• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2017

Мархабат Байғұт. Қош бол, кітап...

548 рет
көрсетілді

Ассалаумағалейкүм, алтыннан ардақты, күмістен салмақты нағашы көке! Менің кітап кеміргіш әкем, сіздің хат жазғыш жездеңіз осылай бастаушы еді ғой. Шама­мен. Жездеңіз мына жаман жие­ніңізді нағашысына тартады, жазушы болады деуші еді. Кі­таптарыңызды ауылдың әр үйіне таратып беретін. Әпкеңіз баспа бетіне шыққан суреттеріңізді аялай сипап отыратын. Жүз жиырма төрт үйлі Үй­гентас ауылы аудан бойын­ша, ал ауданымыз уәлаят көле­мін­д­е көркем әдебиетті ең көп оқи­тын елді мекендер еді ғой. Байта­ғыңыз бүкіл Сы-Сы-Сырда бі­рін­ші орын алатын. Кітап оқудан. Көке, жиеніңіз тартпады. Сізге. Кеше кешірілмес қылмыс жасадым. Мен. Бүгін қолыма қа­лам алдым. Алдыма ақ қағаз жай­дым. Ең алғашқы және ең соңғы шығармам осы шығар, нағашы. Басынан бастайыншы. Бәрін. Жездеңіз кітап кеміріп, клуб меңгерушісі болып өтті. Өмір­ден. Шаруаға қыры болмай, қырып алуға қырым ет байла­май, қу дүние шіркінді түк те ойламай, желгектеніп жүре беретінін жақсы білетінсіз. Мандолин тартып, Шәмшінің әндерін шырқайтын. Әйтеуір тік жағасының сырты кестеленген ақ жейдесін кір шалдырмайтын. Әпкеңіздің арқасында, әрине. Екеуі қатты ғашық болғанын да білесіз. Бір-біріне. Әкеміз Теріс өзені, әпкеңіз Арыс өзені басталар тұстарда туып-өскен дә-ә. Арыс пен Теріс арасында махаб­бат хаттары ерсілі-қарсылы ұшқан да-а. Қалықтап. Қанат қағып. Қос ғашықтың қалай қосыл­ғанын қалжыңдап көп айтатынсыз. Әпкеңіздің орнына қыз болып хат өрнектегеніңізді де жасырмайтынсыз. Өзіңіз. Әкем мен шешем қаншама қиындықтарды қалқоз халқымен бірге бастарынан кешті. Жеті қыз бен екі ұлды жетілдіру жеңіл емес-ті. Клуб меңгерушісі кітап оқып жатса, келіншегі кетпен шапса, тұрмыс қалай оңалсын?! Сонда-дағы қабақтарын шытпайтын. Жездеңіз бен әпкеңіз. Кітап оқудың қызығымен бәрін ұмытатынбыз. Біз. Барша­­мыз. Ол жылдары сіз жиі­рек келетінсіз. Жүз жиыр­ма төрт үйлі Үйгентастың күллі жұрты қайран қала қарап қала­тын. Тірі жазушыны көріп. Жиі-жиі сұрайтын. Сізді. Кітап­тары­ңыз­ды. Өтпелі дейтұғын өзгешелеу кезең жетті. Жеті қыздың жан-жаққа ұзатылып үлгергенін қара­саңызшы. Елдің бәрі ерекше тең деп есептелер ескі заманда. Қалқоз тарамай тұрғанда. Үлкен жиеніңіз Таразда тұрақ­таған. Қоржын там, бірер ірі қара мен отыз шақты қой және солар қыстайтын қиқы-жиқы қора қара шаңырақтың иесі ретінде маған бұйырған. Әпкеңіз әлектеніп, енелерінен енді бөлінген қозы отарын қабылдаған. Орта мектепті жаңа бітірген мені көмекшілікке алып, азаптың арбасына жеккен. Жекешелендіру жаппай жүріп кеп-кеп берген. Аңыз айтқыш, пікір пайым­да­ғыш, кітап оқығыш үйген­тастықтар қалқозды қаз-қал­пында қалдыру керек дескен. Күңкілдескен. Ондай-он­дай