• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2017

Жаһандану үдерістеріндегі Қазақстан

4568 рет
көрсетілді

ХХІ ғасырда тарихи уақыттың адам айтқысыз жылдамдықпен өтіп жатқаны ақиқат. Әлемдік қоғамдастықтың маңызды бір бөлігі ретінде Қазақстан да бұл үдерісті бастан өткеруде. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­ле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылы халыққа Жолдауы елі­міздің ХХІ ғасырдың бірінші жар­ты­сының соңына дейінгі тұ­рақты да­муына бағытталған алып жо­ба­лардың бірегейі болатын. Ен­ді, міне, сол стратегиялық саяси-эко­но­­микалық және әлеуметтік мәні бар ұзақ мерзімді қамтитын жол кар­тасының аясында қыруар шаралар толассыз іске асырылып жатыр. Олардың ішіндегі ең сүбелісі де өзектісі – Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жа­һандық бәсекеге қабілеттілік» деп ата­латын халқымызға арнаған инно­ва­циялық Жолдауы. Дәл бүгін әлемдік жаһандану үдерістеріне болашақта ешнәрсе тос­қауыл бола алмақ емес. Бұлай деу­ге толық негіз бар. Мәселен, бүкіл әлем­ге әйгілі әрі жарты ғасырдан ас­там тарихы бар «The Economist» деген айдармен Ұлыбританияда апта сайын тұрақты шығып тұратын әрі ғылыми іргетасқа негізделген ірі халықаралық басылымның білікті сарапшыларының жан-жақты зерт­теу­лерінің бір томдық нұсқасы 2012 жы­лы «Megachange: The World in 2050» («Мегаөзгерістер: 2050 жылғы әлем» ) деген атпен ағылшын тілінде, ізінше 2013 жылы орыс тілінде жарық көрді. «The Economist»-тің атқарушы ди­ректоры Даниел Франклин мен білікті сарапшылар тобының қа­ла­мынан шыққан әлгі көлемді зерттеуде алдағы 40 жылда әлемдік геосаясат пен халықаралық қатынастардың, қар­жы жүйелері мен экономикалық бай­ланыстардың, сол сияқты, ғылым мен мәдениеттің, қоршаған орта мен әлемдік қауіпсіздіктің болашақтағы болмысына көз жіберіп, салмақты да салиқалы ойларын ортаға салған. Олар: Қоршаған ортаның күй­реуі тоқтала ма? Геномика мен ден­сау­лық сақтау саласында револю­ция бола ма? Әлемнің дамыған ел­деріндегі теңсіздіктің ұлғаюы жал­ғаса бере ме? Осыдан 40 жылдан кейін әлемнің қай елінің эконо­ми­ка­сы басымдыққа ие болады? Осы тектес өзекті сұрақтарға 20 тараудан тұратын аталған туындыны құрастырған 20 сарапшы түйінді жауап бере отырып, әлемнің 2050 жылдарға дейінгі болмысына деген болжамдарын батыл жүйелейді. Кітаптың өн бойынан құрас­ты­рушылардың бәріне ортақ бір сипат айқын байқалады. Өз жазбала­рында олардың қай-қайсысы да бо­лашаққа үңілмес бұрын, алдымен, өткен тарихқа көз жүгіртеді. Бұл әдіс оларға бүгінгі өркениет бол­мысында орын алып отырған са­нқилы мегаөзгерістер мен үде­ріс­тердің мәні мен ауқымын баға­м­­дап, олардың динамикасын терең түйсінуге мүмкіндік берген. Аталған сарапшылардың пікі­рін­ше, әлем экономикасының таяу болашақтағы қозғаушы күші, бі­рін­шіден, әлемдік жаһандану үде­ріс­тері болса, екіншіден, Азия эко­­номикасының әуел бастағы та­рихи басымдықтарына қайта ие бола бастауы болып табылады. Бұл тұр­ғыдан келгенде, «жаһандану» деген ұғым әлемдік нарықтардағы ин­теграциялық үдерістердің екінші атауы деуге лайық. Ол үдерістердің не­гізгі басымдықтары, біріншіден, кө­лік және коммуникациялық шы­ғын­дарды азайтуға мүмкіндік бе­ретін технологиялық инновация­лар болса, екіншіден, еркін сауда мен инвестициялық климатты және миграциялық үдерістерді же­ңілдететін саяси шешімдер. Бір сөзбен айтқанда, жаһандану дегеніміз – әлемдік нарықтардың мемлекеттік шекаралардан аттап өтіп, сыртқа қарай қанат жаюы. Демек, ол тек экономикалық үдеріс­те­рмен ғана шектелмейді. Бұдан былайғы жерде «ұлттық шекаралар» мен «географиялық кеңістіктер» деген ұғымдар әлемдегі жұмыс қо­лы мен тауарлардың да, капитал мен технологиялардың да, тіп­ті идеялар мен мәдени-рухани құн­дылықтардың да еркін айналуына ешбір бөгет бола алмайтыны көзге ұрып тұр. Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері