Ел газеті «Егеменнің» қалың оқырманы семейлік жазушы Медеу Сәрсекенің тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен халқымыздың соңғы ханы Кенесары көтерілісінің шындығын қылышынан қан тамған заманда ашып көрсетуден еш тайсалмаған тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов туралы Астанадағы «Фолиант» баспасынан екі тілде, сондай-ақ Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан әлемге әйгілі «ЖЗЛ» сериясымен деректі кітабын шығарғанынан хабардар. Өйткені, жыл соңында «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» аталған тарихшының шерлі тарихы туралы жазушымен көлемді сұхбаттар жариялаған болатын.
Ұстанған бағытынан қайтуды білмеген ер Ермұханды тәуелсіздік жаршысы деген ләзім дейді жазушы ағамыз. Ал биылғы жылдың соңында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтілмек. Соған орай тарихшы туралы бұл кітаптың ең алғашқы тұсаукесер рәсімі Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінде өткен болса, оның себебі де жоқ емес-ті. Өйткені, Ерекең осы қарашаңырақта 1946-1966 жылдар аралығында жиырма жылдай еңбек етіп, қазақ тарихы кафедрасының іргесін қалаған еді. Ұлт тарихына ден қойған тарихшылар мектебі де сол тұста қалыптасқан.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткізілген тәуелсіздік жаршысына арналған кітаптың тұсаукесерін аталған университеттің ректоры, ғылым докторы, профессор Ғ.Мүтанов кіріспе сөзбен ашқан соң, белгілі тарихшылар Т. Омарбеков пен Б.Кәрібаев ғұмырнамалық кітап жайлы өз пікірлерін ортаға салды. Жиналғандар У.Шалекенов, М.Асылбеков, Т.Тұрлығұл сынды білікті тарихшылар мен Ерекеңнің жұбайы Х. Бекмұхамедованың және тағы басқалардың сөзін де зейін қоя тыңдағанын да айта кетсек дейміз.
Бұдан кейін осындай тұсаукесер рәсімі тарихшы ғалымның туған жерінде жалғасып, Баянауыл, Екібастұз және Павлодардағы оқырмандармен кездесуге жазушымен бірге Ерекеңнің ұлы Сермұхан да қатысуы кеш мазмұнын арттыра түскені анық.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.