• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

Қазақ елінің қарымын қуаттайды

173 рет
көрсетілді

Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне өткеніне 25 жыл толуына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде салтанатты жиын өтті. Оған Сыртқы істер министрлігінің, БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментінің, қалалық әкімдіктің, дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар өкілдері және Алматы қаласының жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты. ҚазҰУ проректоры Мұ­хам­бетқали Бүркітбаев «Уни­верситетіміз бүгінде БҰҰ білім және ғылым саласының бар­лық құрылымындағы бөлім­дерімен тығыз байланыс жасап келеді. Қазіргі уақытта біздің оқу орны «Академиялық ықпал» бағдарламасының тұ­рақты дамуы үшін жұмыс іс­тейтін жаһандық хабқа айналды. Сонымен қатар, бүгінде ҚазҰУ-да екі ЮНЕСКО кафедра­сы қыз­мет атқарып жатыр. Оның бірі бұқарамен қатынас орнату салалары бойынша журналис­тика факультетінде болса, екіншісі география және табиғатты пайдалану фа­куль­тетіндегі тұрақты даму жө­ніндегі ЮНЕСКО кафедрасы», деді. Сыртқы істер министрлігінің айрықша елшісі Майнұр Мұр­замадиева өз баяндамасында еліміздің жоғары саяси деңгейі мен халықаралық дәрежесіне тоқталды. «Ел тәуелсіздігінің 25 жылы – Қазақ­станның БҰҰ-мен игілікті ынтымақтастығының 25 жылымен қатар келді. Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сіне тұрақты емес мүше болып енуі де мемлекет үшін аса маңызды тарихи жетіс­тіктердің бірі болып табылады. БҰҰ Даму бағдарламасы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысатынын ресми мәлімдеп, БҰҰ бастамасымен «жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуға дайын екендігін жеткізді», деді ол. Қазақстанның әлемдік ұй­ымға алғашқы қадамдары тарих қойнауындағы құжаттар мен естелік суреттер арқылы көрсетілген салтанатты жиында сөз алған Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұңғыш тұ­рақ­ты өкілі, Cыртқы істер ми­нистрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Ақ­марал Арыстанбекова Қазақ­стан мен аталмыш ұйым­ның 25 жылдық хронологиясына шолу жасай отырып, «Еліміз 25 жыл ішінде халықаралық қатынастар саласында үлкен жолдан өтіп, БҰҰ-ның бедел­ді мүшесіне айналды. Атал­ған ұйыммен игілікті ынты­мақтастық аясында Қазақ­стан халықаралық аренада лайықты орынға ие», деді. Елші Қазақстанның ғаламдық ядролық қарусыздандыруға қосқан үлесін ерекше айта келіп, Қазақстанның БҰҰ-ға кір­геніне 25 жыл толуына ар­налған кітабын таныстырды. Мерекелік шара барысында ҚХР, АҚШ, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдерінің және Ресей Федера­циясының еліміздегі бас консулдары сөз сөйлеп, Қазақ еліне деген жүрекжарды ниет-тілектерін білдірді. Баянда­масын қазақша бастаған АҚШ-тың бас консулы Марк Мудидың айтуынша, Қазақстан мен АҚШ халықтарының ұқсас тұсы – өздеріне деген сенімділігі және алдарына қойған мақ­саттарына қайтсе де жетуге тырысатын еңбекқорлығы. «Қазақстан 25 жылдың ішінде көптеген жетіс­тіктерге жетті. Бір бай­қағаным, Қазақстан дипломаттары өз елін, тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен ұлт­тық құндылықтарын жоғары дәре­жеде көрсете біле­ді», – деді Муди мырза. Ал БҰҰ Тұрақты үйлес­тірушісі, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі Но­римас Шимомура өзі жолдаған арнайы хатында: «Қа­зақстанның тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап, қауіп­сіздікті қамтамасыз етуінің ар­қасында Орталық Азияда ядро­лық қарудан азат аймақ құру мүмкіндігі туды», дей келе Қазақстанның тұрақты даму саласында көшбасшылық танытып, аймақтық және жаһандық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету­дегі жүйелі жұмысын ерекше бағалаған. Осы тұста айтып өтер жайт, Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының өткен сессиясының қарары 2013-2022 жылдарды Мәдениеттер жақындасуының халықаралық он жылдығы деп жариялап, оның ресми ұлықтау рәсімін Астанада өткізген еді. Бүгінде Қазақстан күн тәртібіндегі әлемдік өзекті мәселелерді қарастырып, олар­дың шешімін табуда өзінің дипломатиялық мүмкіндіктерін барынша көр­сетіп келеді. Астанада Иран ядро­лық мәселесі бойынша және Сирия шиеленісі жөнін­де нәтижелі келіссөздер жүргі­зілді. Қазақстанда БҰҰ-мен ын­тымақтастық аясында экономика, экология, әлеумет­тік даму саласындағы халық­аралық құқықтың ілгері дамуына, адам құқығының сақта­луына, лаңкестікпен, ұйым­дастырылған қылмыспен және есірткі бизнесімен күрес саласына ерекше назар аударылуда. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