• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2017

Ақынжанды суретші

493 рет
көрсетілді

Әрбір өнер адамының өз әлемі болады десек, суретші Табылды Мұқаттың әлемі өзгеше сыршылдығымен, не мұңға, не шаттыққа шүпілдеп толып тұруымен тәнті етері анық. Бұл ерекшелік оның ақынжандылығымен астасып, сол бір кіршіксіз тұма бұлақтан тамыр тартқан дер едік. Нарын құмының қақ ішіндегі ауылдан алпысыншы жылдардың ортасында арман қуып Алматыға жеткен бозбала көз алдымызға келеді. Суретшінің Көркемсурет учили­ще­сін тәмамдаған кездегі жастық жалынымен өрілген графикалық топтамаларында туған жер, ондағы салт-дәстүрлерді сабақтаған жа­нына жақын тақырып көрініс тапты. Львовтағы По­лиграфикалық институт­ты бітіргеннен кейін де осы тақырыпты тереңдеп қау­зады. Табылдыны өткен ға­сыр­дың 70-80-жылдарында дәуірлеген қазақ кіта­бының бағына келген суретші деп те айта аламыз. Қазақ полиграфиялық сурет өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Ол сол кездерде «Жазушы» бас­па­сының көркемдеуші редакторы бола жүріп, осы саладағы майталман әріп­тестері Кәрім Бекенов, Иса­­тай Исабаев, Бақыт Маш­­раповпен бірге кі­тап безендіру ісінің отымен кі­ріп, күлімен шықты. Бір өзі 500-ге жуық кітапты бе­зендіріп, иллюстрациялық суреттермен айшықтап, мұқабаларын көркемдеді. Қазақтың небір айкөл ақын­­дарымен, айтулы жазу­шыларымен күнбе-күн жүз­десіп, пікірлесіп, қоян-қол­тық жұмыс істеді. Суретшінің дүниені ыстықтай қауып, сәби кө­ңілімен қабылдауы керемет. Әрбір шығармасының жері­не жеткізілген мұқият­ты­лы­ғы – үлкен талғамның айғағы. Тағы бір ерекшелігі, суретшінің сұңғаттық және графикалық картиналары­нан адамды толқытып-тол­ған­дыратын сазды әуен шал­қитындай әсер қалды­рады. Осылайша, Табылды Мұқат бірте-бірте, құдды сиқырлы ертегілер еліндегідей, майлы бояулар дүниесінің есі­гін айқара ашып еді. Иә, палитрасы бай сурет­ші кенебіндегі майлы бояуға жан бітті. Ендігі жерде оның жан сырын көбірек тербеген картиналары әлдебір көңіл түкпірінен жеткен күрсіністей, кейде бір шуақ шаша себездеген күн сәу­лесіндей, көкірек күйін қоз­ғап оятқан сиқырлы сы­бырдай әсер етті. Ішкі драма, иірімді психология, этно­графиялық колорит – бәрі осында дерсіз. Осыған сай тақырып ауқымы да кең. Осы ретте Табылды кар­тиналарының сезімі күш­ті, бояуы қалың экспрессио­низмге бейім тұруы оның шығармашылығының ерекше мұратын, ізгілігін танытады. 200-ге тарта туындыларында ұстанған темір­қазық бағдары да осы. Шағыл құмнан шабыт алған, сезім мен бояу­ды қиыстырған, бүгін­де жет­пістің жотасына шық­қан сұң­ғыла суретшінің «Құм­дағы құдық», «Шағыл­дағы бәйге», «Қайран На­рын», «Қараша інгенді сауу», «Қор­қыт пен Асан қай­ғы», «Ақындар», «Жуса­ған жыл­қылар», «Суат басында», «Бауырсақ пісіріп жатқан әйел» және басқа ондаған картиналарынан туған елін сүйген жүректің тынымсыз дүрсілін, шы­найы жан сырларын кө­реміз. Көреміз де қуа­на­мыз, ойланамыз. Бұл да Т­а­былды суретшінің ақынжандылығынан тамыр тартып жатыр-ау... Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»