• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2011

Жұлдызды жол Байқоңырдан басталды

1528 рет
көрсетілді

Бүгін – дүниежүзілік космонавтика және авиация күні Саналы адам баласы аспанда қа­лық­тап ұшуды бағзы заманнан арман етті. Әуелде екі қолына жасанды қанат байлап алып, үй төбесі мен биік жарқа­бақ­тардан төмен қарай секіре қалықтауға талпынды. Бірақ, өкінішке қарай, ол әрекеттерінен нәтиже шықпады. Содан кейін адам әуе шарын ойлап тапты. Одан кейін адамды шынымен-ақ ас­пан­ға ұшыра алатын әуе кемесін жасады. Бірақ жер атмосферасын төменге тастап, ғалам кеңістігіне ұшып шығуға бұл әрекет те аз болды. Ал кейінірек жердің тар­тылыс өрісін жеңіп шығатын зымы­ран жасалған кезде, оның ұшып шы­ғуы­на мүмкіндік тудыратын жер таңдау қажет­тілігі туындады. Осылайша ғарыш айлағы немесе космодром деген ұғым пайда болды. «Космодром» грек сөзі. Ол қазақ­ша­лағанда «Зымырай қозғалып, ғарышқа ұшып шығатын жер» деген мағынаны береді. Ал ондай жылдам қозғалысты қан­дай жерден жүзеге асыру керек? Ға­лымдар мен құрастырушылардың ал­дын­да осындай сұрақ тұрды. Ондай алаң жасауға бірнеше жер ұсынылды. Қой­ыл­ған талап бойынша, ғарыш кемесі ат­та­на­тын алаң мейлінше тегіс, күн райы көбіне ашық, климаты жұмсақ жер болуы тиісті. Егер ғарышайлақ жер эк­ва­торына жақын маңға орна­ласқан болса, зымыранды ғарыш кеңіс­тігіне ұшырып шығару тиімді болмақ. Оның үстіне, зы­мыран шығысқа қарай бағыт ала зы­мы­рай аспанға ұшып барып, жер төңірегіндегі айналымжолға шы­ғуы тиісті. Сонда зымы­ран­ның ұшу жылдамдығы жердің өз осінен батыстан шығысқа қарай ай­налуымен астасып, ұшу же­ңіл­дейді. Осы факторлардың бә­рі­нің сәйкес келуі жер шары­мыз­дағы адам баласының жұл­дыз­дарға ұшуына ең алғаш жол аш­қан Байқоңырдың тұсауын кесті. Байқоңырдың іргетасы өткен ғасырдың қырқыншы жылдары­ның аяғы мен елуінші жыл­дары­ның басында-ақ қаланды. Көп уақыт өтпей ғылыми-техни­ка­лық ізденістер қарқын алды. 1950 жылдың өзінде-ақ адам ба­ласының ғарышқа ұшуына жол ашқан әйгілі ғарыш айлағы бо­лып қалыптасты. Оның трасса­сы мыңдаған шақырымға созы­лып жатыр. Оның бір шеті сонау Тынық мұхитына барып тіреледі. Трассаның бойына бірқатар өлшеу-есептеу пункттері орна­ласқан. Әуелі зымырандар ұшып шы­ғатын бірнеше алаңдар са­лын­ды. Ғарыш кемелерін құрас­ты­ратын, сынақтардан өткізетін, ғарышқа аттандыратын көптеген кешендер бар. Олардағы күрделі автоматты жүйелер арқылы ға­рыш кемелерінің ұшу траек­ториялары өлшенеді, ұшуға рұқ­сат беріледі, автоматты ғалам­ша­раралық кемелерден берілген телеметриялық ақпараттар ком­пью­терлерде өңделеді. Авто­матты жүйелермен жабдық­тал­ған кешендерде кемелер сынақ­тан өт­к­ізіледі, оларды Бай­қо­ңыр­­дан ұшы­ратын