се­зімімен қабыл алды. Сол сұх­батты оқыр­­ман назарына ұсын­­ғанды жөн көр­дік. Себебі, онда Пре­зидент бі­тім-бол­мысынан суырт­пақ­тап сыр тартар біраз мағлұматтың бар екені еш даусыз. * * * – Нұрсұлтан Әбішұлы, алғашқы сұрағымыз мынандай: Сіздің аты­ңыз­ды кім қойған? – Менің әкем Әбіш – атамыз На­зар­байдың кенжесі. Ол кісінің Әбіштен үл­кен Үмбет, Шалабай деген ұлдары, бір қызы болған екен. Қызы жас кезінде қай­тыс болып кетіпті. Назарбай әлде би, болмаса болыс па, әйтеуір, ау­қым­ды аймаққа билік жүргізген, қо­лын­да мөрі бар адам екен. «Назар­бай­дың жазығы», «Назар­бай­дың диірмені» деп аталатын жерлер әлі де бар. Шамамен, Шамалған, Қаскелең, «Үш­қоңыр жайлауы» деген мекендерді қо­ныс­тан­ған болса керек. Қазақ дәстүрі бо­йын­ша әке-шешесі қартайғанда кенже ба­ла­сының қолында болады ғой. Әже­міз – Мырзабала бәйбіше біздің үйде тұрған. Назарбай атамыз елді отырық­шы­лыққа икемдеп, жерге тұрақ­тан­дыруға көп көңіл аударған адам сияқты. Оның әкеміздің үш жасында, ғасыр басында дү­ниеден озғанын қариялар айтып оты­ратын. Сонда, әкей 1905 жылғы бол­са, атамыз 1908 жылы қайтқан тә­різ­ді. Ол кісі дүние салғаннан кейін мөрін әжеміз Мырзабала марқұм ешкімге бермей, өз қолында ұстаған. Демек, бар билікті қолға алған ғой... Әжеміз мен бес жасқа келгенде қай­тыс болды, еміс-еміс есімде бар, сұң­ғақ бой­лы, әдемі кісі еді. Өте жігерлі бола­тын. Бар балаларына, ауыл-аға­йынға айт­қа­нын істетіп оты­ра­тын. Ол кісіге ешкім қарсы келмейтін. Әке­­ме тұр­мыс­қа шық­қан­нан кейін ше­шеміз бес жыл­­ға де­йін құр­сақ көтер­меп­ті. Ел: «Бұ­лардың ба­ла­лары болмай­ды», «анау-мынау...» – деп жүр­ген­де, мен туып­пын. «Кенже ұл­дан көр­ген тұңғыш немерем» деп, әжеміз мені бауырына салып алып­­ты. Со­ны­­мен, ме­­ні сол әже­міз бақ­қан. Менің атымды да Нұр­сұл­тан деп өзі қойыпты. – Қандай жағ­дай­да және неліктен ол есімді қойған деп ойлайсыз? Мүм­­кін, әулеттеріңізде ұқсас есімді адамдар болған шығар? – Қандай жағдайда екенін білмеймін, ал неліктен екенін түсіндіріп кө­рейін. Елдің айтуынша да, менің па­йым­дауым­ша да бұл есімді Құраннан алған болса керек. Өйткені, әжеміз құдайға сеніп, құл­шылық еткен, намаз оқитын – мұ­сыл­мандықты қастерлеген адам еді. Үнемі ақ шағаладай боп, әппақ киім киетін. «Молдалармен ақылдасты, әдейі осы есімді таңдап қойды...» дейтін сөз бар. Мен кейін Құранды арнайы қара­ған едім. Құдайдың 99 аты бар. Солар­дың ішінде Нұр деген бар, Сұлтан деген бар, бірақ Нұрсұлтан дегені жоқ. Әлгі «молдалармен ақылдасты» деулері – «Жара­ту­шының екі атын біріктіріп қойсақ қай­теді?» – деп кеңескендері болса керек... – Өзіңіз есіміңіз туралы қандай ойдасыз? – Мен ешқашан «менің атым қан­дай?» деп ойланып көрген емеспін. Ат­ты әке-шешең қояды, сондықтан ол ту­ра­лы кім ойлайды? Тек оның мағынасы бар ма, жоқ па деп ойлауға болады. Бір ғана айта кететін жай, бұрын өз есімімді көп кездестірмейтін едім. Мұндай ат сирек болатын. Мысалы, мектепте жүр­генімде ондай есімді бала болған жоқ, оқыған, жұмыс істеген жерлерімде аттастарым­ды кездестірмедім. Қа­тар­ластарымның арасында менімен есімдес екі адам ғана бар екенін білетінмін: