Ауылыңызға барғанда аңғарған боларсыз. Көпшілік елге сіңірген еңбегін, жақсылығын жиі еске алып, айтып отыратын азаматтар болады. Ал енді қазақтың ұлы композиторы, вальс
королi Шәмшi Қалдаяқовтың шығармалары, адами болмысы, таланты мен талғамы туралы тамсана әңгімелейтіндерді әр ауылдан таба аласыз. Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би
ауданындағы Мәдени ауылының тұрғындары үшін де ұлы композитор – ұмытылмас ерекше тұлға. Оған себеп көп, әрине.
Бүгінде Мәдени ауылының тұрғындары «біздің ауыл композитор мен ақынға, жалпы өнер иесіне шабыт беретін құдіретке ие» деп мақтанады. Өңірдің тамсандырар табиғатын тілге тиек етеді, іргесінен сарқырап ағып жататын Ақсу өзенін көрсетеді. Көңіліңіздегі күдікті сейілту үшін Шәмші Қалдаяқовтың «Ақсудан ұшқан аққуым» әні туралы әңгімелейді. Ауылдағы ағайынның мақтанатынындай-ақ реті бар. Өйткенi, мәтiнiн ақын Мұхтар Шаханов жазған «Ақсудан ұшқан аққуым» әні осы Мәдени ауылында дүниеге келген. Осыдан үш жыл бұрын ауылдың азаматы Батырбек Көшербайдың бастамасымен өткен «Ақсудан ұшқан аққуым» атты өнер фестивалi де шығарманың маңызы мен мәнін арттыра түсті. Ауыл тұрғындары бүгінде Батырбектей азаматының игі ісін ыстық ықыласпен айтып отырады. Ауылдағы өзен жағасында өткен фестивальға ән мәтiнiнiң авторы Мұхтар Шаханов қатысқан болатын. Өнерге деген құрметті, талантқа деген тағзымды білдіретін өнер фестивалі Мәдени ауылының ғана емес, оңтүстік өңірінің мақтанышына айналды. Жас ұрпақты өнерге ынталандырды. Мәдени ауылында «Ақсудан ұшқан аққуым» әніне арналған үлкен жиын өтті.
– Шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәлі інім қайта-қайта телефон соғып өтініш жасаған соң, әпкемнің үйінде ауырып жатқаныма қарамай, Мәдени ауылына қарай жол тарттық. Оңтүстік Қазақстан облысының қалаларынан, аудандарынан келген 20-дан астам ансамбль, жеке әншілер әртүрлі мақаммен, өзіндік шеберлікпен «Ақсудан ұшқан аққуым» әнін бірінен соң бірі орындағанда, жұрт ерекше ризалық танытты. Өз басым тек бір әннің төңірегіне топтасқан мұндай ән жарысын бұрын-соңды көрген емес едім. Осы әнді Шәмші Қалдаяқовтың өтінішімен тұңғыш рет Шымкент облыстық радиосында орындаған, қаладағы технологиялық институттың ІІІ курс студенті, қазіргі кезеңдегі белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанов болатын. Жиынға сол Сейітжановтың өзі келіп қатысып, әнді түрлендіре орындап бергенде, жұрт дүркірете ұзақ қол соқты, – деп еске алады сол күндерді Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов. – Кейде ән тағдыры да адам тағдырына ұқсап жатады. Бір ән жұрт жүрегіне жылдам жол тауып кетсе, енді бір әннің жұлдызы жанбай, ұзақ жылдардан кейін ғана өз биігіне көтеріледі. Базбір әндер мүлде назардан тыс қалады. Мәселен, Шәмші Қалдаяқов екеуміз бірлесіп жазған «Өмір-өзен» әні 32 жылдан соң, ал «Арқалықтың ақ таңы» әні 42 жылдан кейін ғана ел жүрегінен орын алды. Ал «Ақсудан ұшқан аққуым» әнін біз 1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі Төле би ауданындағы Мәдени ауылына барғанда жазған болатынбыз. Іргесінен Ақсу өзені сарқырап ағып жататын сол ауылдың Кеңес Одағы кезіндегі бұрынғы аты «Коммунизм» еді.
«Кеудемде тұрдың жұлдыздай
жанып,
Шаттығым болып аңсаған.
Араға талай айларды салып,
Оралдым, жаным, мен саған.
Алатау баурайын келемін
аралап,
Жасқанбай жаңбырдан.
Ақсудың өзенін көп жүрдім
жағалап,
Аққулар ұшады алдымнан...» – деп басталатын бұл әннің мәтіні 1968 жылдың 13 сәуірі күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінің №73 санына Шәмші Қалдаяқовтың өз қолымен жазған нотасының суретімен бірге жарияланып еді.
Біз бір ғана туындысының тарихын әңгімелеген, «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленетіні елге мәлім. Шәмші Қалдаяқов қалдырған, әр жүректе сайрап тұрған әндерінің келер ұрпаққа түпнұсқада жетуін бүкіл қазақ елі, оның ішінде Мәдени ауылының тұрғындары да қалайды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы