– дейді экономика ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразалы СӘБДЕН
– «Ең керемет идеялар дағдарыс кезінде туады» дейтін тәмсілмен бұрыннан таныс едік, сірә, дағдарыс кезінде дара мүмкіндіктердің көзі ашылатыны рас болса керек. Дамыл таппайтын әдетіңізге салып сіздің авторлығыңызбен «Ұлы Жібек жолындағы «Түркістан өңірі» рухани-жаңа технологиялық кластері» деген өте ауқымды жоба дүниеге келіп отыр екен. Идея қалай туды?
– Бүгінде «адам үшін де, әлем үшін де ең қымбат, ең тапшы не?» деген сауалға жауап іздемеген адам кемде-кем шығар. Бұл сұрақтың әлемдік экономиканың жетекші мемлекеттерінен бастап «үшінші әлем» елдеріне дейін тегіс толғандыратыны анық. Жаһандану заманында жұтылып кетпеуді ойлап жүргенде, дағдарыс келіп, бүкіл адамзат жанталаса дамудың жаңа жолын табудың қамына кірісіп жатыр. Азуын айға білеген елден бастап, алдамшы үміттің жетегінде үмітін үзбей келе жатқан дамушы елдерге дейін керегі не нәрсе? Идея!
Экономист ретінде айтайын, инвестиция идеяға келеді, интеграциялық даму тек сонда ғана өріс алады. Дүние жүзінде миллиардтаған доллар ақша айналымда жүр. Бірақ дағдарыстан шығаратын нақты жобалар жоқ. Осыдан кейін мен мынандай қорытындыға келдім: әлемдік психологияны өзгертетін, рухани құндылықтарды қайта жаңғыртатын, адамзатты өз үйінде тәртіпке шақыратын уақыт келді.
Хош, сонымен ұзақ уақыттық толғаныстан кейін «Жаңа Түркістан» жобасы пісіп-жетілді. Алғаш дағдарыс туғанда, ақылды бастың бәрі әлем жұртына: «жауабын Маркстен табасыздар» деп жар салды. Дүниежүзілік дағдарыстың пайда болуы мен одан шығудың жолдарын көрсетіп, қаржылық қиындықты жеңуді егжей-тегжейлі түсіндірген бірден-бір данышпан Маркс экономистің ілімі әлі де өзекті. Осыны түсінген неміс халқы 2006 жылдан бастап 2011 жылға дейін Маркстің еңбектерін миллиондаған тиражбен қайта бас-
тырып шығарып, мемлекет атаулының бәріне ұсынып қана қоймай, одан мөлдектетіп пайда да тапты. Идея авторы ретінде мен Маркс мысалынан да сәл әрірек кетіп, «дағдарыс неден туды?» деген сұраққа өзімше жауап іздедім. Тапқандай болдым. Абайды анықтап оқыған адам оның «толық адам болу үшін дүниенің көзге көрінген сыры мен көрінбеген сырын бірдей біліп, меңгеруі керек» деген ғажап ойының сырына бойлар еді. Абай айтып отырған «дүниенің көрінген сыры», ол – материалдық әлем, яғни, үй, жалақы, байлық секілді әлеуметтік тұрмыс қажеттіліктерінен туындайды. Мұны шетелдіктер бізге қарағанда артығымен игерді. G8, G20 тобындағы мемлекеттердің басқаруындағы трансұлттық компаниялар дүние жүзі байлығының 60 пайызын қолында ұстап отыр. Бұлар бізді қайда бастап алып бара жатыр, түбіне бойладық па?
Абайдың «дүниенің көрінбеген сыры» дегеніне келейік, ол – рухани құндылық еді. Біздің тылсым сырға толы рухани әлімізді меңзеп отыр. Ең өкініштісі, жан ғылымы айналысатын «дүниенің көрінбейтін» жағына қарағанда, дүниенің «көрінетін жағы» күштірек болып шықты: тән ғылымы көбірек қызықтырып, нәпсілік жолға ұрынып, дүниеқоңыздыққа салынып, кісілік қасиеттерді, адам капиталы, мәдениет, тарихи құндылық, керек болса, мораль, міне, осы ізгіліктің бәрі далада қалды. Материалдық құндылықты бәрінен биік қойған дамыған мемлекеттердегі сана дағдарысының соңы экономикалық дағдарысқа алып келді. Қазіргі қаржы дағдарысы адамды экономикалық жағынан ғана емес, өз болмысы алдында өзін дәрменсіз етіп, нені құндылық санап, нені қарманарын білмей дағдартып отыр.