ойлар орындалмасқа ойыс­қан. Егістіктер еншіленген. Шабындықтар шекараланған. Жайылымдар жайбағысталған. Алайда, тау баурайларындағы қысқы қораларды меншіктеу қиынға соққан. «Жер дауынан да, жесір дауынан да қой қораларды бөлу ауыр болды-ау!» дескен тарихи романдарды тапжылмай оқуға әдеттенген әлеуметіңіз. Балбұлақтың басындағы қора­ны бөлмекке кәмәсия келген. Оншақты үміткердің ара­сындағы айтыс-тартыс алыс-жұлысқа айнала жаздап, Үй­гентастағы үйаралық ахуал кей құрлықтардағы халықаралық жағдайлардан бетер шиеле­ніскен. Кәмәсия мүшелері қатты сасқан. Біреулері жалбыз жұлып, екін­шілері андыз сындырып иіскеген боп, жанжалдың бейбіт түрде басылуын Жаратушы Иеден жалбарына тілескендей-тұғын. Пенде шіркіндердің әуле­кі әрекеттеріне қиналған мөлдір бастаулар жалт-жұлт жалтақ­тасады-ай. Кенет, көке, қайдан, қалай тауып ала қойғанын қайдам, сіздің әпкеңіз қолындағы он алтыншы калибрлі, ескі мылтығынан аспанға оқ атты. Айқай-шу сап тыйылды. Өмір бойы кетпен шабумен, қал­қоздың қойын бағумен, сақпан­шылықпен, соңғы жылы қозыдан тоқтыға айналған қиын отардың бейнетімен буылтықтана шы­нық­қан білектерін сыбанып, қа­руын қайта көтерді. Енесінен қал­ған екі күміс білезігін күздің кемпіршуағына жарқ-жұрқ еткізе ентігіп, бүй деді-ау сонда әпкеңіз: − Он­ шақты үміткердің қай­сысы қалқозға, қой шаруа­шы­лығына менен артық еңбек сіңірдім десе, алға шықсын! Шы­нымен сондай адам табылса, тас-қора сонікі. Табылмаса, менікі! Жал­ғандыққа жол бергенді бір­ден атып тастаймын! Кәне, шықсын! Секундтар сыртылдады. Ми­нуттар митыңдады. Жал­быздар тербелді. Андыздар шай­қалды. Он минөттей уақытта он ­шақты таласкердің бірде-біреуі тырп етпеді. Әпкеңіз тағы да: − Таланға түсіп, таражға кеткен қалқозды қирандыға айнал­дырған басшыларың тұрсыңдар, қосшыларың тұрсыңдар. Кәмә­сия­ларың келіпті. Қырық мың­ға жуық қойды бартерге деп... Жеп... Жұтып қойғандар кім­дер?! А-а-а-а?! Кімде-е-ер?!.. Ай­татын адам бар ма?! – деді. «Кімде-е-ер?!.. А-а-а-а?! Де-е-ер?!..» деген жаңғырық тау-тастарды, сай-салаларды аралап кете барған. Ақырында, ағатай, Балбұ­лақтың басындағы байырғы қора бізге тиген. Сіз келмейтінге кеттіңіз, көке. Неге өйттіңіз? Дей алмас­пын. Жазушылардың жағдайы нашарлаған. Нағашыларыңа қиын. Десетін. Кейбір кісілер. Бара алмадық біз-дағы. Той-томалақтарда асығыс амандасып, аз-кем ғана жөн сұрасып, асығыс түрде қоштасатынбыз. Үйгентас ауылының тұрғындары тірі жазушының бірі хақында тіс жармайтынға айналған. Клуб меңгерушісі кітап ке­міруінен танбады. Ойпаңдағы үйімізде ой үстінде жатады. Қалқозда істеп көрмеген. Өмір бойы ауылдық кеңеске қарасты клубтың қызметінде жүрген. Шырылдауық шегірткеше әнде­тіп-әуендетіп, әдебиет дейтұғын әлдененің өнбес те өшпес әң­гімесін