Өкілеттіктерді билік тармақтары арасында қайта бөлу туралы әңгіме шыққалы бері қазақ қауымы Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер жобасын талдау-талқылауларды қызу жүргізді. Күні кеше Ақордада осы мәселе жөніндегі Жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті. Біз аталған мәселеге байланысты белгілі саясаттанушы Айдос САРЫМҒА жолығып, бір-екі сұрақ қойған болатынбыз.
– Президенттің Ақордадағы Жұмыс тобымен кешегі өткізген қорытынды отырысқа қатысты сіздің пікіріңізді білсек деп едік.
– Жалпы, еліміздегі мүлік мәселесіне, оның үстіне, өткен жылғы жер мәселесіне қатысты митингілердің әсері болар, елімізде біраз алаңдаушылық, тіпті, біраз толқу да болды. Бірқатар беделді азаматтар қызды-қыздымен қатты-қатты әңгімелер де айтып қалды. Асықпай өткізілген қоғамдық талқылаулардың барысын, барлық жағдайын ескеріп, күні кеше Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені одан әрі қозғаудың қажеті жоқ, 26-бап бұрынғы нұсқасында қалсын деп, өзгеріс енгізбеуді ұсынды. Бұл – біздің еліміздегі азаматтық қоғамның, зиялы қауымның пікіріне, алаңдаушылығына түсіністікпен қарап, нақты реакция беру, үн қату деп ойлаймын. Және де бұл биліктің де, азаматтық қоғамның да жауапкершілігінің уақыт талабына сай артқанының белгісі дер едім.
– Сіз саясаттанушы ретінде осы саяси талқылау басталған кезеңнен бергі уақытта оның қорытындысы қандай болады деген ойда жүр едіңіз?
– Негізі, бүкіл мәселе, талап етілген конституциялық өзгерістер туралы әңгіме билік өкілетіктерінің тиісті тармақтарына қатысты болды емес пе?! Қалған баптары бұрынғы Қазақстан Республикасы Конституциясының 1995 жылғы референдумда қабылданған күйінде қалмақ деген сөз.
Талқылау кезінде елдің назары «әркім» деген сөзге ауып, оның көлеңкесінде шетелдіктерге деген ойдың астасқаны рас. Жер және басқа да мәселелерге түпкілікті экономикалық мәселе шешілмей барудың ерте екендігі де бұған дейін сан рет айтылды. Мораторий қойылды. Сол себепті де, халықтың ішінде, қоғамдық ортада осыдан соң да билік сол бұрынғы әңгімесін қайтадан бастап кете ме деген қорқыныштың болғаны да ақиқат.
Президенттің кешегі Жұмыс тобымен болған басқосуында мұның барлығына нақты жауап берілді деп ойлаймын. Ендігі жерде барлық мәселе биліктің өкілеттіктеріне және оның басқа да салалас тармақтарына қатысты болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