Төрт құбыласы түгел, ата-ананың аялы алақанында, ата-әженің меймілдеген мейіріміне тойып өскен баланың болашағына жақындарының алаңдайтыны түсінікті. Ал шарана күйінде
отбасылық шаттықтан ада, ол туғанда қуанудың орнына безініп, безірейген ата-анадан туған баланың келешегі қандай? Әлеуметтік өмірге бейімделмеген, мейірімге шөліркеп,
белгілі тәртіп аясында өскен баланың келешегі қалай болады?! Бір қарағанда барлығы әзір, не ішемін, не киемін дейтін емес... Жылы жерде, арнайы білімі бар мамандар тәрбиелеген
жастар ешкімнен кем емес, орта білімін алып, кәмелеттік жасқа толып, бұғанасы бекіген тұсында өмір айдынында еркін жүзетіндей... Алайда, сол айдында балалар үйінде тәрбиеленген жас үшін қаншалықты қиындық туады, кейінгі өміріне оның тигізер әсері қандай болмақ. Белгілі бір режім аясында тәрбие алған баланың әлеуметтік ортадан ойып тұрып өз орнын алуы қаншалықты нәтижелі? Ойлай берсең, ой да көп, туындайтын сауал қарасы да мол.
Мамандар мұндай ортадан шыққан балалардың жүйкелерінің әлсіз, ашушаң, ызақор келетінін алға тартады. Сондықтан, оларды әлеуметтік өмірге бейімдеуде арнайы мамандардың қоғаммен бірлесе қимылдауы арқылы оң нәтижеге жетуге болатынын айтады. Оларды қоғамдық өмірге даярлау жолында әлеуметтік педагогтар, психологтар қимылының үндесуі маңызды деген ойға ден қояды. Өйткені, шектеулі қарым-қатынастың шеңберінде, тұйық жүйеде өмір сүрген бала үшін қазынаның бағымынан шығып, әлеуметтік ортаға бірден бейімделу оңай шаруа емес. Қайнаған тіршіліктен алыста өскендіктен, әлеуметтік-мәдени тәжірибесі жоқ талай жас адасып, талай өркен темір тордың арғы жағында, жас өмірін қайғыда өткізуде. Орны толмас осындай өкініштерді қайткенде азайтып, баланы бұл ортаға қалайша бейімдей аламыз? Міне, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан әр жеткіншекті адастырмаудағы өзекті мәселенің бірі осы болып тұр. Балалар үйлеріндегі осы және өзге де олқылықтардың орнын толтыруда бақылау кеңестерін құру жайы айтылып жүретін. Кезегін күтіп тұрған мәселені оңтайлы шешкен жөн. Білім және ғылым министрлігі биылғы жылдың бірінші тоқсанында балалар үйлерінің жанынан оның қызметіне қоғамдық бақылау жүргізуді көздейтін Бақылау кеңесінің жұмысын бастамақ.
Кеңес құрамына қоғамдық ұйымдардың, балалар құқығын қорғау қорларының, асырап алушы ата-аналар қауымдастығының, мемлекеттік басқару органдарының (оның ішінде құқық қорғау органдары) өкілдері кіреді. Осылайша, аталған ұйым балалар үйлерінің тыныс-тіршілігіне етене қатысып, жағдайды бақылау арқылы, балалар құқығын бұзу әрекеттерінің алдын алуды жоспарлап отыр. Бақылау кеңестері балалар үйлерінің қызметі жайлы есептерді тыңдап, басшылығының іс-әрекеттерін қадағалайды және балалардың жағдайын дербес бағалап, олармен әңгімелесе алады. Ал бұл кеңестердің атқарған жұмысы жайлы ақпарат интернет-ресурстарында, оның ішінде балалар үйлері мен министрліктің Балалар құқығын қорғау комитетінің ресми сайттарында жарияланады.
Бақылау кеңестерінің құрылуы балалар үйлерінің қызметін жақсартып, қоғам үшін жариялы етері сөзсіз. Бұл осы күнге дейін жабық мекемелер ретінде саналып, жағымсыз, тіпті кей кездері заңсыз әрекеттерге жол берілген балалар үйлерінің қызметіне оң әсерін тигізіп, қоғамдық қадағалауды күшейтеді деген сенімге жетелейді.
Расында, қоғам шындап қолға алса, сына қағылардай саңылауы жоқ тас қабырға да сөгіледі, көк бітпес тақырға да желкілдеген құрақ өседі. Бақылау кеңестері құрылғандағы ниетін толық жүзеге асырса, бұра тартып бара жатқан тұстардың жөнделері анық. Мәселен, Грузия балалар үйі мәселесінде біраз жетістіктерге жеткен. Соның нәтижесінде, жетім балалар тәрбиелейтін мекемелер жабылып, есесіне тәжірибелі мамандарды қоғам үшін ендігі бір қажеттілік – дәстүрден ажырап, отбасылық құндылықтары қожырап, балалары тәртіпсіз болған шаңырақтардың проблемаларымен айналысуға жұмылдырған. Бір қуанарлығы, біздің елімізде де жылдан-жылға ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны азаюда. Бұл – өз отбасына бала тәрбиелеуге ықылас білдірген ата-аналар санының өсуінен туындап отырған жақсылық. Елімізде көп жылдан бері алғаш рет жетім балалар санының төмендеуіне байланысты балалар үйі жабыла бастады. 2015 жылдан бастап 48 жетімдер үйі жабылды (жалпы саны 188-ден 140-қа дейін азайды).
Отбасылық форма тәжірибесін кеңейту мақсатында 2016 жылдың 9 сәуірінде еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі нәтижесінде жетім және қамқоршысыз қалған балалармен қарым қатынас жасаудың жаңа мүмкіншіліктері – асырап алушы отбасы, сондай-ақ, балаларды демалыс және мереке қүндері отбасына тартатын – қонақтық отбасы сияқты жаңа формалар енгізілді. Бұл қазақстандық отбасылардың қамқоршылық белсенділігін арттыруға басты себеп болды. Сонымен қатар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туралы және балаларды асырап алғысы келетін отбасылардың республикалық деректер базасы құрылды. Оның жемістері де бар.
Атқарылып жатқан шаралардың барлығы, оның ішінде балалар үйлерінің жанында бақылау кеңестерін құру да, балалардың өмір сүру сапасын мейлінше жақсартуға, құқықтарын қорғауға және қоғамның назарын ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мәселелеріне көбірек аударуға бағытталып отыр. Бақылау кеңестері балалардың бабы табылуындағы жақсы қадам болады деген сенім бар.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»