шерте әпенделеніп, секең­деп жүре беріпті. Сіздің жездеңіз, біздің әкеміз жөніндегі қоғамдық пікір осылайша аунап түскен. Осынау себептерден ол кісіге жекешелендіру тұсын­да түк те тимеген. Өзі де ұм­тыл­маған. Қалдаяқовтың қайы­ғында кітап оқып жата беретін. Күндердің күнінде клуб та жекешеленді. Әлдебіреулер тиын-сиынға сатып алып, бұ­зып әкетісті. Премьер-минист-ріңіздің оңтайландыру саясаты ойран салды. Білесіз оны. Ауылдық кітапхана мектеп кітапханасына қосылды. Ауыл кітапханасының мүлік-мүкәмалы мектепке сыймастан, мыңдаған кітаптар өртелді. Боралдай бұлақтары бас­талар тұста саз бар еді ғой, нағашы. Міне, сол сазды түбекте кітаптар үш күн, үш түн бойы жанып жа­тыпты. Ең сорақысы сол, жана бастаған кітаптарға жаны ашыған жалғыз адам табылмапты. Таудан, Балбұлақтың басынан түнделетіп жеткенімде ше, көкетай, қарауыта қабарған күлтөбені ғана көрдім. Жездеңіз клуб пен кітапхана күйігін көтере алмаған. Ішіп кеткен. Үш-төрт күндей үн-түнсіз бүктетіліп жатқан. Тағы да төрт-бес күндей шырт ұйқысынан шошып оянып, әлденелерді алақтай айтып жүрді. «Кітап өртенген жерден өре түрегелген бірдеңелер жабыла жүгіріп, қуып берді. Зорға құтылдым...» дейтін. Ақырында айқара ашылған көркем кітапты бетіне басқан күйі бақилық болды. Жерлеуге жетіп үлгердіңіз ғой. Өзіңіз. Бір түнеп, қатты қайғырып, қайтып кеттіңіз. Үйгентаста кітап оқу күрт кесілген. Тоқсан жетінші жыл­ғы қыста тауда да, бауда да ағаш сирегенін білесіз. Тоқсан се­гізінші жылдың қақаған қы­сында үйгентастықтар кітап­тарының жарым-жартысын отқа тамызық етіскен. Екі мыңыншы жылыңыздан бастап үлкен-үлкен шаһарларыңыздағы ірі-ірі олигархтарыңыз, бай-бағлан­да­рыңыз мейрамханалары мен мейманханаларының, басқа да басты-басты ғимараттарының ішкі интерьерлеріне өзгеше өзгерістер енгізді емес пе? Құ­ры­лыс материалы ретінде кітап сорлыны сорлатып пайда­ланбаққа көшті ғой солар. Қызық-ай. Тұтас қабырғалардың тұла бойына, тұтас дуалдарына дестелей нығыздап кітап қалап қояды. Аттары да, авторлары да, бедерлері мен бәдіздері де көрінбейді. Ішкі жақтарында іштен тынады. Сондай сән, мықты мода белең алып, бәсеке басталған. Бүгінде мүлде үдеп кетті ғой, көке. Мыңдаған, мил­лион­даған кітаптар құрылыс материалы боп тұрыпты. Үйгентастың ғана емес, өзге ауылдар мен аймақтардың кітап­тары темір көліктерге тиеліп, Таразға, тағы да талай-талай қалаларға тартқан. Алғашқыда аздап-аздап тартынғандар табыл­ған. Біздің ауылда. Төлем мөлшері еселенген соң, қатар­дағы қарапайымдарды былай қойып, мұғалімдерге дейін кітап атау­лыдан мақұрымданған. Мек­теп кітапханасы да ойсырай ортай­ған. Сөйте-сөйте Үйгентастағы жүз жиырма төрт үйдің түгелге жуығынан көркем әдеби кітапты емге таба алмастай ахуал қалып­тасқан. Оқырман да қалмаған. Жез­деңізден