• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2011

Ел үмітін ақтаған басылым

1729 рет
көрсетілді

«Айқап» – 100 Үстіміздегі жылдың қаңтар айында «Айқап» журналының шыққанына 100 жыл толғаны өзімізге белгілі. Соған орай еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орын­дарының бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті 15 сәуірде «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойларына орай «Мерзімді баспасөз: адамзаттық құн­дылықтар мен елдік мүдде мәселе­ле­рі» атты тақырыпта ғылыми теориялық және тәжірибелік конференция өткізуді жөн көріп отырғанын да сөз орайында айта кетсем деймін. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді қазақ даналығы. Мұның философиясы, меніңше, мынада. Елу жылда ұрпақ жаңарады. Жүз жылда сол жаңарған ұрпақтың төккен тер, еткен еңбегі өз жемісін береді. Осыдан жүз жыл бұрын жарық көрген «Айқап» жур­на­лы тігінділерін қайыра парақтап, жа­рияла­ным­­дары­на көз сүзгенде түйген ой осы. Қош. Енді әң­гі­мені «Айқап» жур­налының аты неге солай аталға­ны­на қарай бұрай­ық. Бұл туралы ба­сылымды шы­ға­рушылар мен тұ­рақ­ты авторлары­нан артық ешкім айта алмасы анық. Сондықтан сөз кезегін соларға берелік. Басылымның «Айқап» аталуы­ның себебі мен ал­дына қойған мақ­саты туралы жур­налдың 1911 жылғы 11-са­нын­да мынадай тү­сі­нік беріледі: «Ай­қап» деген сөз – қазақтың төл сөзі, ол ғасырлар бойы мәдениеттен, білімнен кенже қалған бүкіл қазақ халқының өкініші ретінде алынды. «Ай, қап!» деп санымызды соқтық, енді ел қатарына қосылайық деген үнді білдіреді». Осы ойды журналдың тұрақты ав­торларының бірі Бақытжан Меңдібеков «Газеталарымыз туралы» атты мақала­сын­да (1912, №6) бүй деп шегелейді: «Ай, қап! Әттеген-ай, іс өтіп кеткен екен ғой, біз ұйықтап жатқанда, басқалар желден, аққан судан пайдаланып жатқанда, біздің мұндай халде болуымыз деп өткен іске өкініп қойған есім боларға керек». Ал Халиолла Ғабдолжамилов деген автор журналдың 1911 жылғы 2-санында жарияланған «Айқап мағыналары» деген мақаласында «Айқап» этнонимінің үш түрлі мағынасына тоқталады: «Ай-қап – болмай қалған іске өкіну және қараңғы түнді жарық еткен ай және оның қабы (сауыты), халықты айқап-шайқап аралау». Бұл жөнінде журнал жарияланымда­рын араб (төте) жазуынан кәдімгі қазіргі жазуымызға аударып, жинақ етіп құрастырған белгілі библиограф-ғалым, марқұм Ү.Сұбханбердина аталған жи­нақтың «Қазақ баспасөзі тарихынан» атты алғысөзінде: «соңғы екі ұғым Ғаб­должалиловтың ой-қиялының жүйрік­ті­гі­нен туған дүние болса керек, бірақ нақ­тылы шындыққа жанаспайды. «Айқап» деген ұғымның мәніне тұңғыш рет көңіл бөліп, тұжырымды ой түйген журналдың редакторы М.Сералин», деген пікір біл­діріп, «Айқаптың» тұңғыш санында жарияланған бас мақаладан мынадай үзінді келтіреді: «Біздің қазақтың «әй, қап!» демейтұғын қай ісі бар? Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса ал­мадық. Пұлы жоқтарымыз ынтымақ­тас­сақ та, ақшасыз істің жөні табылмады. