• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2011

От жүректі ақын

1730 рет
көрсетілді

Қасым Аманжолов – 100 Қазақтың қара өлеңінің жыр керуені ХХІ ғасырға аяқ басты. Оның бастау бұлағында халқымыздың аса бай ауыз әдебиеті, бабаларымыздың тасқа қашап жазып кеткен асыл жәдігерлері, жы­рау­лық поэзияның інжу-маржандары жат­қандығы ғылыми дәлелденді. Ал жазба поэзия туралы сөз еткенде, ең алдымен ұлы Абай жырлары жадымызда жаң­ғырып тұрады. Сол Абайдан соңғы ақын­дар ішінде алдымен ауызға ілінетіні Мағ­жан мен Ілияс сияқты біртуарлар екендігі де айтылып та, жазылып та жүр. Олардан кейін қазақ өлеңіне тың леп, жаңа дауыс әкелген Қасым Аманжолов десек, ақиқат­қа жүгінгеніміз болар. Қасым ақын 1911 жылы Қарағанды об­лысының Қарқаралы ауданында дүние­ге келген. Жастай жетім қалған ол Семейдегі интернатқа түседі. Сонда сауат аша­ды. 1927-1930 жылдары Семей малдәрі­герлік техникумында оқиды. Одан соң Орал қаласындағы педагогикалық институтта, біраз уақыт Ленинградтың (Санкт-Петербургтің) орман шаруашылығы инс­титутында да білім алады. Бірақ оны ден­саулығына байланысты бітірместен, 1932 жылы Алматыға келіп, «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасады. Дәл осы кезден бастап оның өлеңдері баспасөз бетінде жиі көрінеді. Қалың оқырман Қасымды ақын ретінде 1936-1938 жылдары ғана тани бастаған. Ал­ғаш­қы жеке өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен 1938 жылы жарық көреді. Бұдан басқа өзінің көзі тірісінде «Гроза» (орыс тіліне аударған Дм. Снегин) – 1946, «Дауыл» – 1948, «Балбөбек» – 1949, «Стихи» (орыс тілінде) – 1949, «Нұрлы дүние» – 1950, Таңдамалы шы­ғар­малары – 1952 жылдары тасқа ба­сы­лып шығады. Әр өлең кітабы шыққан сайын Қасым ақын жырлары байтақ қазақ даласына кең құлаш ұрып, жайыла түсті. Әсіресе «Да­уыл» кітабындағы өлеңдері ақынды бұ­рын ешкім шықпаған биік шыңға шы­ғарды. Биылғы жылы Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толғалы отыр. Осы ретте Қасым өмірдерегіне, оның шы­ғар­машылығы туралы айтылған кейбір ба­ғалы пікірлерге, оның мәңгі өшпес өлең­деріне бүгінгі ұрпақ көзімен қайта бір зер сала қарап, сол ойларымызды оқырман­мен бөліскіміз келді. Қасым небәрі 44 жасында өкпе ау­руынан мезгілсіз дүниеден озғаннан  кейін, Қазақтың мемлекеттік көркем әде­биет баспасынан 1955 жылы шығар­маларының толық жинағы үш томд­ы­ғы­ның бірінші томы жарық көріпті. Кітап­тың алғысөзін Тәкен Әлімқұлов жазып, түсініктемелерін Есмағанбет Исмаилов әзірлеп, жалпы редакциясын Сырбай Мәу­ленов басқарған екен. Ақын заман­дастары сол  кездің өзін­де Қасымның орнының ойсырап қалған­дығына өкініш білдірген. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов бір топ ақынға мінездеме береді: «Қырғи тілді Асқар, сыршыл үнді Әбділда, майда қоңыр Ғали, басым сөзді Тайыр, күйлі-мұңды Қасым, ізденгіш те тапқыш Хамит, сырлы сазды Сырбай, салқын ойлы Саин». Осындағы  Мұқаңның дуалы аузына іліккен «күйлі-мұңды Қасым» жырлары өзінің өміршеңдігімен бүгінге дейін қа­зақ­тың өлең көшін алға сүйреп келе жат­қан құдіретті күшке, рухты, өршіл, өжет, жалынды, лепті қасиеттерге суарыл­ған­дығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қасымның замандас інісі, асқан шебер сөз зергері Тәкен Әлімқұлов ойлары әлгіндегі Әуезов айқындамасының ілікті жалғасындай әсерге бөлейді: «Қасым поэ­­зиясы домбыраның сағағынан күм­бірлеп сорғалаған қоңыр күйге ұқсайды. Бұл күйден көңілінің санасы барлар әрқашан да мол ләззат, нәр алып, кең тыныс табады. Қаншама тыңдасаң да жа­лықтырмайтын өміршіл күй, бұл! Сезі­міңді тереңдетіп, мейіріміңді молайтып, қиялыңа қанат қақтыратын, жаныңды ша­быттандыратын Қасым поэзиясы жаңар­ған өмірге әржақты жараса бермек. Сон­дықтан да өлімнің құшағына сыймайтын ақындардың бірі өзіміздің Қасым деп білеміз. Қасым өз халқының, өз қоғамының, өз дәуірінің шежіресі ретінде мәңгі өш­пес шындықтарды тарихқа қалдыр­ды... Тауға шығып, жаңарған кең далаға қара­сақ, қатарымызда Қасым тұрғандай көрі­неді. Рауандап атқан «таң жеңгені», «қа­наты қанға малынған ақша бұлтты», кешкі шымқай арайды көргенде Қасым есімізге түседі. «Алыстағы нажағайдың қара түнгі қанаты» жарқылдағанда, аспан са­тұр-сұтыр жарылғанда, дауыл ысқырып соққанда арасында  Қасым жүргендей сезіледі. Сіркіреп жаңбыр жауғанда ақын жаны ауамызда қалықтап жүзіп жүрген­дей болады. Қарауылға тұрған ай да, заң­ғарда жүзген жұлдыз да, Сарыарқа жақ­тан ескен жібек қанат самал да Қасымды есімізге салады... Қайда жүрсек Қасым­ның жыры, Қасымның әні жадымыздан шықпайды». Жүрек толқытарлық, жан тебірентерлік осы жолдарды оқығанда, Қасым ақынның құдіреттілігін сезінгендей боласың. Шынында да бүгінгі ұрпақ Қасым жырларына қазір үңілсе де, сондай күй кешетініне риясыз сенесің. Ол үшін әр оқығанда, әр қырынан көрінетін, оқыған сайын жаңа бір тылсымы, тосын бір жұм­бағы ашылатын Қасым әлеміне сүңгисің. Ондайда тек ақынның қаламынан туған жырларына жүгіну керек-ақ. Әр ақын тарих қойнауында жатқан ал­дыңғы көшке іле­­седі. Сол көштің әсем әуезін, асыл меруертін бойына сіңіреді. Алдыңғы лектің асқақ рухына, мәңгі өшпес мақамына еліктеу арқылы, өз жолын, өз соқ­па­ғын та­бады. Қасым ақынның өзіндік бітім бол­мысы, бүтін тұлғасы дәл солай қа­лып­тасқан. Өз шығармашылығының алғашқы жыл­дарында халық ауыз әдебиетінің ақпа-төкпе, желдірме-терме ырғағына бой ұрған кездері де болған. Күндерде күн болғанда, Кеудеге зіл толғанда, Дүние азып-тозғанда, Айуаншылық қозғанда... Белес, белес асқанда, Шалқып көңіл тасқанда, Жерді жеңіп, жентектеп, Жібек желді жетектеп, Шыққанда ұшып аспанға, Көктің қойнын ашқанда, Бар әлемге танытқан, Өмір сырын ағылтқан... Табиғатты иіткен, Жер бауырын жібіткен, Жер сауырын гүл еткен, Бетін торғын, нұр еткен, Сай-саласын ну еткен, Бетпақ шөлін сулы еткен, Құм мен сорын шөп еткен, Дөң, адырын көк еткен, Қойнын ашып, кен еткен, Мол байлыққа кенелткен, – деген сияқ­ты жолдар Қасымның