кейінгі үш-төрт жылда белсенді оқырмандардың бірінен соң бірі қайтыс болғанын қарасаңызшы, қайран-ай! Ауылдастармен аралық ал­шақтап бара жатты. Бірте-бірте бұл жұртыңыз көпе-көр­неу келемеждеп-кекетпекке көшкен. Сіздің жиеніңізді. Кекесін кернеген. Саналарды. Санасыздарды. Оқымақты доғарғандар ақымақ­танбаққа кеткен. Шынымен-ақ көркем кітап оқу, ақын-жазу­шылар туралы айту, өлең мен әңгіме, хикаяттар мен романдар хақында пікірлеспек ерсі саналар кезенейлі кезең де келіп жеткен. Еліңізге. Оның ішінде Үйгентасыңызға. Жылдар жылжыды. Сулар сусыды. Кітаптан көз жазып қал­ғандар топастана түсті. Жалғыз қал­дым. Оқырман ретінде. Көке! Көркем дүниелердің сәу­лесін сезе алмайтындарды жездеңіз қатты мүсіркеуші еді ғой. Мүсәпір санайтын. Ендігі тобырлар, дос-жарандарыма дейін, мына мені мүсәпір көріп, қашқақтайды. Өзіңіз де өмір бойы меңзеп-мәністеп, мейірімді жүдетіп, жоғалтып алмауға үндеп келесіз ғой. Қорқыныштарым мен қауіптерім қалыңдап, қабыздап бара жатты, нағашы. Құлақтарыма шаншу боп қадалып, ысқыра ышқынатын шуыл үдеген. Мейірім мен махаббат, сезімталдық күн өткен сайын жүдеп-жадап бара жат­қандай, жездеңізше шошынатын кездерім көбейді. Балбұлақтың басынан ой­паңдағы Үйгентасқа түс­пестен, тұйықтанып жүрдім. Оңа­шалықты қалаймын. Кітапқа құнығып бас қоямын. Клуб меңгерушісінің орнына өзімді қойсам, жүрек шіркін шаншиды-ай. Жаным жаншылады-ай. Хал-күйімді тереңнен түйсінетін қайран шешем, сіздің сезгір әпкеңіз жаныма жалау болып желбірейді-ай. Келініне, немерелеріне ақылын айтады. Сәби көріп, басымнан сипайды. Көптен бері анашымның ақ жүзіне анықтап қарамаған екем. Қасымда жүрсе де. Қу тірлік деп жүріп. Кітап кеміріп жүріп. Кенет әпкеңіздің бетінде әжім шиырларынан сау-тамтық қалмағанын, қатты қартайып кеткенін көріп, селк ете түстім. Самайларынан уыс-уыс ақ шаш төгіліп, жанарлары тұманданып тұрыпты. Әкеден өлідей, шешеден тірідей қаншалықты алыс­тағанымды аңғардым, аға. Таңданыстан теңселдім, кө­ке. Алайда, анашымның соншалықты шаршап-шалдық­қаны, менің көзіме қартайып көрінгені былайғыларға түк те білінбейтін. «Фермер апа» деп қызығатындар көп. Қой қораны қарумен қаратып алып, байы­п кетті деп қызғанатындар да аз емес. Сіздің әпкеңізді Үйген­тастағы қатарластарынан әлдеқайда жас көрінеді де­сетін. Кім білсін-ай, кім біл­сін. Бәлкім, басқа кейуаналар біздің шешемізден де қат­ты­рақ қартайған шығар. Біз па­қыр­ларыңыз оны сезбейтін шығармыз. Кімнің қартайып, кімнің жасарғанын қайдам, әйтеуір әдебиет кітаптарынсыз қалған, оқудан, ойланбақтан аулақтанған адамдар аса қорқынышты еді. Айтаққа арсылдап, айла мен алаяқтыққа біржолата бой алдырғандар, айналаға аңғарып емес, аларып қарайтын қараулар басымданғандай. Қой бағып жүріп, ой баға бермек те