Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Икрам АДЫРБЕКОВПЕН әңгіме
– Икрам Адырбекұлы, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз жұмысын бастағанына екі айға жуықтады. Таңдау неліктен біздің елімізге түсті?
– Тарихи таңдау жайдан-жай жасалмайды. Бұл – қауіпсіздік қағидаттарын бейбітшіліктің басты тірегі етіп алған біздің мемлекеттің сындарлы сыртқы саясатына берілген лайықты баға. Бұл – әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қоғамдастық алдындағы жоғары саяси беделінің көрсеткіші.
– Кейде БҰҰ-ның өткізетін операцияларын да естіп қаламыз...
– Қазіргі кезде БҰҰ бейбітшілікті сақтау бойынша 16 операция жүргізіп жатыр, Ұйым 1948 жылдан бері осындай 69 операция өткізген болатын. Кеңес жұмысының едәуір бөлігі Африкадағы шиеленістер мен Таяу Шығыстағы ахуалға, сондай-ақ жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, терроризмге қарсы күрес, бітімгерлік, құқық үстемдігіне қатысты мәселелерге арналған.
Қарап отырсақ, Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтары, қауіпсіздік пен тұрақтылық салаларындағы бастамалары, беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық ету мен қатысу арқылы жүргізіп келе жатқан іс-шаралары БҰҰ мен Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі мақсаттарына сай келетінін аңғару қиын емес. Еліміздің сыртқы саясаттағы сындарлы қадамдары, әлемдік деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді шешу жолындағы белсенді іс-қимылы көпке аян. Соғыс ошақтарын бейбіт мекендерге айналдыруда Қазақстанның қолтаңбасы өткен ғасырда өз биігінде көрінсе, жаңа мыңжылдықтың алғашқы онжылдығында ол өрісін одан әрі кеңейтіп, өнегесін таныта түсті. Шын мәнінде, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сайлануына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының зор ықпалы болғанын, оның әлемдік өркениетте көрнекті саясаткер ретінде жоғары беделге ие екенін айқын көрсетеді.
Ядролық қарусыздануды, дінаралық және ұлтаралық келісімді ішкі және сыртқы саясатының тұғыры еткен, халықаралық бітімгерлік миссияларға сүбелі үлесін қосып келе жатқан еліміз өзінің жан-жақты және мол тәжірибесін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында тұрған халықаралық қауіпсіздік проблемаларын шешуге жұмсайды деп күтілуде. Әлемдік қоғамдастық тарапынан күтіліп отырған бұл өміршең міндеттерді Қазақстан өзіне тән ұйымдастырушылық қабілетімен жоғары деңгейде орындап шығатыны сөзсіз.
Әсіресе, Қазақстан өңірдегі ахуалды ретке келтіру мен тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ дүние жүзіндегі көптеген шиеленістерді реттеуге елеулі үлес қосты. Мысалы, еліміз Ауғанстан төңірегіндегі мәселелерді реттеуге зор септігін тигізгені белгілі. Соңғы уақытта өзекті болып отырған Сирияға қатысты шиеленісті реттеу бойынша келіссөздерді Астанада өткізу бойынша Ресей мен Түркия президенттерінің Елбасымызға ұсыныс жасауы – Қазақстанның бітімгерлік саясатының пәрменділігін мойындау деп айтсақ, артық болмайды. Халықаралық қоғамдастық Астанада өткен келіссөздерден үлкен үміт күтеді.
Негізінен Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелік кезеңіндегі Қазақстанның басты жұмысы әлемдегі қауіпсіздікті нығайту, терроризмге қарсы күрес және жалпыға бірдей қарусыздануға бағытталатын болады. Сонымен қатар, азық-түлік, су-энергетикалық және ядролық қауіпсіздіктерге де ерекше көңіл бөлінеді. Бұдан басқа Қазақстан кедейшілікпен күрес, адам құқықтарын сақтау, ұлттар арасында өзара сенімді нығайту мен үнқатысу орнату мәселелерімен де айналысуды көздеуде.