Қазір әлем астан-кестен, атом, химиялық, биологиялық, сутегі қаруын жасап, бір-бірімен бәсекеге түсіп, жанталасуда. Бір соғыстың өрті басылмай жатып, екіншісі тұтанады, ымырасыз мүдделердің жанталаса қаруланып, жаңа қайшылықты ойлап табуына әлем халқының еті де үйреніп бара жатқандай. Осының түп-тамыры рухани қасиеттердің азып-тозғанынан, қоғамды ізгілендірудің ұмытылғанынан екендігінде еш күмән жоқ. Міне, «Жаңа Түркістан» идеясы да осы кезде туып отыр. Ұлы Абайдың әлемдік дәрежедегі рухани шыңға көтерілуі, оның өз халқының сан ғасырлық ұлттық құндылықтарын терең игеруінің, Батыс пен Шығыстың озық мәдениетін бойына сіңіре, үйлестіре білуінің арқасында ғана мүмкін болғаны белгілі.
– Мұндай идеяны жасақтауда ұлтымыздың арғы-бергі тарихы, жүріп өткен жолы, өркениеті, мәдениеті тұтас ескерілуі тиіс. Әзірге туындау сатысында тұрған сіздің идеяңызды ұлтымыздың өткен бай тарихын кәдеге жаратудың қарлығаш жобасы делік. Сонда бұл идеяның темірқазығы ретінде нені негізге алып отырсыз?
– Бұл жобаны жасау үшін мен дүние жүзінің тарихына, оның ішінде Қытайдың 5 мың жылдық тарихына, өз тарихымызға, Азия және Еуропаның даму тарихына қайыра бір шолу жасадым. Қазіргі жаһандану үдерісіндегі жаңалықтарды, Американың «Селикон жазығын», Нобель сыйлығын иеленген жұмыстар тегіс қаралды. О баста тарих-тағдыр бізге екі мүмкіндік берген еді. Біріншісін біз пайдалана алмадық. Қолдан жіберіп алған ол мүмкіндіктің төркіні мынау: бұдан 1000-1500 жыл бұрын біздің Шығыс елдері дамудың шырқау биігінде болды. Өркениет Шығыстан тарады. Медицина да, математика да, сәулет те, әдебиет те, ғылым да Шығыста болды. Ал бұл кезде Еуропа артта қалған еді. Соғыс пен бүліктен көз ашпады. Бірақ біз ол мүмкіндікті ұстап қала алмадық. Дін келді. Бірақ дін ғылымды дамытуға тікелей мұрындық бола алмады. Біз дін мәзхабтарының айналасында жүргенімізде, Еуропа алапат жылдамдықпен алға шығып кетті. Кейінгі бес ғасыр – Еуропаның дәуірлеп тұрған шағы. Шығыс өркениетінен жеткен жаңалықтарды алып, жылу машинасын жасап, теңіз көлігін, зауыт-фабрикалар салып, өндірісті дамытты. Бір ғана Ұлыбританияның қалай дамығанын Лондон олимпиадасы ашылғанда көрдік. Түсінемін, Еуропаға Фарадей, Эдисон, Эйнштейн, Ньютон, Гегель, Рикардо, Маркс келді. Өндірістік революция жасалды. Шығыс ғұламаларының ашқан жаңалықтарын олар әрі қарай дамытып алып кетті. Қазір Еуропа бізге үйретуде. Менің идеямның кіндігі осы екінші мүмкіндікке байлаулы.
– Қалай? Жалпы, бұл идея қолдау тапқан ба, тапса, кімдердің тарапынан?