бірдеңеге апарып соқтырады екен дә, көке. Қас­қыр­лар қатты басынатын болды. Қорадағы қойдан қала­ғандарын арқалап әкететінге айналды. Тараздағы жиеніңізбен ақылдасып, қораны қаттырақ нығайттық. Қараңғы түнде кіре алмаған қасқырлар шаңқай түсте тиісетін әдіс тапқан. Мың шақты маңыраманы самал саулап тұратын Бүйрекбеткейге иіріп, келініңіздің мәнерлеп пісіретін мәнтісінен кейін кітап оқу әдетім еді, көке. Қасқырлар оны да көп көрді-ау. Жойқын жыртқыштар үйлері кітапсызданған үйген­тастықтармен үйлесім тапты. Жаудай шапты. Жиеніңізге. Тапа-тал түсте тамақтағанын тамақ­тап, арқалағанын арқалап әкете баратын болды. Бір жолы түскі тамақтан кейін кітап қызығын қия алмай, екі сағаттай кідірістеп, Бүй­рекбеткейге атпен шық­тым. Тоғыз қасқыр тоғыз қойды тіс­телей сүйреген күйі жық­пыл­дарға сіңіп үлгерді. Қуып жету де, тауып ату да мүмкін емес еді. Атып та көрдім-ау ақы­рында. Тағы бірде түстеніп алып, кітап оқығам. Қасқырлар қайта-қайта шаба бермес, неғыпты сонша. Деп. Қыратта жусатып кеткен қойыма жетсем, талайы тамақталып жатыр. Бір дәу қара қойымды қолдан сойғандай етіп, етін тазалап жеп, терісін жайып, басымен бірге қалдырған. Қасекеңдер. Көрмесең, сен­бейсің. «Қой­дың басын өзің-ақ жей ғой, жазушының жиені» деп, мазақ­тап кеткендей. Шыдай алмай, аңдымаққа бел байладым. Мыл­тық қолда, оқшантай белде. Түскі тамаққа бармастан, бұғып отырғам. Тобылғының түбінде. Тоғызы шыққан. Бүй­рек­беткейге қарата бүлкіл қағар қарсаңда қарсы алдымда топтанғанын қараңыз. Жүрек атқақтап, алқымға тірелді. Қасе­кеңдерде қылаудай қауіп жоқ сияқты. «Қаншама қиянат жасадық саған, адами зат. Ал енді бізді ат!» Десетіндей. Аттым-ау, обалы нешік. Көздеп тұрып-ақ басқандай ем. Қосауыздың қос шүріппесін. Біреуіне де тимеді ғой. Тимеді. Тигізе алмадым, аға. Тоғыз қасқыр титтей де аспай-саспай, асықпай-аптықпай, өзгеше өнер көрсетіп, ирелең соқпақтармен билей жарысып, биіктеп бара жатты. Адами затпыз ғой біз, көке. Түлкіні қу деп ойлаймыз. Сұм деп айтамыз. Жазасыздар сіздер. Сөйтіп. Шындығына келсек, түлкілеріңіз қулық-сұмдық жөнінен қасекеңдердің қасында жіп есе алмасқа кеткелі қаш-ша-ан... Үлкен қаладағы үлкен жие­ніңіз қызын ұзатты ғой, көке. Ойы-ба-ай, аға, жаңа құдаларымыз Қазақстаныңыз бойынша құ­рылыс материал­дарын сауда­лайтын бизнесмендердің біре­гей­лері болып шықты. Тараз түгілі, Алматыдағы алып «Строй­маркеттердің» бірталайы біздің құдалардікі екен дә-ә-ә. Құда­лыққа барғанда көріп, талып түсе жаздадық. Оларды біз де шақырдық. Боралдай ба­сындағы кітап өртелген сазды түбекте күттік. Балбұлаққа апардық. Қысқы қораларымыз, мың шақты маңырамамыз, жүз шақты жылқымыз көңілдеріне қонды, көке. Әбиір болды ғой. Деді. Әпкеңіз. Құдалар кеткен соң қатты жылады. Қуаныштан, әрине. Міне, айналайын