Кәсіпқой бокс. Жуырда кәсіпқой бокстан Бүкіләлемдік серия бойынша өтіп жатқан жарыстың жартылай финалдық кездесулері өтті.
Көптен бері жанкүйерлер күткен бұл жекпе-жекте Азия аймағынан «Баку файерс» пен «Астана арландары», Еуропадан «Париж юнайтед», Америка құрлығынан «Лос-Анджелес матадорс» боксшылары кездесті. Мұнда өз алаңында америкалық команданы қабылдаған «Астана арландары» қарсыластарын 4:1 есебімен ұтса, әзірбайжандық ұжым да Бакуде «Париж юнайтед» командасынан осыншама есеппен басым түсті. «Астана арландары» сапында Міржан Рақымжановтан (54 кг.) басқаларының бәрі таза жеңіске жетті. 61 кг. салмақта Мерей Ақшалов бразилиялық легионер Лопес Эвертонды жеңсе, Қанат Сіләм (73 кг.) Ламур Расселді техникалық нокаутқа жіберді. 85 кг. салмақта астаналықтар сапындағы өзбек легионері Рамзжон Ахмедов америкалық команданың қатарына қосылған украин Вячеслав Шабранскийден басым түссе, 91 кг.-ден жоғары салмақтағы Руслан Мырсатаев Дэвид Имоесериді Қанат сияқты нокаутқа жіберіп ұтты.
«Астана арландарының» келесі жекпе-жегі 16 сәуір күні Лос-Анджелес қаласында өтеді. Осы күні Парижде «Баку алаулары» алаң иелерімен қолғап түйістіреді. Жанкүйерлердің жорамалы бойынша финалда тағы да «Астана арландары» мен «Баку алаулары» кездесуі мүмкін.
Теннис. Халықаралық теннис федерациясының шешімі бойынша Дэвис кубогы жолындағы Қазақстан мен Аргентина арасында өтетін ширек финалдық кездесулер бір күн ерте өтетіні белгілі болды.
Күнтізбеге сәйкес бұл жарыстар 8-10 шілде күндері өтуі тиіс болатын. Бірақ 10 шілде күні белгіленген Буэнос-Айрес қаласының үкіметі мен мэрін сайлауға байланысты Қазақстан мен Аргентина арасындағы матч 7-9 шілде күндеріне ауыстырылды. Сөйтіп, 7 шілде күні 2 жекелеген кездесу өтсе, келесі күні жұптасу ойыны, ал 9 шілде күні екі жекелеген кездесу өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН.