Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрлігінде болып, ұжымға жаңа тағайындалған Сыртқы істер министрін таныстырды.
Президенттің Жарлығымен сыртқы саясат ведомствосының басшысы болып Ержан Қазыханов тағайындалды.
Дипломаттарға жаңа Сыртқы істер министрін таныстыра отырып, Мемлекет басшысы министрлік ұжымын еліміздің сыртқы саяси жетістіктерімен, атап айтқанда, өткен жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың және саммиттің табысты өтуімен құттықтады, сондай-ақ министрліктің алдында тұрған таяу перспективадағы басым міндеттерді атап көрсетті.
Ол – маман. 1989 жылдан бері СІМ органында жұмыс істеп келеді. Он жылға жуық уақыт БҰҰ-да қызмет атқарды. Менің көмекшім болды. Венада елші болды. Ол араб тілінің маманы. Ағылшын және араб тілдерін меңгерген. Біз өткен жылы еуропалық мәселелер бойынша жақсы жұмыс істедік. Қазір араб мәселесімен айналысуға тура келеді. Ол ислам әлеміндегі Қазақстанның беделін нығайтуға өзінің үлесін қосады деп сенемін. Биылғы жылы үлкен істер күтіп тұр. Мамырдың бас кезінде үлкен экономикалық конференция, одан кейін Еуропалық қайта құру және даму банкінің форумы, ИКҰ СІМК саммиті, ШЫҰ мерейтойы өтеді. Сондықтан біз атқарар міндеттер жетерлік. ЕҚЫҰ саммитін өткізу барысындағы жұмыстарыңыз үшін сіздерге алғысымды айтқым келеді, деді Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық дипломаттарға.
Президент елдің сыртқы саясат ведомствосының министрлік алдында тұрған барлық міндеттерді табысты іске асыратынына сенім білдірді.
-----------------------------------------
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.