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқа­лы­ғы-ай» дедік. Жақсы жерлерімізді қол­да сақтау үшін қала салмақ болдық. Ба­сымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қол­дан кетті. «Қап, ынтымақсыздығымыз-ай» дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілге­німіз жеңген жағымызға: «ендігі сайлауда көреміз, қап, бәлем-ай!» дедік. Осын­дай біздің қазақтың неше жерде «қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды». Осы жерде аты туралы толық мағлұ­мат алған журналдың «заты қандай бол­ды екен?» деген заңды сұрақ туындайды. Енді соған жауап іздеп көрелік. «Айқап» – 1911 жылдың қаңтарынан бастап 1915 жылдың қыркүйек айына дейін, алдында айына бір мәрте, 1912 жылдан айына екі рет үзбей шығып тұр­ған тұңғыш қазақ журналы. Троицк қала­сындағы «Энергия» баспаханасында ба­сы­лып, байтақ қазақ даласына кең тара­ған басылымның бас редакторы да, шы­ғарушысы да – алты алашқа аты мәлім жазушы һәм журналист, көрнекті көсем­сөз шебері Мұхаметжан Сералин. Бұл жөнінде Санкт-Петербург қаласындағы Орталық мемлекеттік тарих мұрағатында төмендегідей дерек сақталғанын қазан төң­керісіне дейінгі қазақ баспасөзі та­рихы­ның бас зерттеушісі Ү.Сұбхан­бер­ди­на алғаш жалпақ елге жария етеді: «1910 жылы 18-январьда берілген куәлік бойынша Орынбор губерниясының Троицк қаласында шығатын қазақ жур­на­лына Қостанай облысы, Шұбар болысы, №5 ауылының қазағы М.Сералинге ре­дакторлық етуге және шығарушы болуға рұхсат берілді». Журналдың алғашқы санында жарық көрген беташар мақала соңында «басқарушы, бастырушы М.Сералин» деп қол қойылуының сыры да сонда. Осы жарияланымда көсемсөзші басылымның шығу тарихымен көзі қарақты оқырманды қысқа да нұсқа таныстырады: «Құрметті оқушылар! Алдыңызға үшбу журналымды саламын, кішкене екен деп қоңыраймаңыздар! Газет һәм журнал халық үшін екендігіне шәк айту жоқ. Халық­тың қай дәрежеде алға кеткендігі халық арасында таралған газет-журнал һәм кітаптардан білінеді. Заман ғылым заманы болған соң әрбір жұрт қатарынан кейін қалмас үшін ақша аямай кітап-газет һәм журнал бастырып, халыққа таратудың ыждақатында», – деп бір қайырып, одан әрі қазақ баспасөзі тарихынан көпті хабардар қылады. 1907 жылы ІІ Мемлекеттік думаның жиынымен Шаһмәрдан Қос­шығұлов «Серке» газетін шығарғанын, бірақ ұзаққа бармай, үкімет тарапынан тоқтатылғанын, сол жылы Троицкіде Есмағамбет Айманбаев «Киргизская газета» атты орысша-қазақша бір газет шы­ғарып, оның да бір саны жарық көр­ген­нен кейін жабылып қалғанын өкініш­пен баяндайды. Сөйтеді де қазақ намы­сын қайрайды: «Мен тағы талап етіп, осы кішкене журналды шығармақ үшін халқыма жармастым. Жұртқа атақ шы­ға­рып, білім сату үшін емес, бәлки дәулет иесі ағалар мұны көрген соң ойға қалмас па екен деген ниетпен. Қолда пұл жоқ. Жұрт болып жұртшылық етпесе, әлбетте бұл журнал да қазақтың дүниеге шығара алмаған ісінің бесіншісі болар да қалар. Қазіргі үміт халықта». «Айқаптың» бес жылға таяу уақыт үз­бей жарық көргеніне қарап Алаш ар­дақтысының үміті ақталғанын аңғару қи­ын емес. Әрине, Ресей патша үкіметінің қатаң бақылауын қалтқысыз қамтамасыз еткен цензураның қатал қыспағы астын­да журналды ай құрғатпай, осыншама мерзім шығарып тұру оңайға түспегені түсінікті. Оған бір ғана дерекпен көз жеткізуге болады. Жоғарыда тілге тиек еткен «Қазақ баспасөзі тарихынан» атты еңбегінде Ү.