Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақстандағы орыс, славян, казак ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі өкілдерінің республикалық дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараға қауымдастық төрағасы Владимир Божко, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің белсенділері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, жастар қатысты.
Жиында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша «Қазақстандағы орыс, славян, казак ұйымдары ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігіне кіретін этномәдени ұйымдардың алдындағы міндеттер қаралып, сонымен қатар, Мемлекет басшысының конституциялық реформасына байланысты ұсыныстарды әзірлеу мәселелері талқыланды.
В.Божко: «Бүгінде Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлуге қатысты Үндеуі мен халыққа арнаған Жолдауы қоғам назарын аударып отыр. Олар алдағы уақытта елдегі көп бағыттың дамуына жаңаша серпін алып келмек. Сол арқылы Қазақстанның одан әрі қарай ілгерілеуіне жол ашылатын болады деп ойлаймыз» дей келе, бұл екі ауқымды құжаттың да рөлі зор екенін жеткізді. Бұдан кейін қауымдастық төрағасының орынбасары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков жаңа конституциялық реформаны жүргізу кезінде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға айрықша мән берілетініне тоқталды.
«Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы кезінде мықты президенттік билік, президенттік басқару керек болды. Себебі, мемлекет жас болды. Ал қазір президенттік-парламенттік басқару жүйесінің тиімділігі туралы көп айтылып жүр. Себебі, біздің әлемді танудағы мәдениетіміз, саяси мәдениетіміз, басқару мәдениетіміз өзгерді. Осыларды сараптай келе, Президент конституциялық өзгерістерді жүзеге асыру туралы ұсыныс айта келе, билік тармақтарының қызметін үйлестіруге, тепе-теңдікте сақтауға баса мән беріп отыр. Жалпы алғанда, бұл дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын. Қазақстан – әлемдік қоғамдастықта белгілі бір дәрежеде өз орнын иеленген мемлекет. Демек, мұндай өзгерістер елдің одан әрі дамуына, басқару тетігінің нығаюына ықпал ететін болады», деді А.Башмаков.
Сонымен қатар, ол Елбасы Парламенттің рөлін күшейтуді назарда ұстап отырғанын, бұл Парламенттің халық алдындағы жауапкершігін арттыруға, ел ішінде демократиялық үдерістердің жандануына негіз болатынын атап өтті. «Егер, конституциялық реформа төңірегіндегі өзгерістер жүзеге асса, онда Парламент Үкімет қызметінің дұрыс жолға қойылуын жауапкершілікпен қадағалауға мүмкіндік алар еді. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі, осы арқылы Парламенттің бақылау тетігі күшейе түседі. Бұл тетік күшейсе, бюджет қаржысының толық игерілуі мен дұрыс бағытта жұмсалуы қадағаланатын болады», деді ол.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ахмед Мурадов та Анатолий Башмаковтың сөзін қуаттай келе, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу Парламенттің ғана емес, Үкіметтің де қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға сеп болатынына тоқталды. Ол: «Мәселен, Парламент өзі шығаратын заңдардың дұрыс орындалуын қадағалап қана қоймай, Үкіметтің өзі жыл сайын бекітетін жоспарының орындалу-орындалмауына, түрлі заң бұзушылыққа қатысты есепті сұрауы, яғни жұмысын қадағалауы керек» дей келе, бұл Парламент үшін бақылаудың маңызды тетігі екенін жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»