тасығыш зы­мы­ран­дарға тіркеу, жанармай құю жұ­мыстары жүргізіледі. Ғаламшараралық кемелердің жерден аспанға қарай тік ұша­тыны белгілі. Бұл да кемелерді ғарышқа ұшырудың бір жеңіл­детілген амалы. Ғарыш кеме­сі­нің қабырғасы мүмкіндігінше жұқа болса, соған сай салмағы да мейлінше азаяды. Ғалам­шараралық кемелерді ғарышқа қарай тік бағытта ұшыру әдісі барлық ірі елдерде қабылданған. Өйткені, осылай тік бағытта тез ұшқан мезетте пайда болатын кейін серпудің ғаламат күші ке­менің осіне түседі де, оны тех­никалық ақаудан сақтайды. Ға­лам­шараралық кемелерді бас­қару жүйесі оның кенеттен соға жөнелген дауылдан құлап кетпеуін қадағалайды. 1957 жылғы 4 қазанда адамзат тарихында ұлы жаңалық бол­­ды. Қазақтың осы қасиетті жері, «Жер кіндігі» – Бай­қо­ңыр­дағы ғарыш алаңынан жердің тұңғыш жасанды серігі ғарыш кеңістігіне ұшып шығып, ғарыш дәуірін ашты. Одан кейін ғарыштық биоло­гия­лық зерттеулер басталып кетті. Сол 1957 жылғы 3 қарашада ішінде Лайка деген ит отырған бірінші геофизикалық зымыран, 1960 жылғы 19 тамызда ішіне Стрелка мен Белка деген иттер мен атжалман, тышқан және жән­діктер салынған екінші кеме серігі, 1960 жылғы жел­тоқ­санда Пчелка мен Мушка деген иттер мен тышқан, жәндіктер, өсім­діктер салынған үшінші кеме-серік, 1961 жылғы 9 наурызда Чернушка деген ит пен адам қимы­лын келтіретін манекен, төртінші кеме серігі және 1961 жылғы 25 наурызда ішінде Звездочка деген ит пен адам қимылын келтіретін манекен бар бесінші кеме-серік ұшырылды. Осындай сәтті дәрігерлік-био­логиялық эксперименттерден кейін ғалымдар мен кеме құрас­тыру­шылар адам баласының ға­рыш кемесімен жер төңірегіндегі кеңіс­тікке ұшып шығуына болады деген қорытындыға келді. Кеме құрас­тырушылар осыдан кейін «Восток» делінген кеме-серікті ұшуға дайындауға қызу кірісіп кетті. Ол қандай еді? Кеме-серік төрт бүйірлік бөліктен – бірінші сатыдан, орталық бөліктен – екінші сатыдан және үшінші сатыдан тұрды. Оның ұзына бойы – 38, диаметрі 10,3 метр болатын. Сал­мағы 5 тоннадай еді. Бірінші са­ты­сы қабырғасының сырт жағына қуатты құбырлы қозғалтқыш, кемені қажетті бағытқа бұруды жү­зеге асыратын қозғалтқыштар, тұ­зақ тәрізді антенна қабыс­тырыл­ды. Сондай-ақ күнге қарап бағыт түзеуге болатын сезгіштер, пнев­мо­жүйелердің элементтері орна­лас­тырылды. Ал жерге қонуға ар­налған бөлігінің сырт қабыр­ғасында кабель-мачта, тартпа белбеулер, дөңгелек терезелер – иллюминаторлар, жерден нұсқау қабылдайтын радиосымдар бол­ды. Жерге қонуға арналған осы бөліктің ішкі жағында ғарыш­кер­ге ыңғайлы әрі оның өміріне кездейсоқ қауіп төнгенде кемеден сыртқа қарай тез атыла алып шығаратын жүйелермен жабдық­та­лған кресло болды. Креслоға парашют, ішінде ға­рыш­керге