Сұбханбердина Орынбор губернаторының ішкі істер министрлігіне 1911 жылғы 3-қыркүйекте жолдаған мәліметін алғаш ғылыми айналымға енгізеді. Онда «Айқаптың» 1911 жылғы 6-санында жарық көрген корреспонденция үшін журналдың редакторы М.Сералинге 100 рубль айыппұл немесе бір ай абақты кесілгендігі баяндалады. Себебін білу мақсатымен журналдың осы саны­мен танысқанымызда, бар болғаны, «Оян, қазақ» кітабы үшін Міржақып Ду­латовтың 1911 жылдың 2-маусымында Семей қаласында түрмеге қамалғандығы жалпақ жұртқа жария етілген екен. Со­ны­мен бірге Алаш арысының қолындағы татар, қазақ газет-журналдарын, ұлты­мыз­дың ақын, жазушылары Абай Құнан­баевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Ғұмар Қарашевтың кітаптарын жандармның алып кеткені туралы деректер патша шенеуніктеріне ұнамай қалғанын байқадық. Мұндай тырнақ астынан кір іздеу, патшалық билік тарапынан журнал жұ­мы­сына түрлі кедергілер келтіру басы­лым тарихында көптеп ұшырасқанына кәрі тарих куә. Осы жерде айрықша атап өтуді сұрап тұрған «Айқаптың» қазақ журналисти­ка­сына қосқан тағы бір жаңалығы бар. Жур­нал басшылығы ұлт баспасөзі та­ри­хын­да тұңғыш рет қазақ қыздарын тілшілік қызметке тартады. Басылымда тыр­нақ­алды туындылары жарық көрген Са­қыпжамал Тілеубайқызы, Мәриям Сейдалинова, Күләйім Өтегенқызы – қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы жур­налистер. Олардың есімдерін ұлық­тап, ел журналистикасына жаңалық енгізген ерен еңбектерін бағалау – уақыт еншісіндегі мәселе. Бір ауыз сөзге сый­дырып айтсақ, бүгінде еліміздің бұқара­лық ақпарат құралдарында халыққа қалт­қысыз қызмет етіп жүрген қазақ қыз­дары­ның алғашқы бастауы «Айқаптан» арна тартады. Қаймана қазаққа қатысты «Айқап» көтермеген мәселе кем де кем. Жур­нал­дың тақырып ауқымы өте кең. Профессор Б.Кенжебаев «Қазақ бас­па­сөзінің тарихынан мәліметтер» атты ең­бе­гін­де журнал ма­те­риал­дарын мазмұнына қа­рай мынадай бөлім­дерге бөлген: «Саяси-әлеуметтік мақалалар; Әдеби шығармалар, әдебиет мәселелері; Қазақ арасындағы оқу-ағарту ісінің жай-күйі және маңызды мәселе­лер; Ана тілі, әліп­пе, емле мәселелері; Қа­зақ әйелдерінің жайы, бостандық, тең­дік мәселесі; Дәрігерлік, агротехникалық кеңестер, ғы­лым табыстары; Ішкі-сырт­қы хабарлар; Тілші хаттары, жауап хаттар». Қазақ баспасөзі тарихын, әсіресе, Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңін зерттеу­ге ерен еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз, ғибраты мол ғалымның аталған кітабы 1956 жылы жарық көргенін ескерсек, оның бағасы еселеп арта түседі. Өйткені, ұлттық мұраға қырғиқабақ танытқан отар­шыл саясаттың өктемдігі артып тұр­ған уақытта жеке басына қауіп төнерін біле тұра саналы