жасынан ауыз әде­биетінің уызына жарып өскен талант екендігін айғақтайды. Бұл енді, әсіресе қазақ ақыны үшін айнымас табиғи заңдылық десек те қателеспейміз. Қасым туған Қарқаралы өңірі ұлы Абай туған Шыңғыстаумен көршілес, еншілес орналасқан. Оның екінші бір бастау бұла­ғы, ақындығының қайнар көзі – бала кезінен естіп өскен Абай жырлары. Есейе келе, Семейге барған кезінде жас Қасым Абай өлеңдерімен, Абай рухымен тіптен жа­қын танысты. Шығармашылығының бас­­тапқы кезеңінде Абай жырларынан  тә­лім алды. Оның Абай мектебінен мол сусындағандығы ақынның алғашқы өлең­дерінен қылаң беріп қалады. Мысалы: Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай, Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай. Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс, Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай. Төгілер иығына қара шашы, Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай, Күмбездей жарқыраған мойыны бар, Тамағы күн шалмаған ақ торғындай. Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде, Қос емшек ақ төсінде қос алмадай... (Сұлудың сымбаты, 1935).   Ішім пысты жалықтым, Жүре алмай енді аяңдап. Кенде қаппын, жаңа ұқтым, Не болса соған аялдап. (1940).   Құлашты сермеп, Қырандай өрлеп, Шықтым өмір шыңына! Қиырды болжап, Тереңнен толғап, Қандым өмір сырына! (1935). Бұл да табиғи заңдылық. Абайды оқы­май, оны терең зерттеп танымай ақындық жолға түсудің өзі әбестік болар еді. «Соғысқа дейінгі Қасым шығармала­рында Абайдың әсері басым тәрізді. Тіпті, азын-аулақ  сөз қылған махаббат жырла­рының өзінде Абайға тән терең іңкәрлік, шексіз құштарлық, оптимистік арман сезіледі. Біртүрлі Абай лебі ескендей болады. Әлбетте, Қасым Абайды көшіріп жырлады деген ұғым тумайды бұдан. Оның көлең­кесінде қалып та қойған жоқ. Өз беталы­сын, өз төтесін тапты», – деген Тәкен Әлім­құлов тұжырымы еске түседі. Қасым ақын сусындаған тағы бір мектеп – ол батыс пен шығыстың классикалық поэзиясы еді. Қасым оларды оқып қана қоймай, өз көңілінен шыққан Дж.Байрон, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Т.Шевченко, В.Маяковский, А.Твардовский, М.Миршакар, Н.Гәнжәуи шығар­ма­ларын қазақ тіліне сәтті тәржімалады. Әсіресе Лермонтов пен Маяковскийдің жан-дүниесі ақын­ға соншалықты жақын әсер етті. Поэзия әлемінен шарқ ұрып өзін іздеген ақын талмай талаптанып жүрген кезінде Ұлы Отан соғысы басталады. Алдымен Қасым әскер қатарына Қиыр Шығысқа шақырылады. Сол жақтан әскери эшалон­мен ұзақ жол жүріп, туған жердің үстімен, бір сәт те аялдамастан батыстағы майданға аттанады. Дәл сол сапарда Қасым ақынның екінші бір тынысы ашылғандай. Дала төсін дүбірлете шапқан тұлпардай, да­уылға қар­сы ұшқан сұңқардай шарық­таған кезі де осы болатын. 