– Өткен – өтті. Өткенге өкінбей, «екі дүние бесігі» болған Түркістанды қайта жаңғыртуды бүгін қолға алсақ та, кеш емес. Ал «қалай жаңғыртамыз?» деген сұрақ көлденең қойылса, оған жауап ретінде ата-бабамыздың бізге қалдырған мұрасы мен Ұлы Жібек жолын, Түркістанды алып отырмын. Қазақ халқының бойындағы тектілік, қан тазалығы, ғалымдардың зерттеуі бойынша, интеллектуалдық әлеуеті жоғары ұрпақтың қалыптасуына әсер етеді екен. Демек, ұлттық генеқорымыз да табиғи байлықтарымыз секілді біздің үлкен басымдықтарымыздың бірі. Алдымыздағы негізгі міндет – өркениетті елдердің қатарына қосылу. ХХІ ғасыр руханият ғасыры болады. Ежелгі Түркістан байырғы рухани орталық ретінде Ұлы Жібек жолында ерекше орын иеленгендігі тарихтан мәлім. Ал, Шығыс өркениетінің жаңғырығы болып қалған Жібек жолы бойының аса ірі сауда және мәдениет орталығы болған Түркістан қазақ жерінде тұр. Түркістан деген сөздің өзі «түркілер мекені» дегенді білдіреді. Ежелгіні қойғанда, VІ-VІІІ ғасырлардың өзінде осы өңірде жалпы Түркі қағанаты, яғни, түркітілдес халықтар өмір сүрді. Кейін тарихтың ағымына қарай түркітілдес халықтар әр жаққа шашырап, жеке-жеке мемлекет болып кетті де, қара шаңырақтың иесі болып, біз, қазақ елі қалдық. Соған қарамастан, олар қазақ жеріндегі Түркістанды өздерінің ата-бабаларының шыққан тегі, «Атажұрт» деп атайды. Түркістанды рухани астанамыз деп таниды. Міне, осы елдердің баршасы «Жаңа Түркістан» идеясын қолдап отыр. 2014 жылы Түркістан қаласында осы мәселеге орай арнайы халықаралық конференция өтіп, оған қатысқан елдердің ғалымдары тегіс қуаттады. Конференция қабылдаған қарар мен ұсыныс Үкіметке жолданған. Жалпы, бұл жоба жеке кітапша болып жарыққа шыққан.
– Бәзбіреулер Түркістанды тек қазақ еліндегі көп қаланың бірі деп қарастырады. Осы кластерлік жобаңыз арқылы тарихта «ұлы қала» атанған Түркістан ұғымын кең ауқымға алып шығу көзделіп отыр-ау, шамасы...
– Дәл осылай. Түркістанды бір қаланың айналасында емес, шығыс руханиятының айнасы ретінде жалпы кластерлік ұғымда қарастыруды жөн санап отырған себебім де сол. Қала біздің жерімізде тұр, идея бізде, ендеше, неге оны өз кәдемізге жаратпасқа? «Түркістан өңірі» рухани және жаңа технологиялық кластерін құрудағы негізгі мақсат та сол – Түркістанды халықаралық деңгейдегі рухани орталыққа айналдыру, сол арқылы қоғамды ізгілендіруге, халықаралық қауіпсіздікке қадам жасау. Біз рухани-мәдени дамуды алға ұстап, сонымен қатар, 6-шы жаңа жоғары технологияны үйлестіріп, осы екеуін іс-жүзінде бірге, бір үдеріс ретінде жүргізгенде ғана жаңаша дами аламыз.
Бірақ бұл идеяның да ойлантатын тұсы бар. Егер Түркістанды тек рухани азық жасаймыз десек, ол аздық етеді. Дағдарыс әлі жалғасады. Оның себебі де жоқ емес. Қазір дамыған G8 мемлекеттері алтыншы технологиялық жүйені жетілдіруде, олар: нанотехнология, биотехнология, ғарыш технологиясы, ген инженериясы, ақпараттық-коммуникативтік технология, міне, осыны дамытуға барынша күш салып жатыр. Егер руханият пен дінді ғана құндылық деп танып, технологияны тасада қалдырсақ, даму көшіне тағы да ілесе алмасымыз анық. «Селикон жазығын» мысалға келтірсем, артық болмас. Бүкіл дүние жүзінің сайдың тасындай іріктелген данышпан ғалымдарының бәрі сол жерде тізіліп отыр. Әлемнің алға жылжуы үшін бірінен-бірі асырып, жаңалықтар ойлап тауып, дамытып отырған сол орталық, бірақ күндіз қолыңа шырақ алып іздесең де, ол жерден руханиятты таппайсың. Ал руханиятсыз мұның бәрі бекер. Озық технологиямен біраз жерге шарықтап баруға болады, алайда, руханиятсыз баянды етіп ұстап тұру мүмкін емес.
