• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

Медициналық сақтандырудың мақсаты қандай?

386 рет
көрсетілді

Кеше Үкіметте «Ұлт саулығы – мемлекет бәсекелестігінің кепілі» тақы­рыбында баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лариса Пак, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының төрайымы Елена Бахмутова, Республикалық электронды денсаулық сақтау орта­лы­ғының бас директоры Олжас Әбішев қатысты. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз сөзінде Елбасының «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты халық­қа Жол­дауында денсаулық сақтау жүйе­сінің алдына міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыруды (МӘМС) ен­гізу, жеке медициналық ұйымдарға сақ­тан­дыру жүйесінде тең жағдай жасау, денсаулық сақтау саласын тиісті деңгейде ақпараттандыру, барлық дәрі-дәрмектерге бағаны мемлекеттік деңгейде реттеу туралы нақты тапсырма бергенін атап өтті. «Биыл ақпан айында медициналық қауымдастық, жұмыс берушілер мен халық­тың арасында міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесіне бай­ла­нысты ақп­араттық-түсіндіру жұмыс­тарының үшінші кезеңі басталды. Бұл шараны жүргізу үшін әрбір облыста, Алматы, Астана қалаларында әкімдер мен олардың орынбасарларының басшы­лығымен аймақтық штабтар жұмыс іс­теуде. Ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарына Республикалық штаб құрамының белгілі дәрігерлері, қоғам қайраткерлері, медициналық оқу орындарының оқыту­шылары, құрылымдық бөлімдердің бас­шылары шақырылды. Жалпы алғанда, МӘМС-ті енгізу қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға, сапалы медициналық көмекті қолжетімді және халықтың сұра­нысына сай етуге, амбулаторлық дең­гейде дәрімен қамтамасыз етудің аясын кеңейтуге, денсаулық сақтау жүйесіндегі бейресми төлемдер көлемін азайтуға мүмкіндік береді», деді министр. Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік банк сарапшылары 57 ел­дің тәжірибесі ескерілген заң жобасын 3 жыл көлемінде дайындап, тиімді модель ұсынғандарын айтып өткен болатынбыз. Ал аталмыш медициналық сақтандыру қорына төлем жасау жөнінен халықтың әлі де көп бөлігі хабарсыз. Осы төңірегінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ төрағасы Елена Бахмутова медициналық сақтандыру қорына төлем жасаушылардың жылдық қаражатын тілге тиек етті. «Жалпы алғанда, жұмыс беруші жылына бір қызметкерге 30 550 теңге төлесе, қызметкердің өзі 20 470 тең­ге көлемінде, жеке кәсіпкер 35 560 тең­ге және жұмыссыз топ 17 818 теңге, ал мем­лекет зейнеткерлер мен мүгедектерге, өзге де әлеуметтік жеңілдігі бар жандар үшін 71 160 теңге төлейтін болады», деді ол. Жиынға қатысушылар кезең-кезең­мен пациенттердің медициналық қызметкерлерге өздігінен онлайн жазы­лу, онлайн тәртіпте электронды ден­сау­лық паспортында жинақталған техно­логиясының көмегімен пациент­терге кеңес беру мен оларды бақылау енгізілетінін ал­ға тартты. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»