ағатайым, көптен бері көріспей-біліспей кеткен көкешім, ұзақ-сонарға созылған хатымды аяқтауға тая­дым. Жиеніңіз кешірілмес қыл­мыс жасады деп ем ғой. Үшбу хатымның басында. Иә-иә, қылмыскермін мен. Құдалық­тарды әбден атқарып болған соң, әрі де ойландым, бері де ойландым. Толғанысқа түстім, көке. Есептеп кеп-кеп қарасам, бір жылдың ішінде тұп-тура елу қойымды қасқырға жегізіппін. Осы бір жылыңызда ше, елу кітап оқыппын. Қалған кітаптың өзі де сол еді. Елу ғана. Түпкілікті шешімге бекін­дім. Елу кітапты жаңа «Джип» көлігімнің артына арттым. Боралдай өзенінің ағысы кү­шейе­тін, құлди-құлама тұсына жетіп тоқтадым. Кітаптарды ақырындап жерге түсірдім. Күзгі көкке жайып тастап, қимағандай қарап біраз отырдым. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» дейтұғын қызғылтым кітабынан бастадым. Ақкө­біктене сарқыраған суға лақтыр­дым. Қош бол, кітап... Бір батты. Бір шықты. «Ақ­білек». Шыркөбелек қақты қайран кітап. Асау ағыс асығып ала жөнелді. Ақбілек қыз сың­сығандай. Аянышты дауыс естілгендей. Бір-бірлеп лақ­ты­рамын. Мұхтар Әуезов. «Қилы заман». Ғабит Мүсірепов. «Этно­графиялық әңгіме». Әбді­жәміл Нұрпейісов. «Қан мен тер». Әбіш Кекілбаев. «Шыңырау». Шерхан Мұртаза. «Ай мен Айша». Мұхтар Мағауин. «Көк кептер». Сайын Мұратбеков. «Көкорай». Дулат Исабеков. «Тіршілік». Оралхан Бөкей. «Кербұғы». Төлен Әбдікұлы. «Оң қол». Бексұлтан Нұржекеев. «Бір өкініш, бір үміт». Несіпбек Дәутайұлы. «Айғыркісі». Тұр­сынжан Шапай... Нұрғали Ораз... Бір қарасам, сіздің де кітап­тарыңыз... Көке-е-е-е! Прозаның шаруасы бітті. Поэзияға қол салдым. Қол сал­ғанда, мол салдым. Бес-алты кітапты лақтырған сайын үзіліс жасаймын. Айқайлап жылаймын. Өксимін. Өкіремін-ай. Өкінемін-ау. Бәрібір, алған беттен қайтқым жоқ. Қош бол, кітап... Ең соңғы оқырман мен едім. Дедім. Үйгентастағы. Бүгіннен бастап басқа­ландым, аға. Бәлкім, топастанған тобыр­дың бір мүшесімін. Мүм­кін, қоғамдастарымның қата­рына қосылдым. Енді олар қаш­қақ­тамас. Кекетпес. Сотым – сіз­сіз. Көке. Қылмыс жасағаным рас. P.S. Баяғы шығармаларыңызда постскриптумды жиі қолданатынсыз. Мен де сөйтейін. Елу кітапты суға ағызып қайтқанымды әпкеңіз біліп қойды. Өзінен-өзі күбірледі. «Мына таудың арғы бетінен Арыс, бергі бетінен Теріс басталады ғой. Екеуінің ортасында тірі пенделердің көзіне көрінбейтін үшінші өзен бар. Десетін. Бағзыдағылар баян ететін. Сенің кітаптарың сол өзенмен ағып отырып пейішке кірер... Әкеңе жетер...» Деді әпкеңіз. Мұңайып. Түнде түс көрдім, көке. Менің марқұм әкем, сіздің жездеңіз жұмақта, хор қыздарының ортасында суға ағып кеткен кітаптарды кептір-е-еп, құрғат-е-еп, құныға оқы-ы-ы-ып отыр. Дұғай да дұғай сәлеммен, қылмыскер жиеніңіз Қойшыман. 2016 жылғы қазан. Балбұлақтың басындағы қора.