32 жасар Қасым жырлары түйдек-түйдегімен тө­гіледі. «Байқал» ту­ралы романтикалық балладасы сол тол­қынның басы еді. Ақын «Байқал» көлін ерекше шабытпен жырлайды. Жаңа атып келе жатқан ақ таңды – ерте оянған жең­геге теңейді. Ару көлге ақын жанының өзі де сон­шалықты іңкәр, соншалықты құш­тар. Бұлт болып төніп құшқысы да келеді. Толғаныстың ең бір шұрайлы, жүректен төгіліп түскен тұсы екінші бөлігі. Онда ақын былайша көсіледі: ... Ұшты құстар көңілімнен, Жанымда жыр толғадым. Шымылдықтай төгілген, Араладым орманын. Аспанменен егескен Бастым зәулім шыңдарын. Күркіреп көкте кеңескен Бұлттың сөзін тыңдадым. Өр толқынмен ойнадым, Қақтым ұшқан құстарын, Шолп-шолп еткен шортанын, Шоқтығынан ұстадым. Жаттым бір кез құмартып, Салқын самал сайында, Би билеттім бұралтып, Ақ балтырлы қайыңға... Ақын отырған эшелон қазақ даласы­ның үстімен өткенде, өзі бозбала кезінде болаттай суарылған, күміс, алтын арналы ерке Ертістің лебі ақын жанын балқытады. Бір сәт өзі туып-өскен сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен, сап-сары алтын нұры жүзген қасиетті Сарыарқа көңіл күйін шалқытады. Сарыарқа сағындырдың атамекен, Сардала анам едің, құшағың кең. Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп, Артта – сен, алда – майдан, қайтсем екен? – деп перзент жүрегін толқытады. Дәл сол майданға аттанған эшелон тура Қасым туған, Қасым өскен, Қасым ер жеткен өмірлік жолымен жүреді. Енді оның алдынан жастық шағы өткен Орал қаласы шығады. Түйдек-түйдегімен төгілген мына қанатты жыр жолдары Қасымды ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясын шырқау биікке бір-ақ көтергенін білді ме екен, сезді ме екен ақын жүрегі?! Оралым, шықтың алдымнан, Оралым, менің Оралым. Қол созып қызыл вагоннан, Үстіңнен өтіп барамын.   Оралым, сенің қойныңда, Ойнақтап өткен жылдарым. Жарқылдап Жайық бойында, Достармен сайран құрғамын. Шағанның бойы көк шалғын, Шалқамнан жатқам шаңқай түс. Гүл болып менің құшағым, Кеудеме қонған бұлбұл құс... Толассыз жауған жаңбырдай, күннен төгілген нұрдай осы өлеңде Қасымның өзіндік жолы сайрап жатыр. Оның «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы небәрі 26 жасында жау қолынан қаза тапқан қазақ ақыны, батыр Абдолла Жұмағалиевтің өшпес ерлігіне сөзбен сомдалған ескерткіш деуге лайық. Осы бір шағын поэманың тұла бойында тек қана Қасым ақынға ғана тән қаншама көркемдік бейнелеулерді мол кездестіруге болады. «Жараланған жолбарыстай», «Ырғып бұлт­тан түсер бұлттай», «Өзі оқ болып атылғандай», «Шаштан сүйреп махаб­бат­ты», «Сол аймақтың әрбір тасы, Ұшқандай еді құс боп көкке», «Қонды орманға қорғасын бұлт», «Бомба бол да жарыл жүрек», «Қанды пышақ – жау күлкісі, Қақ жарғандай түн жүрегін», «Айнала жау ырсыл қағып, Айдаһардай көтерді бас», «Түсіргендей көктің миын, Зіркілдеді зең­біректер», «Естігендей дозақ күйін, Көрден ытқып шықты өліктер», «Қара толқын орман шашын, талдап жұлды снарядтар», т.