– Дүниежүзілік тәжірибе кластерлік жүйемен дамудың тиімді екенін көрсетіп отыр. Сіздің де жобаңыз кластерге негізделгеніне қарағанда, талаптар мүдделес, өзара тізбектелген тәсілмен бір-бірімен тығыз байланысты қызмет атқара ма? Кластерлер туралы тарата айтсаңыз...
– Бұл жобада алты кластер бар. Атап айтайын: біріншісі – адами капитал негізінде тұрғызылған рухани кластер, екіншісі – технологиялық кластер, үшіншісі – ту-
ризм, төртіншісі – логистикалық, бесіншісі – инфрақұрылым, алтыншысы – жаңа ауыл кластері. Міне, алты кластер – алты жоба. Менің бар арманым – осы кластерлер арқылы Түркістанды рухани жаңғырту орталығына айналдыру.
Әңгімемізді рухани кластерден бастайық. Түркістан қаласын басқа шаһарларды айтпағанда, іргесінде тұрған Бұқара, Самарқандағы Регистан сияқты, сонау Тәж-Махалдай ескі сәулет өнері үлгісімен салуды бастау керек. Көне нақыштағы қала кез келген туристің де көңілін аударады. «Жаңа Түркістан» орталығын салуға Тұран даласына атажұрт деп қарап, түрік, өзбек, әзербайжан, түркімен, қырғыз, татар, тағы басқа елдер және жалпы ислам әлемі деп танылған араб, иран, мысырлық мемлекеттер өз көмегін берер деген үміт бар. Олар өздерінің тарихи атажұртында өз ұлтының нақышымен ғажап ескерткіштер, зәулім ғимараттар салудан қашқақтамауы керек. Киелі Түркістан жерінде мұсылман халқының терең тарихын көз алдымызда бейнелейтін біздің ұлы тарихи тұлғаларға, мемлекет, қоғам қайраткерлеріне пантеондар, ескерткіш, кесенелер қойылуы тиіс. Біздің ойымыз, осы Түркістанды іс жүзінде рухани астанаға, мәдени, ғылыми орталыққа айналдыра отырып, ХХІ ғасырдың талабына сай Президенттің Еуразиялық интеграциялық идеясымен тамырластыра дамыту болмақ. Ол үшін: 1) Парламентте «Жаңа Түркістан – Рухани астана» туралы заң қабылдануы керек; 2) Түркістан өңіріне «еркін экономикалық аймақ» мәртебесін беру керек; 3) Түркістан аймағын 5 жылға дейін салықтан босату қажет; 4) Халықаралық Дін академиясын ашып, дінтану орталығы құрылса, ол қоғамды ізгілендіруге өлшеусіз үлес қосар еді; 5)Қоғамды ізгілендіру туралы «Ғылым орталығын» ашу. Қоғамдық ғылымдар академиясын ашу. Мәдениет университетін ашу. Жаңа Моральдық кодекс қабылдау; 6) Көне тарихтан бастап, бүгінгі күнге дейінгі дәуірлерді қамтитын «Тарих қазынасы» атты мұражай ашу.
Технологиялық кластерге келейік. Бізде халық саны аз, ал аз елге озық технология керек. Түркістанға таяқ тастам жерде Кеңес Одағының ең үлгілі қалаларының бірі болған Кентау тұр. Осы Кентауда 6-технологиялық жүйелі жаңа зауыттар салу керек. Қаланың адам және өндірістік әлеуетін пайдалана отырып, ондағы экскаватор, трансформатор зауыттарын, «Ащысайполиметалл» АҚ және басқа да зауыттардың өндіріс күшін модернизациялау қажет. Қаланың астында мол уран қоймасы бар. Ал уран бойынша дүние жүзіндегі ең алдыңғы орындамыз. Қыр астында Байқоңыр тұр. Жаңа бағыттағы жоғары технологиялық мамандар даярлау орталығын және ядросыз қауіпсіз «Байқоңыр-Семей»
паркі салынса, бұл қалаларды инвестициялық жоба ретінде технологиялық жағынан игеруді Ресей мен Қытайдың өзі-ақ қолға алған болар еді.