Кеңестің тұрақты емес мүшелігіне өту тек еліміз үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін маңызды. Себебі, еліміз осы өңірдің проблемаларына әлемдік қоғамдастықтың назарын аударып қана қоймай, өңір мүдделерін белсенді қорғап, көптеген өзекті мәселелерді шешуге күш салмақ. Еліміз сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымы мен қызметін реформалауды қолдайды. Атап айтқанда, бүгінгі заман талаптарына толық сай болу үшін Қазақстанның ұсыныстары – Кеңестің тұрақты мүшелерінің қатарын көбейту, оның жұмыс әдістерін жетілдіру, вето құқығы, Бас Ассамблея мен өзара байланысын жетілдіруге арналған. Осы ұстанымдардың барлығы ескеріледі деген үміттеміз.
– Мемлекет басшысының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған Саяси үндеуі туралы не айтар едіңіз?
– Үндеуде ХХІ ғасырға сай жаһандық және өңірлік қатерлерді шешудегі ұжымдық жауапкершілік аясында мемлекеттердің өзара қарым-қатынастарының жаңа моделін құрудың нақты жоспары құрылған. Және бұл жоспарды орындаудың тетіктері мен кезеңдік кестесі жасалған. Осы қадам еліміздің халықаралық ұйымдарға жетекшілік еткен мол тәжірибесінің негізінде жасалғаны да белгілі. Ал жеті басымдық жаһандық соғыс қаупін болдырмау, Ауғанстандағы бейбітшілікке қолғабыс жасау, Орталық Азияда бейбітшіліктің өңірлік аймағын қалыптастыру, антитеррорлық операциялар кезінде жүріс-тұрыстың Астана кодексін әзірлеу, Африканың тұрақты дамуын қолдау және БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге қатысты мәселелерге негізделген.
Осы мәселелер әлемдік қоғамдастықта талқыланып отырған превентивті дипломатия және бейбіт әлемді құру тақырыбына сай келеді әрі халықаралық саясатта кең қолдау тауып отыр.
Ал енді ондағы басымдықтарға келсек, бірінші басымдықтың мақсаты – Корей түбегінде ядролық қару проблемасы бойынша көп жақты келіссөздерді жақын арада жаңғыртуға және, жалпы алғанда, 2045 жылға, яғни БҰҰ-ның 100 жылдығына дейін Ұйымның барлық мүшелерін әлемді ядролық қарудан азат етуге бірлесіп қол жеткізуге шақыру. Бұл шақыру аса маңызды және ол барлық тараптардан қолдауға ие болуға лайықты шара. Қазақстан осы бастамасымен әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударып отыр.
– Ал екінші және үшінші басымдықтардың мақсаты қандай?
– Екінші басымдықта Қазақстан жаһандық соғыс қаупінің алдын алу мен оны толық жою үшін «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде көрсетілген қарулы қақтығыстарды тоқтатуға бірлескен іс-қимыл механизмдерін қолдану арқылы жетуді көздеп отыр. Еліміз дүние жүзінің түкпір-түкпірінде, атап айтқанда, Таяу Шығыс, Корей түбегі, ТМД, Африка мен Азия құрлықтарында орын алып жатқан шиеленістерді бейбіт шешуге өз тәжірибесімен ықпал етуге ниетті. Осыған нақты мысал – Ресей мен Түркия президенттерінің Сириядағы әскери іс-қимылдар бойынша келіссөздерді Астанада өткізуге ұсыныс жасауы Қазақстанның бітімгерлік саласындағы және халықаралық серіктес ретіндегі беделін мойындаудың көрінісі. Бұл – біздің мемлекетіміз үшін үлкен саяси жетістік. Және де Женевада өтетін келіссөздерге маңызды дайындық, сондай-ақ еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің нақты үлесі болмақ.
