• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2011

«Бөбек» қоры келешекке қызмет етеді

1935 рет
көрсетілді

Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында «Бөбек» қоры «Қайырымдылық акциясының қорытындылары» тақы­ры­бына арналған баспасөз мәслихатын өткізіп, онда қордың басшылары, ресми өкілдері атқарылып жатқан игі істер жайында есеп берді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дары барша қауымға, әсіресе жетім балалар мен ата-ана қам­қор­лығынан тыс қалған сәбилер үшін ауыр кезең болғаны белгілі. Сол тұста елімізде қоғамдық қор­лар, қоғамдық негізде іс бас­тау­шы топтар көптеп құрылып, қа­йы­рымдылық, ізгілік қолын соз­ғаны әлі күнге жадымызда. Міне, сондай алғашқы қоғамдық қор­лардың бірі 1992 жылдың наурыз айында Сара Назарбаеваның бас­та­масымен өмірге келген «Бө­бек» қоры бүгінгі күнге дейін сол қолдауынан еш айныған емес. «...Мен адамдарға көмек бере ала­тынымды түсіндім, оның үс­ті­не менің жағдайым басқаларға қа­ра­ғанда осы істе анағұрлым көп іс тындыруға мүмкіндік тудыра­ды», – деген еді сол жиында Сара Алпысқызы. Расында да, он то­ғыз жыл ішінде «Бөбек» қайы­рымдылық қоры «жетімге ақыл беруші көп, бақыр беруші аз» уа­қытта ана жылуы мен отбасынан айырылған балаларға әлеуметтік көмек беруде қыруар шаруа ат­қарды. Бүгінде оның барлығы­ның атын атап, түсін түстеп жату мүмкін емес. Қордың ең басты мақсаты – балалар үйлері мен оларға арналған сауықтыру мекемелеріне көмек көрсету болатын. Сол кездері республиканың бар­лық аймақтарындағы балалар үй­леріне ондаған тонна гумани­тарлық көмек жіберіліп тұрды. Сара Алпысқызы Қазақстан­дағы балалар үйлерінің бағыт-бағдарын өзгертуді де қолға ал­ып, жетім балаларды тәрбиелеу жүйесіне «SOS Киндердорф» ха­лықаралық қорының отбасылық үлгідегі және жасөспірімдер ауы­лын жасақтау тәжірибесін енгізген бірден-бір адам. Олардың тұрмыс-тіршілігін бірыңғай мо­дельдеудің арқасында бүгінде балалар үйінде тәрбиеленушілер махаббат пен қамқорлықтың ая­сында тату-тәтті өмір сүруде. Бұл ауылдан жетім балалар жаңа от­басылы болып, ата-ана, өздеріне жақын бауыр тапты. Соның нә­тижесінде, «Бөбек» қорының жетекшілігімен «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөс­пірім­дер үйлері туралы» Қазақстан Рес­публикасының Заңы қабылда­нып, мемлекеттің балаларға әлеу­меттік көмек көрсету жауапкершілігі мен қамқорлығы арта түс­кені белгілі. Білім және ғылым министрлігінде Балалар құқық­та­рын қорғау комитеті мен оның об­лыстық департаменттері құрылды. Қордың басты жұмысы жетім балаларға қайырымдылық көмек көрсету болса, бүгінгі таңдағы негізгі бағыттардың бірі – жетімдер мен ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған балаларға білім беру үшін қаржы бөлу. Мәселен, 2002 жылдан «Бөбек» қоры ата-анасыз және аз қамтылған отба­сынан шыққан студенттерге әл­еу­­меттік көмек бере бастады. Осы жылдар ішінде арнайы стипендия түрінде қаржылық көмек ала­тын студенттердің саны 30 мың­нан, ал оларға көрсетілген көмек қаржысы 113 миллион теңгеден асты. Сара Алпысқызы көмекке мұқтаж бала санының артқанын біліп, қаржыны депозиттік жүйемен шешуді қолайлы тәсіл деп тапты. Банк депозитіне салынған қаржы өсімі, алғашқы сомасын жоғалтпай-ақ, бүгінгі таңда балалардың барлық қа­жет­тілігін өтеп келеді. Сара Алпысқызы ізгілік қа­йырымдылықтың айнымас белгісі деп танып, қашанда өзінің ту­ған күніне келген қонақтар ара­сын­да жетім балаларға арнап қа­йырымдылық акциясын ұйым­дас­тыруды дәстүрге айналдырған десек, биыл да осындай қайы­рымдылық акциясын өткізе оты­рып, жиналған қаржыны қазақ­стандық балғындарға көмек ретінде беруді ұйғарды. Қайы­рым­дылық кештен жиналған қаржы­дан Алматы қаласындағы №3 балалар үйінде тәрбиеленуші сәби­лер сенсорлы бөлмелі болса, ау­ылдың екі бірдей мектебі авто­бусқа қол жеткізді. Ал демеушілер сыйға тарқан екі автобус Германиядан келіп, оларды қажет ететін балалар үйіне жіберілмек. – Бұл жолы да қор басшысы жиналған қаржының ендігі бір бөлігін тағы да балалардың білім алуы бағытына беруді ұйғарып, осы мақсатпен депозитке ауда­руды қолға алды. Жаңа оқу жылы қар­са­ңында үздік оқыған мектеп түлек­тері Сара Алпысқызы атын­дағы білім грантына ие болмақ. «Бө­бек» қоры жетім және аз қамтыл­ған отбасынан шыққан 64 талант­ты баланың еліміздегі жо­ғары оқу орындары мен колледждеріндегі оқу ақысын төлеуді өз мойнына алып отыр. Қазақ­стан­ның әр об­лысына 4 гранттан бөлінеді деп жоспарлануда. Бұл қадамды Сара Алпысқызының аналық шынайы махаббатының ерекше белгісі деп түсінеміз, – деді «Бөбек» қорының ресми өкілі Ақберен Елгезек. Қашанда «Менің атқарып жат­қан іс-әрекеттерім адамға да, Ал­лаға да жағады деп ойлаймын. «Бір жетімнің басынан сипасаң, қырық періште күліп тұрады»» деп айтудан жалықпаған Сара Алпысқызының ұрпақ болаша­ғы­на арнап жасаған игі істері көмек қолын созуға мүмкіндігі бар әр­бір қазақстандық азамат үшін үлгі болары сөзсіз. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.