Ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған облыстардың бірі – Ақтөбе. Республикада өнеркәсіп өндірісі жағынан көш бастап жүрген облыстың болашағы бұдан да жарқын. Өткен жылы мұнда әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі көрсеткіштер республикалық орташа деңгейден асып түсті. Бұл жағымды жайт өңірде әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің де оң тұрғыда шешілуіне жол ашты. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткен 2016 жылдың негізгі қорытындылары жөнінде облыс жұртшылығының алдында берген есебі кезінде талдау тиегін осы тұстан тарқатты.
Бүгінгі күні Президент тарапынан өңір басшыларына жүктеліп отырған басты міндеттер инвестиция тарту көлемін ұлғайту, жұмыссыздық деңгейін төмендетпеу және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу екені белгілі. Облыста бұл тұрғыда жақсы нәтижелер бар. Тіпті, аймақта республикадағы ең төменгі инфляция деңгейі тіркелген. Бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру жөніндегі мәселелер де жүйелі жолға қойылған. Осы орайда салық түсімдерінің қосымша көздерін іздестіруге баса назар аударылды деп атап көрсетті өңір басшысы. Ауыл әкімдерінің дербес бюджетін енгізу жөніндегі мәселе қазірдің өзінде басталып кетіпті. Бүгінгі күні облыстағы 50 ауылдық округтің қоржынына қаржы түсіп үлгерген.
Өңірде азық-түлік қауіпсіздігінің кешенді бағдарламасы белгіленген. Ақтөбеліктердің жергілікті өнімдерді тұтыну деңгейі жетпіс пайызды құрайды. Мұндай табыстың басты сыры ауылшаруашылық кооперативтерінің көбеюі, саланың әртараптандырылуы және дәстүрлі емес шаруашылықтың кеңінен етек жаюы болып отыр. Негізгі асыраушы жер екені белгілі. Сондықтан да облыс әкімі тарапынан суармалы және көлдете суарылатын жерлердің көлемін ұлғайтуға баса көңіл бөлінген.
Өмір сапасын жақсартуға ең қажетті факторлар дербес баспана, ауыз су және көгілдір отын емес пе? Өңір тұрғындарының қажетті игіліктермен қамтылу деңгейі жоғары. Биыл тұрғын үй құрылысының ауқымын өткен жылғы деңгейден асыру көзделген. Оны қолжетімді несиелік қаражаттар және «Нұрлы жер» қанатқақты жобасы арқылы шешу қарастырылған. Әсіресе, мұнда үй құрылысы комбинаты технологиясы арқылы тез тұрғызылатын қосқабатты үйлер жөніндегі жобаға елімізде ешқандай балама жоқ деуге болады. Сонымен бірге, облыс басшысы биылғы жылы атқарылатын басты міндеттердің бірі көлік инфрақұрылымын жақсарту екеніне екпін түсірді. Бұл бағытта халықаралық Ақтөбе – Ор, облысаралық Ақтөбе – Атырау автожолдарының құрылысына екпін берілмек. Аталған нысандар Азия даму банкі арқылы қаржыландырылған.
Мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту ісінде облыста үйренуге тұрарлықтай үрдістер мол. Облыс басшысы айтқандай, бұл істер тек қағаз жүзінде емес, нақты іс пен тәжірибеде өзін өзі ақтап келеді. Әкім өз есебінде апатты жағдайдағы мектептерді жою ісі биылғы жылдың өзінде толықтай шешімін табатынын мәлімдеді. Ал келесі жылы үш ауысымды оқыту жүйесі де келмеске кетпек. Үстіміздегі жылы облыста жиырма үш мектептің құрылысын бастау белгіленген. Бұған қоса алпыс бес балабақша ғимараты тұрғызылмақ. Оның елу төрті бюджеттен тыс қаражат көздері есебінен жобаланған.
Ақтөбе республикамыздағы агломерациялық даму аймағына кіреді. Бұған тән басты ерекшеліктердің бірі экономикалық белсенді тұрғындардың санын өсіру және табиғи өсім санын көбейту болмақ. Бұл тұрғыда өңірде бала туу көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары, ал өлім-жітім төмен екенін де айта кеткен жөн.
Кездесу кезінде Б.Сапарбаевқа облыс тұрғындары тарапынан алғыстар мен ризашылықтар білдірілгенін айта кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Олар облыс басшысының елдің өсіп-өркендеуі үшін атқарып жүрген еңбегіне жоғары баға берді. Ақтөбе облысы әкімінің есебінен кейін ел не деді? Біз олардың ой-пікірлерін оқырмандар назарына түйіндеп бергенді жөн көрдік.
Алтай Тайжанов, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор:
– «Қазақстан-2050» Стратегиясында қай кезде де елдің еңсесін тіктейтіндер меритократиялық сипаттағы тұлғалар екендігі жөнінде айтылған оралымды ой бар. Бұл саяси терминнің түпкі мағынасы қазақшалап айтқанда жайлы да жұмсақ кресло мен жоғары лауазымды орынға бірден топ етіп түсе қалмау, оған төменнен тәжірибе жинақтап келу деген сөз. Мен бүгін ел алдында есеп берген Бердібек Сапарбаевты осындай өмір баспалдақтарынан өткен, басшылық қызметте әбден ысылған, елдің мұң-мұқтаждарына ортақтасып қана қоймай, оны тікелей шеше алатын әрі халыққа жаны ашитын өңір басшысы деп есептеймін. Ал бүгінгі халыққа берген есебі оның сөзі мен ісі арасында ешқандай алшақтық жоқ екендігін тағы да дәлелдеп берді.
Арман Ниязов, жеке кәсіпкер:
– Облыс әкімі өз есебінде аймақ экономикасын дамытудың көкейкесті мәселелеріне терең талдаулар жасады. Әрі оны өрге бастырудың басты жолдарының бірі шағын және орта бизнестің деңгейін күрт көтеру екенін атап көрсетті. Өңір басшысы 15 ақпанда Президенттің алдында да есеп бергенінен хабардармыз. Осы кездесуде Елбасы өңір экономикасында шағын және орта бизнестің үлесін елу пайызға дейін жеткізу жөнінде өте күрделі міндет қойды. Біздің құрғақ құрама қоспалар өндіретін шағын бизнес субъектісі осы жауапты іске өз үлесін қосуға әзір.
Нұрила Жарболова, жүйке ауруларына шалдыққан мүгедек балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
– Бүгінгі басқосуда Бердібек Мәшбекұлының мемлекет-жекеменшік әріптестігі жөнінде айтқан ой тұжырымдары назарымды айрықша аударды. Жақсыдан шапағат дегендей, бұл мәселедегі облыс әкімінің табанды көзқарасы мен нақты қолдауының нәтижесінде мүгедек балаларды емдеудің және оңалту мен оқытудың жаңа жүйесі құрылды. Бұған қоса екіжақты әріптестік қарым қатынас аясында 123 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туды.
Айдынғали Қоғабаев «КазСуШар» РМК Ақтөбе өңірлік филиалы Ойыл учаскелік бөлімшесінің инженер гидротехнигі:
– «Сулы жер нулы жер», деп халқымыз тектен-тек айтпаған. Қазіргі кезде Ойыл секілді республикамыздың жартылай шөлейтті аудандарында суармалы жердің көлемін ұлғайту қажеттігі туындап отыр. Мұнда су мен ылғалды өте көп қажет ететін дәнді дақыл түрлерінің бірі – тары өсіруге бекем бел буған Шығанақ Берсиевтің бүгінгі ізбасарларының көбейіп келе жатқаны да оның қажеттілігін тереңдете түседі. Облыс әкімі бұл түйткілді де дөп басты. Ол алдағы уақытта өңірде суармалы жерлердің көлемі ұлғаятыны жөнінде айтып берді. Іздегенге сұраған дегендей, біздің күткеніміз де осы еді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы