• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

Мәмілегер кеңестердің маңызы зор

190 рет
көрсетілді

Ұлттық музейде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі медиация институтының рөлі» атты халықаралық диспут-форум өтті. Алқалы жиынға ҚХА Төрағаның орын­басары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚХА медиация кеңесінің төр­ағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақыт­жан Әбдірайым, Ресей Федерациясы Ұлттық медиаторлар ұйымының президенті Цисана Шамликашвили, Қазақстан Судьялар одағының төрағасы Мұсабек Әлімбеков, сонымен қатар, еліміздегі Достық үйлері медиация кабинеттерінің меңгерушілері, кәсіби медиаторлар қатысты. Форум барысында еліміздегі бітім­дестіру институттарының жай-күйі мен оларды дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар медиацияның сот жүйесіндегі рөлі, сот органдарының медиациялық құры­лымдармен өзара жұмысы туралы ой бөлісіп, пікір алмасты. Е.Тоғжанов атап өткендей, қоғамдық келісім біртұтас елдің, мемлекеттің және азаматтық қоғамның барлық инсти­тут­тарының басты қағидасы болуға тиіс. Әлеуметтік және құқықтық жанжалдар­дың алдын алу мен шешудің нақты тетік­терін пай­даланудың қоғамдық келісімді қалып­тастырудағы рөлі өте зор. Қоғамда туын­даған дау-дамайларды сотқа дейінгі шешуде өзара бітімге келудің басты шарты – медиация рәсімдері. – Қазақстанда дауларды шешуде, құқықтық сауатсыздықпен күресуде, аза­мат­тардың құқықтық санасын дамытуда әр азамат үшін маңызды мәселелерді сот және әкімшілік органдарының қатысуынсыз шешу мүмкіндігін беруге медиация айтар­лықтай ықпал етеді. Медиация рәсімі Қазақстан халқының қоғамдық келісімін қамтамасыз ету бойынша заманауи үдеріс­тердің ажырамас бөлігі болып табылады, – деді Е.Тоғжанов. Қоғамдағы тыныштықты сақтау – от­ба­сындағы тыныштықтан басталады деген қағида бар. Өкінішке қарай, елімізде жас отбасыларда ұрыс-керіс көбейіп, ажырасу көрсеткіші артып барады. Республикалық Достық үйі медиация кабинетінің мең­герушісі Нұрсәуле Әбдіқадырқызының айтуынша, кәсіби мәмілегерлердің қызметіне жүгінетіндердің басым бөлігі отбасындағы жанжалға қатысты шешім іздеген жандар екен. Еңбек дауына байланысты төрелік іздегендердің де қатары көп. Жиынның қорытындысында елімізде медиацияны дамыту бойынша нақты ұсыныстар әзірленді. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»