түрде тарихи тақы­рып­қа қалам тарту ерлікпен пара-пар іс екенін бүгінгі жас біле бермейді. Сонымен бірге саясат салқыны сал­да­ры­нан ғалым еңбегінде лажсыздықтан біраз шын­дық­тың шымылдығы түрусіз қал­ға­нын да айтуға тиістіміз. Айталық, «Ай­қап» журналы материалдарының мазмұн жіктелісін бүгінде мынадай тақырыптар­мен толықтыру талабы туындайды: Отарлық езгіге қарсы күрес тақы­рыбы; Ұлт азаттығы мәселесі; Қазақ жерін ішкі Ресейден қоныс аудару­шы­лардан сақтап қа­лу жолдары; Ұлт­тық сананы ояту мәселесі; Ұлт тілін, діні мен ділін қорғау, көркейту мәселелері. Журнал мате­риал­дарымен терең танысу ба­ры­сында түйген бұл тұжырым­да­рымыздың шын­ды­ғына «Айқап» жарияланым­да­рын оқыған әрбір жан көз жеткізе алады. Бірер мысал келтірейік. Журналдың редакторы М.Сералин былай деп жаза­ды: «Қазақ осы күнде қалың орманға кіріп адасқан адам секілді. Қалай жүрсе жөн боларын білмей дағдарған кезі. Олай-былай жүріп еді, жол табылмады. Енді тоқтап, тың тыңдап, қайдан, қандай дыбыс шығар деп құлағын салып тұрған кезінде әркім шама-қадірінше, адасқаны­на айғайлап дыбыс беретін сықылды. Үнін шығарып, ойын айтуға міндетті». («Айқап». – Алматы: Қазақ энцикло­педиясы Бас редакциясы, 1995. 31-бет). Бұдан отарлау саясаты шарықтау шегіне жетіп тұрған кезде бес жыл бойына үзбей шыққан жалғыз журнал «Айқап­тың» тарыққан елге, адасқан қазаққа жол­басшы, бағыт-бағдар беруші бол­ғанын байқау қиын емес. «Айқаптың» 1911 жылғы 5-санында жарық көрген «Біздің қазақ баласына не қылса да басқа жұрттарға теңелу хақында біраз кеңес» деген мақалада, аты айтып тұрғандай, ХХ ғасыр басындағы қазақтың ең кө­кейкесті мәселесі – теңдікке қол жеткізу арманы дараланып, айшықталады да, соның жолдары сараланады. 1913-1918 жылдары Орынборда шық­қан «Қазақ» газетінің зерттеушісі және апталық жарияланымдарының энцик­лопе­диялық жинағын құрастырушылар­дың бірі болғандықтан мына мәселеге оқырман назарын аудартуға тиістімін. Кезінде Бейімбет Майлин: «Қазақ» көзі­міздің қарасы болғанда, «Айқап» ағы емес пе еді», – деп жоғары бағалаған қос басылымды біріне-бірін қарсы қойып, ұпай түгендеушілерге жол беруге болмайды. Рас, кейбір мәселелер бойынша қос басылым арасында пікір алалығы кездеспей қалмаған. Бірақ, ол мақсат бөтендігі­нен емес, соған жетуде ұстанған жол­дары­ның әртүрлілігінен туындап отыр­ған. Бұл турасында көрнекті қалам қай­раткері Бейімбет Майлиннің «Қазақ» га­зетінің 1915 жылғы 138-санында жария­лан­ған мақаласында: «бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушы­лар­ға белгілі. Бір­ақ ол тақырыпта араларында дұш­пандық жоқ. Себебі, екеуінің де түп мақсаттары бір еді», – деп жазуы сөзімізді тірілте түседі. Бір кереметі, ара­ларында қанша пікірталас туын­да­ғанына қа­ра­мас­тан, бұл екі басы­лым­ның бірінің сөзін екіншісі сөйлеп, бірін-бірі қолдап отырғаны үлкен тағы­лым. Бұдан оларды шығару­шы­лардың жеке бас қамынан бұрын ұлт мақсатын биік қоя білген азаматтық бол­мыстарын жете тани түскендей боласыз. Оған бір ғана