Кеше Тәуелсіздік сарайында өткен Елбасын ұлықтау салтанатынан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Конституцияның 70-бабының 1-тармағына сәйкес, Үкіметтің жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін тоқтататынын хабарлады.
Алдымен Кәрім Мәсімов Үкімет мүшелері атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен және Президент ретінде ресми іске кірісуімен құттықтады. Мен барлық Үкімет мүшелеріне бірлесе қоян-қолтық жұмыс атқарған жылдар үшін алғысымды жеткізгім келеді. Меніңше, біздер Қазақстан халқына, Елбасына адал қызмет еттік. Мен осында отырған әрбіріміз осы құрамда жұмыс атқарған әр күніміз үшін ұялмаймыз деп ойлаймын. Біз қолымыздан келген істің барлығын істедік. Енді басқалар бізден гөрі жақсырақ істесін. Мен өз атымнан әріптес боп жұмыс атқарған әрбір күн үшін сіздерге үлкен рахмет айтқым келеді, деді ол.
Бұдан соң К.Мәсімов Конституцияның 70-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы Конституциялық заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының жаңадан сайланған Президентінің алдында өз өкілеттігімізді тоқтатамыз, дей келе құжатқа өз қолын қойды.
Осы күні, яғни 8 сәуірден бастап жаңа мерзімдегі президенттік қызметіне кіріскен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Үкімет құрамы бекітілгенге дейін қазіргі Үкіметтің өз міндеттерін атқара беретіндігі туралы Жарлыққа қол қойды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.