б. теңеулер мен бейнелі сөздер арқылы ақын тұтас сұрапыл «соғыс» образын жасағандай әсерде қаласың. Поэманың апогейі, шырқау биігі – Абдолланың жау қолына түскеннен гөрі, жанып жатқан отқа түскенін суреттейтін тұсы: «Қайсар батыр от киінген, Күш-қайратын тіске жиып, Жаңағы ақшыл ер жүзінен Жалын тілін тұрды сүйіп. Шұғыла шашқан кешкі бұлттай, Толқын шашты оттар ойнап, Өрт топанын кешіп Нұхтай, Жалғыз өзі тұрды бойлап, Тұрды ұқсап, тұрды кейде, От ұстаған Прометейге... Қазақ халқының жадында Абдолла ақын дәл осы Қасым жырлаған бейнеде мәңгі сақталып қалды. Қасым поэма­сының құдіреті де сонда. Соғыстан кейін де Қасым ақын әдебиетте өнімді еңбек етті. Оның ойлы, парасатты, рухы асқақ, сезімі сергек жыр­­­лары қазақ поэзиясының алтын қо­рына енгізілгелі қашан?! Оның терең тебіреніспен жазылған әрбір лирикалық өлеңі әр оқығанда жаңа бір қырынан ашылады. Қасым ақын ұлылығының сыры да сол болса керек. Ақынның халыққа кең тараған «Да­риға, сол қыз», «Ақсәуле», «Сауын­шы жеңгейдің жыры», «Жас дәурен», «Баспана», «Өзім туралы», «Туған жер» сияқты өлеңдеріне жазған ғажайып сазды әндері радиотолқындарынан түсіп көрген емес. Қасымның «Орамал», «Қара ағаш», «Ақшалық», «Жетпіс пен жеті», «Да­уыл», «Үстімде сұр шинелім», «Құз», «Өш­пес өмір өлеңі», т.б. көптеген өшпес жырлары қазақ поэзиясына жаңалық болып келді. Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың зерттеу еңбектеріне жүгін­сек, Қасым Аманжолов қазақ поэзия­сының көркемдік кеңістігін жан-жақты кеңейтті. Өзінің «Сөз өнері» оқулығында ардақты ұстазымыз Зекең Қасым өлең­дерінен көп мысалдар келтіре отырып, ақынның синонимдерді еселеп қолдана отырып түп-түгел плеоназмға жол ашатынын, мағынасы қарама-қарсы антонимдерді мол пайдаланатынын, аллитерация, ассонанс, теңеу, эпитет, метафора, символ, метонимия, психологиялық параллелизм сияқты тың көркемдік бейнелеу құралдарымен әдебиетімізді байыт­қандығын айқындап береді. Сондай-ақ қазақ өлең құрылысына Қ.Аманжолов әкелген соны жаңалықтар туралы да біршама зерттеулер бар. Сөйтіп, Қасым поэзиядағы ешкімге ұқсамайтын өз жолын салғандығы дәлел тілемейді. Осы ретте ақын Сырбай Мәуленовтің 1961 жылы жазған мына бір пікірі ойға ора­лады: «Қасым – өзіндік үлкен мектебі бар ақын. Қазіргі Ғафу Қайырбеков, Қабыкен Мұқышев, Сағи Жиенбаев, Мақсұт Байсейітов секілді бірқатар ақындарымыз­дың өлең екпіндерінде, жырдың музыка­лық сазында, еркелік назында, сөз өрнек­терінде, әсерлі бейнелерінде Қасым поэ­зия­сының үлкен ықпалы, игі шапағаты барлығы даусыз». Қасым мектебінен нәр алып, сусындап барып, қазақ поэзиясын дамытқан ақындар қатарында Мұқағали Мақатаев, Төлеужан Ысмайылов, Төле­ген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырза­беков есімдерін атауға  болады. Алатаудың асқақ шыңдарының бірі – Қасым шыңындай көрінеді маған. Қазақ поэзиясына құбылыс болып келген ұлы ақын Қасым Аманжолов сол биіктен: Дүниеге келер әлі талай Қасым, Олар да бұл Қасымды бір байқасын. Өртке тиген дауылдай өлеңімді Қасымның өзі емес деп кім ай­тарсың! – деп бүгінгі бізбен де, тіпті келер ұрпақпен де қастерлі жыр тілінде тілдесіп тұрғандай. Бауыржан ЖАҚЫП, филология ғылымдарының докторы, профессор.