мысал, «Қазақ» газетінің 1915 жыл­ғы 148-санында «Айқап» тоқ­талуы» деген мақала жарияланған. Онда «қазақтың айналдырған жалғыз жур­налы­ның бірнеше жыл шығып тұрып, ересек болған соң тоқталып қалғанына» қапалы екендіктерін білдіре отырып, «Қазақ» басқармасы журнал шығару­шыларының «Айқапта» жарияланған оқырмандарына соңғы арнауын газеттерінде көшіріп басуды өздерінің азамат­тық борыштары санай­ды. Ал «айқап­тық­тар» болса, өз кезектерінде журналдың қаражат тапшылы­ғы­­нан жабылатынды­ғына өкініштерін білдіре келіп, газет тө­ңірегіндегілерге мы­на­дай тілек батала­рын береді: «Журнал­ды шығарғандағы мақсатымыз халыққа жол көрсетпек еді. Газет­ашы­лық, жур­нал­шылдық қазақ жі­гіт­терінің қолынан келетін жұмыс екендігін сыпат етпек еді. Біз бұл мақсаты­мызға жеттік. Ендігі жұмыс оқыған жас­тардың мойнында. Біз надан боп өсірдік Иектегі сақалды. Біз болмасақ, сіз барсыз, Желкілдеп шыққан жас шөптей Үміт еткен достарым, Сендерге бердім батамды (Алтынсарин сөзі).» Осы жолдарды оқи отырып, бұл екі басылым арасында елеулі идеялық қақтығыс болмағандығына көзіміз жете түседі. Бірақ, соған қарамастан, күні кешеге дейін ол екеуінің біріне-бірі қарсы қойылып зерттелініп келгені, ащы болса да тарихи шындық. Оны зерттеушілер кінәсінен емес, уақыт талабынан, яғни сіреспе таптық идеология зардабынан туған олқылық деп қабылдаған лазым. Осы орайда, «Айқапта» көтерілген мәселелердің бүгінгі таңда да өзектілігін, яғни журнал материалдарының өміршең­дігін айтпау қиянат болар еді. Айталық, журналдың 1913 жылғы 15-нөмірінде жарық көрген «Қазақтың қазіргі халі» атты мақалада Бейімбет Майлин көтер­ген мәселе қазір де көкейкесті. Алаш арысы қазақ тіршілігіндегі әдет-ғұ­рып­тың кері кеткен жақтарын сынап-мінеп, олардың білімсіздіктен, кәсіпсіздіктен туатынына тоқталады. Қазақтың қыз ұзату тойында, өлімге ас беріп, еске алуда үлкен шығынға бататынын айыптап, оның орнына халықты пайдалы іске, оқу-ағарту жұмысын дұрыс жолға қоюға, мектеп-медресе салуға, газет-журнал, кітап алдырып оқуға қаражат шығаруға шақырады. Қазақты ай, қап деп өкінуден арылту мақсатын көздеп «Айқапты» шығарған М.Сералиннің мына пікірі де көңіл төрінен орын иемденеді, көкейкестілігі­мен құнды: «Біздің ілгергі-келешек күніміз де, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тіреледі. Ол – оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек, өнерлі халыққа жалшы болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық болып оқушы-талапкерге жәрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды». Дәл бүгінгі күннің өзекті мәселесін көтеріп тұрғандай әсерге бөлейді. Қазіргі жастар мен сауданы кәсіп еткен, тек баюды ғана мақсат тұтқан байшы­кеш­терге, бизнес өкілдеріне ой салса игі. Мұндай құнды ойларды «Айқаптың» әр нөмірінен молынан ұшыратарыңызға бәс тігеміз. Ендеше, журнал жарияла­ным­дарын ұлттық құнды мұрамызға айналдырып, қажетімізге жаратудан жаңылмайық. Қайрат САҚ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, алаштанушы-ғалым.