Қысқы спортты сүйген қауымды қуанышқа бөлеген XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың спорттық кешендері енді кімге қызмет етпек? Хан сарайындай «Halyk Arena» мен «Аlmaty Arena» спорт нысандары мамандардың айтуынша, келешекте қала тұрғындарының спорттың қалаған түрлерімен айналысуына қызмет етуге сақадай-сай екен.
Мысалы, «Аlmaty Arena» сарайы 12 мың адамға деп есептелінген болса, «Halyk Arena» ғимаратында 3 мың адам емін-еркін отыра алады. Ал, Атлеттер ауылы 5 мың адамға есігін айқара ашқан болатын.
«Универсиада мұрасы» атты жаңа жобаның аясында Атлеттер ауылындағы 140 мыңнан аса тұрмыстық заттар мен арнайы техникалық қондырғылар Алматы шаһарындағы 500-ге тарта әлеуметтік мекемелерге таратылды. Бұл да қала өміріндегі игілігі зор сауапты істің бірі болғаны сөзсіз. Медициналық қондырғылар мен кеңсе техникалары қалалық ауруханаларға, мектептерге, емханаларға, балабақшаларға, спорт мектептеріне, жатақханаларға және ардагерлер үйлеріне жеткізіліп берілді. Міне, көптің көңілінде жүрген бұл мәселе де өз шешімін орнымен тапты.
Сонымен қатар, Атлеттер ауылындағы пәтерлер «Универ-сиада мұрасы» жобасы аясында шаһардағы жылдар бойы үй алуға кезекте тұрған мұқтаж жандарға ретімен бөлініп берілетін болады. Осындай халық үшін жасалынған игі жақсылықтар мемлекеттегі сындарлы саясаттың арқасында іске асып отыр.
Ал, енді Универсиадаға арналып салынған спорт сарайлары жайлы тарқата айта кетейік. Зәулім спорт кешендерінің іші жарыс өткеннен кейін қаңырап бас қалмасы бесенеден белгілі. Ал, сол ғимараттардың ішін спортқұмар халыққа толтыру үшін жаттығу бағасын аспандатпай, қалта көтеретіндей етіп қойса ғана бұқара халықтың спортқа деген ынтасы арта түсері хақ.
Универсиада-2017 дирекциясы басшысының орынбасары Дидар Сағадиевтің мәлімдеуінше, аталған спорт кешендерінің барлығы дерлік қарапайым халықтың игілігіне жұмыс істейтін болады. Дидар Сағадиев қысқы спорт түрлерінің үйірмелеріне балаларын бергісі келген ата-аналарға спорт кешендерінің есігі қашанда ашық екенін, жаттығам деушілерге қойылатын баға да қолжетімді болатынын атап өтті.
Универсиада аяқталғаннан кейін қала тұрғындарының қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығының арта түскені байқалады. Мысалы, мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен, Айза Имамбек, фристайлдан Жанбота Алдабергенова, Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, шорт-тректен Абзал Әжіғалиев бастаған қаракөз жүйріктеріміз, биатлоннан Галина Вишневская, Алина Райкова сынды алтын жүлделі саңлақтарымыздың жарқын жеңістері бұл спорт түрлеріне деген сүйіспеншіліктің артуына серпін береді деп ойлаймыз.
Ибн Сина «Дене шынықтыру жаттығуларымен айналыссаң, дәріге пысқырып та қарамайсың», деген екен. Денсаулығын қадағалап, спортпен айналысып жүрген адамға ауру да жоламайды. Адамның бақытты болуының оннан тоғызы осы денсаулыққа байланысты екені тағы рас.
Олай болса, деніміз сау, тәніміз сергек болсын десек, осы бір ел игілігі үшін салынған ғаламат спорт сарайларының жанынан айналып өтпей, ішіне бас сұғып, бір уақ денсаулыққа көңіл бөлгеніміз ләзім болар еді.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
журналист
АЛМАТЫ