Жаңа үлгідегі «Ауыл кластерін» жасау қажеттігі – уақыт талабы. Ол «ХХІ ғасырдағы қазақ ауылының сипаты қалай болуы керек?» деген мәселеге нақты жауап болмақ. Кентау мен Түркістанның арасы – 40 шақырым. Осы ортаға ауыл кластерін жасауға әбден болады. Егіні бар, жеміс-жидегі, еті, сүті, құсы бар, мыңдаған шағын кәсіпті дамытуға сұранып тұрған жер. Бұған жергілікті тұрғындардың табиғи ынтасының өзі бейім. Бұл кластер бойынша жаңа жұмыс орындары ашылады, елді мекендегі халық тұрақтандырылады, ал ол демографияға да сөзсіз ықпалын тигізеді.
Төртіншісі, туризм кластері. Туризм дегенде тек Түркістанды ғана елестетудің қажеті жоқ. «Түркістандық туризмге» 362 әулиелі Маңғыстау да, ашық аспан астында жатқан шығыстағы Берел де, Көлсай мен Шарын да, Бурабай да кіреді. Яғни, мұның аумағы бүкіл Қазақстан және Орталық Азияны қамтитын болады. Бұл, бір жағы, моноқалаларды дамыту бағдарламасын іске асыруға мол мүмкіндік берер еді.
Ал Жібек жолы транспортты-логистикалық кластер шағын инновациялық бизнес орталығы, технополис, технологиялық колледж және тағы басқа инфрақұрылымдарды қамтиды. Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолында Түркістан арқылы барлық Орталық Азия мемлекеттерінің көлік-жүгі өтеді. Жоба бойынша, ірі халықаралық хаб жасалса, 30 пайыздан артық табыс тек логистикадан түседі екен. Сайып келгенде, бұл идея іске асса, жоба жұмысына 400 млн халық қатысар еді.
– Кешіріңіз, 400 млн адам арсеналын қайдан алып отырсыз?
– Қазақстан мен Орталық Азия халқы, қарадүрсін есеппен алғанда, 70-80 млн, Қытайдың батысы, Ауғанстан мен Пәкістан, Иран, Ирак, Түркия, бұлардың бәрі «Үлкен Азия» елдері. Тегі – мұсылман, тұрағы – Шығыс. Шын қызығушылық танытса, бәрі де «Түркістан идеясымен» қуана, құлшына айналысар еді. Бұл жоба үлкен аймақтың мәселесін түбегейлі шешу арқылы әлемге жаңа рухани-технологиялық даму жолымен адамзатты өркениетті дамытуға болатынын көрсете алады. Әр жобамды, осы жобадағы әр кластердің құнын құрылыс институттарымен бірге есептеп шығарып та қойдым. Мұсылман халқы бүгінде 1 млрд 300 млн, 2020 жылы 1,8 млрд адамға жетеді екен. Бұл дегеніміз – бүкіл әлем халқы санының 25 пайызы. Осы халықтың басын біріктіріп, бірлікте ұстайтын рухани тегершігі мықты идея оларға да қажет. Мен деген Еуроодақтың өзінде бар болғаны 500 млн халық тұрады.
– Түркістанды рухани орталыққа айналдыру жобасы жүзеге асса, бұл идея қазақ халқының мәртебесін көтерумен қатар, түркі жұртын, бүкіл Ислам әлемін біріктіретін бір рухани өркениетті орталыққа айналар түрі бар. Бұл мәселені тиімді шешудің тетігі қайда деп ойлайсыз?