Үшінші басымдықты белгілеуде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азиядан сайланған алғашқы мемлекет ретінде өңірдегі мәселелерді реттеу қажеттігі ескерілген. Мұнда басты назарда терроризм, Ауғанстандағы ахуал, өңірлік экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз миграция сияқты өзекті тақырыптар қарастырылған. Сонымен бірге, трансшекаралық өзендер проблемасын, шекаралардағы аумақтық дау-дамайларды шешуге, су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бірыңғай энергетика жүйелерін келісу мен дамытуға жәрдем көрсетуге ден қойылады.
Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық та басты мақсаттың бірі болмақ. Себебі, өңірдегі саяси және экономикалық үдерістер ынтымақтастықтың көптеген аспектілерін қамту қажеттілігін көрсетіп отыр.
Халықаралық терроризм мен экстремизм – бүгінгі әлемнің өзекті проблемаларының бірі. Сондықтан, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметіндегі төртінші басымдық осы аса қауіпті құбылыстармен күреске арналады. Бұл бағытта да еліміз көптеген бастамалардың авторы ретінде өз жерінде және басқа да алаңдарда халықаралық іс-шараларға белсенді атсалысып жүргені белгілі. Осы мәселеде дінаралық және конфессияаралық үнқатысуды ілгерілетудегі өз тәжірибесіне сүйене отырып, еліміз саяси және діни көшбасшыларды экстремизм мен радикализм проблемаларын шешуде күш-жігер біріктіруге тарту жұмысымен айналысатын болады. Діни қақтығыстар, діндегі теріс ағымдар, діни кикілжіңдер жарияланбаған соғыстың жаршысына айналды. Жиһадшыл жандардың діни сауатсыздығын теріс пиғылда пайдаланып, оны өз мақсаттары жолында қолжаулық етіп отырған ұйымдарға қарсы күрес барлық деңгейде ымырасыз жүргізілуі керек. Бұл мәселеде Қазақстанның көзқарасы айқын және салмақты.
Елбасымыз БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында БҰҰ аясында терроризмге қарсы жаһандық коалиция құру туралы бастама көтерген болатын. Аталмыш бастамаға негіз салу үшін БҰҰ және Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелеріне халықаралық терроризмге қарсы операцияларды жүргізудің Астана Кодексін әзірлеу ұсынылмақшы. Ал жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу үшін Африка құрлығында бейбітшілік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету қажет екені түсінікті. Сондықтан, бесінші басымдыққа Қазақстан Африка одағындағы бақылаушы және Қауіпсіздік Кеңесінде Сомали/Эритрея жөніндегі комитеттің төрағасы ретінде Африкадағы бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді орнату мәселелерін таңдады.
Алтыншы басымдық ұзақ мерзімді тұрақтылық пен орнықты әлемге қол жеткізуге арналады. Бұл мұраттарға жету үшін соғыстар мен қақтығыстардың алдын алу, адам құқықтарын қорғау, орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру, климаттың өзгеруімен күресу сияқты шараларды бірлесіп қабылдау қажеттігіне көңіл бөлінеді. Биыл өтетін ЭКСПО-2017 көрмесін жасыл энергияны дамыту арқылы климаттың өзгеруінің зардаптарын азайту Қазақстанның осы бағытта қабылдап отырған превентивті шараларына жатқызуға әбден болады.
Бұларға қосымша, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне сәйкес, Қазақстан БҰҰ аясында ұйымның Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне ауыстырып, оған жаһандық экономикалық реттеуші функциясын беру, дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеу, Астанада жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығын құру, «Жаңа болашақ» тұжырымдамасын әзірлеу бастамаларын ұсынып отыр.
Жетінші басымдық БҰҰ-ның әлемдік ұйым ретінде рөлі мен орнын жаңғыртуға және күшейтуге бағытталған. Бұл Еуропа, Азия, Америка мен Африка құрлықтарындағы ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі өңірлік ұйымдардың өзара ынтымақтастығын кеңейту мен БҰҰ-ның қызметін ХХІ ғасырдың талаптарына сай ұйымдастыру мәселелерін қамтиды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»