қажетті қосымша оттегі бар ыдыс, ғарышкер скафандрын қатты ыстықтан желдете салқын­да­татын желдеткіш қондырғысы, жерге хабар беруге және жерден хабар алуға арналған байланыс құралы, қажет жағдайда бірінші кезекте қол­да­нылатын құралдар мен азық-тү­лік­тер салынған ыдыс­тар бекітілді. Креслоның қарсы алдындағы қабырғада кеменің ұшу жағда­йын, автоматты жүйелерінің жұ­мы­сын қадағалайтын өлшеуіш приборлар мен индикаторлары бар панель болды. Сонымен бірге панельде ғарышкерге жердің қай географиялық аймағының тұсы­нан ұшып өтіп бара жатқанын көр­сететін, ұшу жылдамдығына сай айналып тұратын глобус ор­на­тылған. Кабинаның сол жағын­да кемені қолмен басқаруға қа­жет­ті пульт, панельдің төменгі тұсында өлшеуіштер тақтасы – телевизиялық камера, одан төме­н­ір­екте – оптикалық бағдары бар иллюминатор тұрды. Ол иллю­ми­натордың үстіңгі жағында радио­қабылдағыш, ал төменірегінде тамақ салынған контейнер болды. Ауасыз кеңістікте ұшып кетіп бара жатқан кеме ішіндегі адам өмірін қамтамасыз ететін жүйе: регенерациялық қондырғылар, то­ңазытқыш-кептіргіш агрегатынан ауа ылғалын жұтқыш, оларды қадағалайтын және реттеп тұра­тын аппаратуралардың блоктары­нан тұрды. Оттегінің қайнар көзі қызметін ылғалды кабина ауа­сы­мен үрлегенде оттегі бөлетін, көмір қышқыл газын жұту қыз­метін сілтілі темір тотығының ерітіндісі атқарды. Қо­сым­ша та­мақ пен су контейнер ішінде сақ­талды. Оларда ғарыш­кер­г­е қажетті тағамның бәрі болды. Кеме ішіндегі адам өмі­ріне қа­жетті деген­дердің бәрі де 10 тәулікке жететіндей етіп са­лынды. Міне, осындай та­лап­­тарға сай құрас­ты­рылған ғарыш кемесі-серігімен жердің тұң­ғыш ға­рыш­кері ғарыш кеңістігіне ұшып шығуы тиісті бол­ды. Сон­дық­тан да бұл ға­рышкерді ға­рышқа ұшу­ға да­йын­дау осы жұ­мыс­тар­мен қатар жүріп жат­ты. Ға­рыш­кер­лер отря­ды­на енген ұш­қыштар енді ар­найы дайын­дық­тардан өтуге тиісті еді. Олар дене жаттығуларымен қатар аст­ро­номия теориясын, аспан механи­ка­сын, физика мен математика пәндерін меңгерді. Мәс­кеу планетарийі шаңыра­ғын­­дағы жұлдызды аспанның жа­санды бейнелерінен жұлдыз­дардың аспан­дағы орын­дары­мен танысты. Радиотехника, электро­ника, автоматика мен телемеханика жөніндегі білімдерін жетілдірді. Дәрігерлік тексерулерден және дене жатты­ғу­ларының то­лық курсынан өтті. Сөйтіп, олар­дың ешқайсысынан да сү­рін­беген ұш­қыш Юрий Алексеевич Гагарин ғарышқа бірінші аттанатын болды. Ол 1934 жылы 9 наурызда Смоленск облысына қарасты Кукушкино селосында колхоз­шы­ның отбасында дүниеге келген. Бола­шақ ғарышкердің өмір­баяны Саратов индустриалды технику­мы­ның аэроклубында басталған. Бай­қо­ңыр­дан ең ал­ғаш­қы жер серігі ұшқан 1957 жылы Юрий Орынбор авиация училищесін тә­мамдаған еді. Содан соң солтүс­тік флоттың ұш­қыр әуе кемелері авиациясында Отан алдындағы қызметін өтей жүріп, әуе кемесімен жылдам ұшу­ға шыңдалады. Ал одан кейін ғарышқа ұшу алдындағы күрделі емтихандардан өтуге кірісті. «... Байқоңырдың алтын таңы қылаң берісімен болашақ ға­рыш­кер­лерге арналған арнайы шағын үйдің ішінде оған ға­рышкердің ска­фандрын кигізді, – деп жазды адам­ның ғарыш кеңістігіне ең ал­ғаш­қы ұшуы жөнінде «Восток» кеме-сері­гінің жетекші конструк­торы Алексей Иванов өзінің «Ал­ғашқы бас­пал­дақтар» деген кіта­бында, – ол скафандр «болашақ ға­рыш рыцары­ның» шыныққан шы­­мыр дене мүсі­ніне шақ келе кетті. Еркін тыныс алуына ауа желін жеткізіп тұратын желдеткіш шлан­гы­сы автономды регене­ра­циялық құры­лымға жалған­ды, тұ­ла бойы жарық сәулесінен айнадай жалт-жұлт етіп тұрды, тек екі қо­лы ғана қолғапсыз. Оның қа­сын­да скафандрдың конс­трук­­то­ры мен дә­рігерлердің бірі жүр. Олар Юрий­дің тұла бойын айнала жү­ріп шолып, скафандрдың де­несінің кей­бір тұсына батқан-бат­па­ғанын, тар келмегенін тексеріп өтті. ... Олар мінген арнайы автобус «Восток» кеме-серігінің дәл жа­ны­на келіп тоқтады. Автоматты түрде екі жаққа қарай айқара ашылған автобус есігінен ақшаң­қай-қызғылт түсті скафандр киген Юрий Алексеевич Гагарин көрін­ді... Енді біраздан соң оның жер ғаламшары тұрғындарына арнал­ған тарихи сөздері дыбыс кү­шейт­кіштерден саңқылдап шы­ғып жатты. Арада тағы бірнеше минуттар сырғып өткенде Юрий Алексеевич отырған кабинадағы телекамералар іске қосылып, оның анық бейнесі шығарып салушылар тұрған жердегі теледидарлардың көгілдір экрандарынан көрінді. Ол әлденені жасауда, жер төңіре­гін­дегі ғарыш кеңістігінде ұшу кезінде кемені басқаратын пульт тақта­сына сәл еңкейе қарап қоя­ды. Содан соң басын көтеріп алып, қарсы алдындағы телека­ме­раның обьективіне тіке қарап жымияды. Кенет микрофон шуылы естілді, әлдекім оны іске қосқан. – Біз сіздің бейнеңізді теле­экраннан анық көріп отырмыз, – деген Сергей Павлович Королев­тің дауысы естілді, – бәрі қал­пында, бұл бізді қуантуда, сергек көрінесің. Мені қалай естисіз? Ол жай ғана, ешбір кідіріссіз, салмақты, рапорт бергендей жауап қатты. – Сізді жақсы естимін! Өзімді жақсы сезінемін, көңіл-күйім сергек, ұшуға дайынмын! Іште шыбын ызыңы ғана естілердей тыныштық орнады. Бәрі де демін ішке ғана тартып ұста­ғандай. Тек динамиктердің шы­ңыл­дағаны ғана әзер-әзер естіледі. Тұмсығы ғарыш кеңістігіне тік қарап тұрған ақшаңқай-қызғылт түсті «Восток» кеме-серігіне жол ашқандай бұлт­тар да жыл­жуын кілт тоқтатып, күн де сол орны­нан тапжылмай нұрын шаша қал­ғандай сәт орнады сол кезде. Бір мезетте жер қыр­тысы астына салынған ұшыру бөлі­мін­дегі