Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Еліміз үшін осындай сындарлы сәттің тұсында менің өз пікірімді білдірмей қалуым мүмкін емес. Жарты ғасырға жуық еңбек өтілімінің 37 жылы қиындығы мен жауапкершілігі мол мемлекеттік қызметке арналыпты. Ал оның жиырма жылдайын тағдыр маған Елбасының командасы сапында еңбек етуді бұйыртыпты. Мен қазір мемлекеттік қызметкер емеспін. Он сегіз жыл бойы Жаңақала ауданының әкімі болып, үздіксіз еңбек етіп, абыроймен зейнетке шыққан адаммын.
Осы жылдарда Елбасының Жарлығымен бірнеше орден, медалдармен наградталдым. Қалай болғанда да Елбасына көмекші, пікірлес бола алдым деп ойлаймын. Сондықтан көңілдің төрінде жатқан, жылдар бойы жинақталған ой орамдарын бұқараға жеткізбей қала алмадым. Егемендіктің таң шапағы себелеген сонау 1991 жылы Елбасымыз қандай еді? Қазір қандай? Төрткүл дүниеге Қазақстанды мәшһүр етуімен бірге өзінің де есімі қазір жаһанға жария. Иншалла, содан жазбасын!
Бұрын ел басқару болған жоқ. Өйткені, бодандықта ғұмыр кештік. Тәуелсіз елдің тәуелсіз Президенті деген үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ. Тағдыр осынау тарихи миссияны қазақтың баласы Нұрсұлтанның маңдайына жазды. Ол сол миссияны қайыспай көтеріп, Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салды. Небір қиын асулардан аман алып өтті. Өзіңіз салыстырып көріңіз, егемендіктің елең-алаңында жан басына шаққандағы жалпы өнім 700 долларды құраса, бүгінде ол 9 мың АҚШ долларынан асып тұр. ТМД елдерінің таңдайын тақылдататын жетістік емес деп кім айтады?
Мен жұмыс бабында Нұрекеңмен сан мәрте кездестім. Арнайы қабылдауларында болдым. Талай рет алдында сөйледім, толқып тұрып өз пікірімді білдірудің де сәттері түскенін мақтанышпен айта аламын. Қиын кездер болды, жұмыссыздықтың қыл бұрауы адымды аштырмай, халыққа жалақы, зейнетақыны бере алмай, шаруашылықтар тарап, елдің етегі ебіл-дебіл болған жылдар ұмытылар ма? Сол бір тар жолтайғақ кешулерден Нұрекең біздің Қазақстанның сан ұлттан құралған халқын бөле- жармай, аман-есен алып өтті. Елдің іргесін бекітіп, шекараны шегендеді. Қырық жылдан астам Қазақстанның қасіретіне айналған атом деген аждаһаны қазақ топырағынан аластатты. Аластатып қойған жоқ, жер бетіндегі бес державаны, бес мемлекетті Қазақстанға тиіспеуі жөніндегі тарихи мәмілеге келтірді. Төл теңгемізді айналысқа енгізді. Елдің басты құжаты – Конституция қабылдады. Тұңғыш рет қос палаталы Парламент құрылды.
1997 жылы 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағдарлама қабылданды. Жасыратын несі бар, «2030 деген немене?» деп күлген іші тарлар да болды. Оларға сол 1997 жылдан бермен қарай, 14 жылда жеткен жетістігімізді көретін көз керек дер едім! Бүгінде 110 елдің арасынан елуінші орынға табан тіреуіміз жетістік емей немене?
Оңтүстік астанадан қозғалған көрікті көшіміз бүгінде әлемнің назарын аударған, алыс-жақыннан келетін қонақтардың көзін суырған Астанаға айналған жоқ па? Аспан астындағы шырайлы шаһар болып, күннен-күнге қанатын жайған оның әр ғимараты сәулет деген өнердің құйылып түскен қайталанбас туындысы емес пе? Ал ол дегеніңіз Елбасымыздың «Елім!» деп бесігін тербеткен Қазақстанның келешектегі келісті келбетін армандаған қиялынан туған қала ғой! Кімге болса да ұялмай, кеудеңді мақтаныш кернеп көрсететін арман қала ғой!
Қазақ топырағы не көрмеді? Көп әріге бармай-ақ, депортациямен, репрессиямен, тың игерумен келген сан түрлі ұлт өкілдері қазақ халқынан сан жағынан басым түсіп, халқымыз тілінен, салт-дәстүрінен айырылып қала жаздағаны да күні кеше болған жоқ па? Тағдырдың айдауымен келген сол халықтың көпшілігі бүгінде Қазақстанды өз отаны санап, қазақ жерінде мәңгілікке мекендеп, өсіп-өніп келеді. Біз бүгінде оларды тілегі мен арманы бір арнаға тоғысқан, қазақ деген халықтың қадірін бек бағалайтын, ұйысқан ұлт өкілдері деп білеміз. Көрші елдерде тыныштық пен бейбітшілік арман болса, біз оның қызығын көріп отырмыз. Соның бәрі саясатта сұңғыла, өмірде дара да дана Президентіміздің арқасы.
Жер шарының халқы кешегі күні Қазақстанға көз тікті. Әлденеше жыл бір үстелдің басында бастары бірікпей келген кейбір елдердің үміт отын маздатқан ол кездесуге 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдері ат арытып, әдейі келді. Саммит деп аталып, тарихта мәңгі қалған ол кездесу де Қазақстанның абыройын аспандатты. Қазір еліміз айдай әлемге өз болашағын айқындаған беделі биік мемлекет. Ондай биіктерге дара туған тұлғалар жеткізеді. Ал біздің тұлғамыз елін сүйген, елі сүйген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев десек, еш қателеспейміз!
Төлеген МЕРҒАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрағасы.
Орал.