– Әрине, дағдарыстың екінші толқыны кезінде осындай қуатты жобаны қаржыландыру туралы сұрақ тууы заңды. Экономист ретінде, мені де кез келген жобаның нарықтық тиімділігі қызықтырады. 6 кластер бойынша «құрылыстық сниппен» құрылыс институты қаржылық экономикалық есебін жасап қойғанын жоғарыда айттым. Біріншіден, заң бойынша көзделетін мемлекеттік, республикалық, жергілікті бюджет қаражаты. Қазіргі 100 млрд $-ға жеткен Ұлттық қордан келешек үшін қаражат бөлу. Екіншіден, түркі әлемінің кіндік қаласы ретінде Түркістанды қайта өркендетіп, рухани астанаға айналдыру мақсатында «Халықаралық қор» құру да бұл іске көп демеу болмақ. Үшінші, инновациялық, жаңа технологиялық жобаларға шет ел инвестициялары тартылады. Төртінші, бұл шараға Ислам елдері атсалысады деген үміт зор. Бұрын Парламент төрағасы болған, бүгінгі Қырғыз Ғылым академиясының президенті Абдығани Эркебаевпен өз ойымды бөліскенімде, ол: «бұл ғажап идея екен, егер бұл жоба қолға алынар болса, Түркістанда Манастың пантеонын салып берер едік» деп отыр. Өзбек көршілеріміз де Ұлықбек пен Ақсақ Темірдің, түркімен жұрты Қорқыттың пантеонын салып беруге әзір. «Қаржы қайдан?» деп қиналатын түгі жоқ, идеяны іліп түсіп, іске асыратын күш табылса, өз имиджі үшін күллі түркі жұрты да, өз еліміздегі облыстар да асарлата кірісіп, көмек қолын созады деп ойлаймыз. Көкшетаулықтар Абылай ханның, маңғыстаулықтар 362 әулиенің пантеон-белгітас, ескерткіштерін салуға қуана келісетін болар? Соның нәтижесінде халқымыздың тарихи белестердегі ерлік істері, ұлттық тәуелсіздігі үшін күресінің тұтас картинасы жасалады. Заңды және жеке тұлғалар да жобаны қаржыландыруға тартылады. Елімізде бай-қуатты азаматтар жетерлік, жерге қаратпас!
Егер елімізде осы жобаға қатысты саяси оң шешім қабылданса, бұл жобаны қаржыландырудың қосымша көздерін табуға болатын еді. Жалпы, жобаның құны 8 млрд доллардан асады. Әрине, әзірге жобаның жорамал есебі ғана, бұл әлі толықтырылып, нақтыланады.
– Көптің көкейінде «ЭКСПО біткен соң не жасаймыз?» деген сұрақтың бүлкілдеп тұратыны рас, сіздің идеяңыз ЭКСПО-ны сабақтастыра жалғап кететін жобаға ұқсауымен назар аудартады. Түркі елдерін жоғары деңгейдегі интеграцияға жетелейтін идеяңызды көпшіліктің қолдайтынына сенімдісіз бе?
– Жоба маған емес, ең алдымен, еліміздің келешегі үшін керек. «Түркістанды рухани астанаға айналдыру» жобасы жүзеге асқан жағдайда, бұл Еуразиялық тұтастықты қамтитын қозғаушы күштің біріне айналарына шек келтірмеймін. «Жаңа Түркістан» рухани орталық ретінде дамыса, мәдени-рухани маңызы бар дүниені қалт жібермей, қадағалап, қамқорлығына алатын БҰҰ-ның, ЮНЕСКО-ның тікелей назарында болуы тиіс. Осылайша, Қазақстан дүниежүзілік өркениетке өз үлесін қосуға зор мүмкіндік алады. Қазақстан ең бай ураны бар, ғарыш орталығы бар әл-қуаты күшті ел болса да, ол өзінің ядросыз дамитын зайырлы, бейбітшілікті сүйетін мемлекет екенін дүние жүзіне көрсете алады. Сөзімді ағылшын ғалымы әрі саясаткері Х.Маккиндердің сөзімен түйіндесем: «Еуразияны бақылаған ел – бүкіл дүниежүзін де бақылайды». Құдай осыған жеткізсін!
Халықаралық деңгейде «Жаңа Түркістан» Батыс пен Шығысты біріктіретін, арасына алтын көпір салып интеграциялайтын Ұлы Жібек жолы әлемінің әлеуеттік мүмкіндіктерін көрсететін ғасырлық рухани орталыққа айналатынына сенемін. Ең негізгісі, қазақ қауымы адамзат қоғамының толыққанды мүшесі ретінде алға қарай еркін жылжуға мол мүмкіндік алады. Шығыстың қайта оянатын кезі келді. Біз Түркістанға қайта ораламыз. Түркістанды қайта түлетіп, рухани астанаға айналдыру үшін ЭКСПО-2017 өткеннен соң осы жобаға кіріскеніміз жөн. Дәл қазір елдің бірлігін, ұлт пен ұлыстың басын қосатын, әр отбасын оятатын ұлттық идеялардың көп болғаны қажет-ақ. Шынымды айтсам, «Жаңа Түркістан» идеясына байланысты көптің пікірін білгім келеді. Жүрекжарды жобамды халықтың назарына, талқысына сала отырып, толықтырар қосымша ой-көзқарас күтетінімді де жасырмаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»