перископ арқылы кемені ба­қы­лап-қадағалап отырған бас­­қа­рушының дауысы саңқ етті. – Аттандыру кілті іске қосылсын! Артынша аттандыру пуль­тін­де отырған кісінің дауысы жаңғырыға шықты. – Аттандыру кілті іске қосылды! Динамиктен тағы дауыс саңқылдады. – Соңғы көз жүгіртім! – Соңғы көз жүгіртім өтті! – Әзірлік! Басты әзір­лік! Аттансын! Артынша Сергей Павлович Королевтің дауысы естілді. – Сізге сәт-сапар тілеймін! Кенет көлденең шу мен кеме қозғалтқыштарының құбыр­ла­ры­нан төмен қарай шашыл­ған оттың қатты ысылымен, гүрі­лімен қа­бат­­таса Юрий Алек­сеевич­тің дауысы анық естілді: – Жө-нел-дік! Бұл бұдан 50 жыл бұ­рынғы, 1961 жылғы 12 сәуір­­дегі, Бай­қоңыр уақы­ты­мен таңғы сағат 11-ден 7 минут кеткен сәт еді. Ға­рыш кемесі аспанға қарай зы­мы­рай тік ұшып кетіп бара жат­ты. Дәл сол сәтте «Восток» кеме-серігін құ­быр­лы қоз­ғалт­қыш­тардың ми­л­лиондаған ат күшінен емес, мил­лиондаған адам­­дардың осы тарихи көрі­ніс­тен қатты тол­қып, діріл қақ­қан алақандары­ның ғаламат күші­мен ғарышқа қарай зы­мы­рап ұшып кетіп бара жатқандай бо­лып та кетті. Белгілі биіктікке ұшып жеткенде «Восток» кеме-серігінің бірінші бөлігі ажырады. Ол перигейінде жер бетінен – 181, апогейінде 327 шақырым биіктікке дейін ша­рықтап, жер төңіре­гін­дегі ке­ңіс­­­тікте 108 минут ішінде бір айна­лым жасады. Бұл уа­қыт­тың ішінде тұңғыш ғарыш­кер мен жер бетіндегі мұхиттар мен теңіз­дерді, таулар мен жа­зық­тарды, өзен мен көлдерді, өзі кемемен ұшып шық­қан Бай­қоңыр ғарыш айлағы ор­налас­қан қазақтың дархан жерін және ондағы ірі қала­ларды көрді. Ға­рышкер Бай­қоңыр уақы­тымен сағат 11-ден 52 минут өткенде Оңтүстік Амери­ка­ның тұсынан ұшып өтіп бара жатты. Байқо­ңыр­дағы ұшуды бас­қару орта­лы­ғына ұшудың ой­дағыдай екенін, кеме-серік ішінде өзін жақ­сы сезінетінін, 12-ден 15 минут өткенде Аф­ри­каның тұсынан ұшып өтіп бара жатқа­нын, ұшу­дың ойдағы­дай екенін, кеме ішін­дегі салмақ­сыз­дықтан қо­лайсыздықты сезінбейтінін ха­барлады. Сағат 12-ден 25 минут өткенде Жер төңірегіндегі бір айналым аяқталып, белгіленген бағдарлама бойынша кеме-се­рік­тің тежеуші қозғалтқыш қон­дырғысы автоматты түрде іске қо­сылды. Кеме-серіктің ұшу жыл­­­д­амдығы азайып, жерге қа­рай тө­мен­деп, қону траек­то­рия­сына ауыс­ты. Одан соң ішінде ғарыш­кер отырған қонуға ар­налған аппарат кеме-серіктен бө­лініп, Жер атмосферасы ар­қылы өтіп, жер бетіне 7 шақы­рым қа­шықтық қал­­ғанда үлкен парашюті ашыл­ды. Сөйтіп, Байқоңыр уақытымен са­ғат 12-ден 56 минут өткенде қазақ жерінің даңқын аспан­дат­қан Юрий Алексеевич Гагарин қо­нуға арналған аппаратпен аман-есен жерге қонды. Жүніс САХИЕВ, жазушы-фантаст, ТМД Астрономия-геодезия қоғамының толық мүшесі. Астана.