бірі – белгілі ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов, екіншісі – Қара­ғандыда ми­лиция полковнигі еді. Басқа ешкімді ұшырастырған емеспін. Мен отбасының тұңғыш баласы, әжем­нің кенже ұлының бірінші немересі бол­дым деп жоғарыда айттым ғой. Оның үсті­не, біраз жыл немере көр­мегендіктен бе, әжей жарықтық мені көп қорғаш­тапты. Ешкімге көрсетпеуге тырысқан. Менің то­ғыз айда аяғым шыққан екен. Тәй-тәй ба­сып, жүре бастаған кезімде «көз тимесін» деп, арнайы дорба тігіп, аяғымды соған кигізіп қояды екен. Сонда көрші-қолаң келіп: «Балаңыз әлі жүрмеген бе?» – десе: «Жоқ, ә. Құдай бізге қайдан оңған баласын берсін, жүр­мейді әлі...» – дейді екен. Аяғы байлаулы бала, әрине, жүре алмайды ғой. Ол кісі мен бес жасқа келгенде қайтыс болды. Ауырып жатқаны аздап есімде. Тауда жүрген кез еді, сатымен үйдің төбе­сіне шығам деп құлап, содан дүние салды. – Басқа мемлекеттердің азамат­тары да атыңызды көптеп еншілеуде... – Ендеше, бұл үрдіс халық ризашы­лығынан туған болар деп ойлаймын. Басқа халықтар Қазақстанды көрмей, білмей отырған жоқ. Қазақстан қанша көп ұлтты болса да, тыныштықта өмір сүруде. Біздің халықтарымыздың ара­сын­дағы татулыққа бәрі сүйсінеді. Әри­не, қиындықтар да болған. Ал олар­ды ескермей, алға жылжуға болмайды. 300 жылдан бері Ресеймен, басқа көр­ші мемлекеттермен араласып-құра­ла­сып келеміз. Уақыт талабымен біздің жерімізге неміс те, украин да, дүңген де, ұйғыр да қоныстанды. Ең бастысы, сол халық­тар арасындағы ауызбірлікті, ыс­тық ілтипат пен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалу керек болды. Алғашқы күннен бастап саясат ретінде де, Заң ретінде де, қыз­мет ретінде де соны іске асы­рып келеміз. Осының бар­лығына ха­лық риза. Жан-жақ­­тағы елдер де мұның бәрін көріп отыр. Мә­селен, Чешенстанда 80 мың адам, Кавказда: қарабақ, армян – бәрін қос­қанда 150 мың адам, бір Тәжік­станда ғана 100 мың адам қаза тапты деп хабарлап жатыр. Ал біздің еліміз бейбіт, ты­ныш өмір сүруде. Халыққа ең керегі осы емес пе?! Сон­дық­тан басқа ұлттың адам­дары да бала­ла­рына осы есімді қоятын болуы керек. – Осындай абзал азаматтарға, бал­дыр­ған аттастарыңызға айтар тілегіңіз? – Мұндайда тек жақсы тілек айту керек қой. Өздерің айтқандай, Нұр­сұлтан деген – жақсы ат. Бұл есім Қа­зақ­станда, жал­пы түркі тектес халық­тарда айрықша мағынаға ие. Мысалы, Нұр сөзі түрік, қып­шақ, басқа тілдерде – жарық, сәу­ле, жылу деген мағына береді. Сұлтан де­геніміз – түркі, парсы, араб дүние­сін­де ел басқарған адамдар. Тіпті пат­ша­лар­ды да сұлтан деген. Сондай-ақ, сұл­тан­дар патшаның жер-жердегі билік жүр­гізу­ші өкілдері (наместник) болған. Жалпы, шыр етіп дүниеге келген ба­ласына қандай адам жаманшылық ой­лай­ды? Үлкен азамат болып, әкесі­нің атын шығарса деп армандайды. Елі­не қызмет етіп, халқына жақын бол­ғанын қалайды. Жағдайы жақсы болса, мінезі жақсы болса, батыр болса дейді. Сұлу болсын, шешен болсын дейді. Міне, сол тілектерінің бәрі қабыл бол­сын! Ниеттеріне жетсін! Балалар­дың біреуі – Елбасы, енді біреуі – ға­лым, ақын болсын, ақылды бол­сын! Елін, жерін, Отанын сүйетін, хал­қы­ның тәуел­сіздігін қорғап, болаша­ғы­на қыз­мет ететін ел азаматтары болып өссін! Солар өсіп, азамат болғанда, қол­да­рына билік тигенде, біздің Қазақ­станы­мыз барлық өркениетті мемлекеттермен терезесі тең, бай, дүние жүзі сый­лай­тын, халқының тұрмысы түзеліп, әл-ауқаты артқан, ғылым мен техниканы түгел игер­ген ел болсын. Сол кезде біз сияқты жасы ұлғайғандар да жақсы тұратын болсын. Балалар да, оқушылар мен студент жастар да – жалпы үкімет тара­пы­нан әлеу­мет­тік қамқорлықты қажет ететін санат­тағы барлық отан­дас­тарымыз да жақсы жағдайда болсын. Ел гүлденген, тірлік түрленген заманға тезірек жетейік! * * * Қат-қабат қыруар қызмет арасынан аса қымбат уақытын бөлгені және мазмұнды әңгімесі үшін алғысымызды айтып, қол алысып қош айтысып шыға салысымен, санадағы сан әсерді жады­мызда қайта жаңғырттық. Жасыратын несі бар, былайғы аға­йын «Президент Әкімшілігінде қызмет атқа­рамыз» десек, бізді Нұрсұлтан Әбіш­­ұлымен күнде жолығысып жүр­гендей көреді. Жиналыс, мәжілістерде болмаса, оңаша әңгімелесудің сәті сирек екеніне сендіру де қиын. Алайда шын­дығы – сол. Сондықтан да бірлі-жарым бағамдаған әсерімізді ортаға салғанды жөн көрдік. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қыз­мет бабындағы принципшілдігін, яғ­ни қатаң талап қоюмен қатар, сергек се­зім­талдықпен қамқорлық та көрсете ала­тындығын тікелей қол астында қыз­мет атқаратындардың барлығы жақсы біледі. Әлбетте, Президент алдына келген адамның жас шамасына байланысты сақ­талатын дәстүрлі салттан да ауыт­қы­май­ды. Кімге де болсын өзін еркін сезініп, терезесі тең жағдайда әңгі­ме­лесуіне мүм­кін­дік туғызады. Жүйелі сөздің желісін үзбей тыңдайды; қажет болған жағ­дайда, ойды нақтылай түсуі үшін қам­шылайды; керек кезінде, ар­на­йы сұрақ қойып жетелей де біледі. Сөз салмағы жеңілдеп, діт­теген межеден ауыт­қып бара жатса, са­быр­лы сыпа­йылықпен қа­жет­ті арнасына аударып, болмаса тың та­қ­ы­рып­қа бастап кетіп, жіті бақылап оты­рады. Ойлы сөздің орайы келіп жатса, жадырай күліп, баурап ала­ды. Көбінесе айтайын дегеніңді емеу­рі­ніңнен сезеді. «Ол былай емес пе еді?» деп ой орамын өзі жалғап жүре береді. Сомдалған санасы, толысқан тәжі­ри­­бе­сі, туа біткен бітім-болмысы – бәрі-бә­рі алып шынардың бұтақтары мен та­мыр­ла­рындай; соның бәрін бойына сі­ңір­тіп, қан­дай да дауыл дүлейде де шай­қалт­пай­тын­дай көрінеді. Оған жан жылуы­ның мол­ды­ғын қосыңыз. Осы­ның бәрі бірігіп келгенде, Қазақстан Пре­з­и­денті­нің пайы­мына ай­нал­ған. Ол – Нұр­сұлтан Назар­баевтың бү­гінгі таң­да жүр­гізіп отырған бірегей сая­са­ты­ның түп-тұ­ғыры. Татулық пен ты­ныш­тық­­тың туын көтерген мәмі­ле­гердің монументіндей. Әрі ол саясат бар­ша­ға мәлім. Міне, ұлтымыздың ұлы перзенті, ел жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың саңлақ саясаткер ретіндегі қызметін, арда азамат ретіндегі бітім-болмысы мен елдік мінезін сомдайтын басты бағыт осындай жасампаз да қарапайым, ірі де іргелі істерден бастау алады. Сондай-ақ бұл – абыройлы азаматқа ақ жол, сәтті сүрлеу тілегенде, ең алдымен тілге тиек ететін кемел көрсеткіш те. Қадыр ӘЛІМҚҰЛОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.